Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ұлы даланың жеті қыры және рухани жаңғырудың зерттелу мәселелері


2019 жылы 3 қазанда Институтта кезекті методологиялық семинар өтті. Семинар жұмысын модератор, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева кіріспе сөзімен ашты. Семинар «Ұлы даланың жеті қыры және рухани жаңғырудың зерттелу мәселелері» тақырыбына арналды. Баяндамашы т.ғ.к. Ә. Дәулетхан аталған тақырыпта  «рухани жаңғыру», «ұлы даланың жеті қыры» ұғымдарын қалай түсінетінін, қалай қабылдайтынын атап өтті. Сондай-ақ, өзінің зерттеулерінде осы мәселеге сәйкес қандай жұмыстар атқарғандығы туралы есеп беру тұрғысында тоқталды.

Ә. Дәулетхан тарихшы ретінде ұстанған қағидалары мен әдіс-тәсілдеріне төменгілерді жатқызды:

1. Ұлттық-мемлекеттік мүдде Алаштық тұтас түркілік, исламдық құндылықтарға адалдық, тарихты осы негізде қарастыру;

2. Қазақ тарихын зерттеуде державалардың, отаршыл империялардың мүддесі тұрғысынан бұрмаланған тұстарын батыл сын легінен өткізуге тәуекел ету;

3. Тарихшы болудың алдыңғы шарты ретінде әлемдік тілдерді (шағатай, көне түрік, араб-парсы, қытай және т.б.) меңгеріп, зерттеу жұмыстарында қолдана алудың негізін айтты.

Ғалым өз ойын қорыта келе, рухани жаңғыру – ұлттың өзін-өзі тануы дей келе, қандай тарихи оқиғалар өткендігін, бүгінгі күнге қалай жеткендігі жайлы, ұлттың тарихи шежіресінің сарапқа түсу керектігін, осы тұрғыда тарихшылардың қол жеткізген табыстары, адамзат өркениетінің қосқан үлестері қандай, кемшіліктері неден болды, бір сөзбен айтқанда жеткен жетістіктер мен жіберген қателіктерді қайталамаудың маңыздылығын атап өтті.

Семинарға Философия, саясаттану және дінтану институтының ғалымы С. Бейсбаев, М. Тынышбаев атындағы ҚазҚҚА университетінің профессоры, т.ғ.к. А.С. Абдирайымова қонақ ретінде қатысты.

Семинар соңында институттың ғылыми қызметкерлері сұрақтар қойып, өзара пікір алмастырылды.