Павлодарда «Қазақстан тарихы» интерактивті ғылыми тарихи картаның таныстырылымы өтті

2019 ж. 12 қыркүйегінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл және оның ұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Павлодар облысы ҰСТ мүшелері шақырылды және университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми хатшысы Қозыбаева Махаббат ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін зерттеу  әрі таныту жолындағы институттың атқарып жатқан жұмыстарына баяндама арнады. Ол институттың этнографиялық зерттеулер шеңберінде жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы айта келе, «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картаны көпшілікке таныстырды. Ол 2017 жылдан бері Тарих және этнология институты География институтымен және Ақпараттық және есептегіш технологиялар институтымен бірге «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картаның құру, сараптамалық зерттеу, өзектіленендіру және ақпараттық қолдау жұмыстары жүргізіліп келе жатқаны туралы айтып берді. Картаның мақсаты – ежелгі қазақ жеріндегі қазақ ұлтының мемлекет құруші миссиясын есепке ала отырып, барлық ұлттардың ұйысу үрдісін көрнекі түрде көрсету. Ғылыми карта Қазақстанның полиэтникалық халқының қалыптасуы, этникалық топтардың тарихы мен мәдениеті туралы, сирек архив және статистикалық деректерге негізделген астанамыздың тарихы туралы материалдарға бай. Биылғы жылы карта тағы да 15 этносқа қатысты және VI – XIII ғғ. қазақ мемлекеттігінің этникалық негіздеріне қатысты материалдармен толықтырылады. 2020 – 2022 жж. картаны жыл сайын 10 аз санды этностар бойынша материалдармен толықтырып отыру жұмыстары жалғасып, Қазақ хандығының карталары және ҰОС бойынша архив және статистикалық мәліметтермен толықтырыла түсетіні жоспарда екені туралы айтылды.

      Сондай-ақ дөңгелек үстел жұмысында қазақ тілін зерттеу және латын әрпіне өту мәселелері (Зейнуллина А.Ф.), орыс тілінің ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастырудағы рөлі мәселелері (Капенова Ж.Ж.) көтерілді. Павлодар облыстық корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Афанасьева Раиса Самсоновна корей тілінің өзіндік ерекшеліктері туралы айтып берді. Шара соңында қатысушылар сөз алып, пікір алмасты. Дөңгелек үстелге қатысушылар университет кітапханасы ұйымдастырған тіл тақырыбына, этномәдени тақырыптарға арналған кітап көрмесін тамашалады.