«Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасы

Ғасырлар бойы қазақтардың тарихи жерінде көптеген халықтардың тағдыры – түрлі мәдениеттер, діндер және дәстүрлер тоғысып жатты. Нәтижесінде қазақтармен бірге 100 аса этнос пен 40 конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүріп жатқан қазіргі ерекше жағдайы орын алып отыр.

Бүгінде, Қазақстанда әлемдік қоғамдастықта жоғары бағаға ие болған этносаралық келісімнің өзіндік моделі орнықты. Мемлекетіміздің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ұлттық психологиясы, мәдениеті, менталитеті әр түрлі халықтардың қарым-қатынасы бір-бірімен тату-тәтті тұруға, тиімді байланыстар орнатуға, достық пен рухани жақындыққа ұласып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тапсырыс бойынша Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қазақстан халқы интерактивті ғылыми тарихи картасын талдамалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты: этникааралық келісімнің өзекті мәселелерін, қазақ халқы толеранттылығының тарихи қырларын, ҚР этностарының тарихы мен қазіргі заманғы жағдайын талқылау, Қазақстанның ғылыми интерактивті картасын танымал ету, өскелең ұрпаққа Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастар үлгісінде патриоттық және адамгершілік тәрбие беру.

Институт қызметкерлері биылғы жылы Жобаны жүзеге асыру барысында осы мультимедиялық интерактивті картаға монғолдар, адыгтер, литвалықтар, эстондар, тува, бурят және алтайлықтар туралы деректік мәліметтер қосуды әзірлеуде. Бұл қоғамдық келісім мен этносаралық қатынасты нығайтуға деген айшықты қадам болмақ.

http://map.assembly.kz/main/home