«Ұлы Даланың ұлы есімдері: жастарды патриоттық тәрбиелеудің ғылыми-теориялық және зерттеу мәтініндегі практикалық қырлары» атты жас тарихшы ғалымдардың VІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

2019 жылы 28 қарашасында  Алматы қ. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлы Даланың ұлы есімдері: жастарды патриоттық тәрбиелеудің ғылыми-теориялық және зерттеу мәтініндегі практикалық қырлары» атты жас тарихшы ғалымдардың VІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты қазіргі заманғы тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, оның ішінде ғылыми зерттеулердің тұлғатану бағытын дамыту, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша нәтижелерін көпшілікке тарату, өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беру болды.

Конференция жұмысына Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің Жас ғалымдар кеңестерінен делегациялар, отандық ұйымдары – ҚР Президентінің Архиві, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен ққ. ҒЗИ, сонымен қатар қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, докторанттар мен магистранттар қатысты. Іс-шара аясында «Е. Бекмаханов атындағы сыйлық» атты республикалық байқаудың қорытындысы шығарылды, оған 18 жұмыс қатысты, комиссия шешімімен 4 үздік жұмыс деп таңдалып, 300, 150, 75 мың теңге ақшалай сыйлықтарға ие болды, демеуші ретінде «Tugurul han-on han» корпоративтік қоры болды. Сонымен қатар, «Үздік жас тарихшы» атағының қорытындысы шығарылды – Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің ғылыми қызметкері Б.Б. Бұрханов жеңімпаз атанды.

Пленарлық және секциялық отырыстар өткізілді, онда 35 ғылыми баяндама тыңдалды, көлемі 25 п. б. материалдар жинағы шығарылды, онда 100-ден астам ғылыми мақалалар жарияланды. Бұл іс-шара республикалық БАҚ беттерінде («Қазақстан» телеканалы және т.б.) жарық көрді. Конференция соңында қонақтар үшін мәдени бағдарлама ұйымдастырылды («Ғылым ордасы» РМК музейлеріне, ҚР Орталық мемлекеттік музейіне экскурсиялар, сонымен қатар Көк-төбе қаласына сапар).