Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Ұлы даланың ұлы есімдері және мыңжылдық мемлекеттілік дәстүрі» атты дөңгелек үстел


2019 ж. 13 қыркүйегінде Павлодар қаласындағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру бойынша ҚР БҒМ Ғылым комитетінің қолдауымен «Ұлы даланың ұлы есімдері және мыңжылдық мемлекеттілік дәстүрі» атты Республикалық дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастырушылар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы және Павлодар облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі. Дөңгелек үстелге Павлодар облысы ҚХА ғылыми сараптамашылар тобының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мамытова Сәуле Нәсенқызы модераторлық етті. Дөңгелек үстелге қонақ ретінде Философия ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы ПМУ философия және мәдениеттану кафедрасының профессоры, Е.Бекмаханов атындағы ғылыми-тәжірибелік зерттеу орталығының директоры Құдабаев Амантай Жетпісұлы, сонымен қатар ғалымдар мен этномәдени орталықтардың өкілдері шақырылды.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов Абылай хан мен Сұлтанмәмет сұлтан тұлғаларына тоқталып, олардың мемлекеттік қайраткер, дипломат әрі қолбасшы ретіндегі қызметтері туралы мазмұнды баяндама жасады. Осы Институттың ғылыми хатшысы, PhD докторы Қозыбаева Махаббат Мәлікқызы Елбасы тапсырмасы бойынша Институт қабырғасында орындалып жатқан «Ұлы даланың ұлы есімдері» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан істер туралы айтып өтті. Бүгінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту парк-энциклопедиясын құрудың концепциясы жасалып жатқанын айта келе, ғылыми критерийлерге негізделіп жасалған 100 ұлы есімнің тізімі бойынша ақпар беріп кетті. Институтта халыққа қолжетімді болу үшін арнайы мультимедиялық платформада «Ұлы даланың ұлы есімдері» бойынша материалдар интерактивті режимде жасақталып жатқанына ерекше тоқталды. Және бұл галереяны дайындауға көптеген архив құжаттары мен фотоматериалдарды кең қолданғаны туралы, Платформаның тұсаукесері биылғы жылдың қараша айына жоспарланып отырғаны туралы өте қызықты баяндама жасады. Ал Институттың аға ғылыми қызметкері, PhD докторант Арепова Анар Дүйсенбайқызы өз баяндамасын Мұхаммед Хайдар Дулати тұлғасының ортағасырлық Қазақстан тарихындағы орнына арнап, оның «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасындағы тұлғалар тізіміне кіргізуді ғылыми негіздеп берді. Философия ғылымдарының кандидаты Құдабаев Амантай Жетпісұлы Әлкей Хақанұлы Марғұланның өміріндегі маңызды кезеңдері туралы мазмұнды баяндама жасады.

Дөңгелек үстелге қатысқан қонақтар бұл жобаның Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудегі маңызы туралы өз пікірлерін айтып, дөңгелек үстелдің жоғары деңгейде өткеніне алғыстарын жаудырды. Дөңгелек үстел соңында қарар қабылданды. Онда «Ұлы даланың ұлы есімдерін» ұлықтауға қатысты бірқатар ұсыныстар ұсынылды.