«Академик Ақай Нүсіпбеков және Ұлы Дала тарихының зерттелуі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

2019 ж. 5 желтоқсанда Институтта көрнекті ғалым, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақай Нүсіпбекұлы Нүсіпбековке арналған жыл сайынғы дәстүрлі «VІІ Нүсіпбеков оқуларының» аясында «Академик Ақай Нүсіпбеков және Ұлы Дала тарихының зерттелуі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. 1946 жылдан бастау алған А. Нүсіпбековтің белсенді және сан-салалы ғылыми-ұйымдастырушылық және ғылыми-шығармашылық қызметі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында өтті. Конференция жұмысының негізгі бағыттары: академик А.Н. Нүсіпбековтің зерттеулеріндегі қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыс тарихы (ХVІІІ-ХІХ ғ.); ХХ ғасырдағы ұлттық-мемлекеттік құрылыс тарихының мәселелері; кеңес дәуіріндегі Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының мәселелері; екінші дүниежүзілік соғыс және Қазақстан: тарихи және тарихнамалық мәселелер.

Іс-шараның модераторы Институт директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов болды. Конференция жұмысында әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің профессорлары Т.О. Омарбеков, Т. Төлебаев, Тарих, археология және этнология факультетінің деканы М.С. Ноғайбаева, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Х.М. Әбжанов, белгілі ғалым Б.Е. Көмеков, Абай ат. Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Ш.Б. Тлеубаев, сонымен қатар институттың жетекші ғылыми қызметкерлері С.Қ. Шілдебай, Ф.М. Шамшиденова, З.М. Төленова және т.б. баяндама жасады.