«Күнделікті сталинизмді зерттеудің әдіснамалық тәсілдері: сталиндік шаруалар» атты Республикалық дөңгелек үстел

2020 ж. 17 қыркүйекте Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының Жас ғалымдар кеңесі «Соғыстан кейінгі онжылдықтағы Қазақстанның шаруалары: әлеуметтік трансформация және күнделікті өмір» жобасын жүзеге асыру аясында «Күнделікті сталинизмді зерттеудің әдіснамалық тәсілдері: сталиндік шаруалар» атты Республикалық дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымының әлеуметтік-экономикалық трансформациясы контекстінде 1920-1950 жылдардағы Қазақстандағы шаруалардың күнделікті өмірін зерттеудегі ғылыми тәсілдерді анықтау.

Дөңгелек үстел отырысында Қазақстандағы шаруаларды зерттеудің жаңа теориялық-әдіснамалық тәсілдері; дереккөздердің түрлері және кеңестік шаруалардың күнделікті өмірінің тарихы бойынша деректану мәселелері; сталинизм кезеңіндегі шаруалар тарихы бойынша отандық және шетелдік тарихнама мәселелері талқыланды.

Құттықтау сөзбен Институт директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов және ҚР БҒМ ҒҚ Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Е.А. Әбіл дөңгелек үстелді бастады. Іс-шараның модераторы ретінде Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Б. Құдайбергенұлы болды.

Жоба жетекшісі, Институттың ғалым хатшысы, PhD М.М. Қозыбаева өз баяндамасында сталинизм дәуіріндегі шаруалардың күнделікті өмірін зерттеудің әдіснамасы мен деректерінің негізгі мәселелеріне тоқталып, соғыстан кейінгі жылдар (немесе сталинизмнің аяғы) тоталитарлық режимнің одан әрі қысымымен ерекшеленетіндігін атап өтті. Институттың Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі М.Ш. Қалыбекова шаруаларды КСРО-дағы репрессиялық саясат тұрғысынан зерттеудің әдіснамалық мәселелерін анықтады. Кеңестік шаруаларды ағылшын-американ тарихнамасында зерттеу мәселелерін Е.А. Бөкетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, т.ғ.к. Қ.Қ. Әбдрахманова айқындады. Кеңестік Қазақстандағы ауылдық күнделікті өмірдің ерекшеліктерін Институттың ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. С.Ә. Асанова атап өтті. Павлодар облысының мысалында соғыстан кейінгі кезеңдегі ауылдың күнделікті өміріндегі діннің орны туралы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми сарапшысы, PhD А.Д. Әзербаев баяндады. Институттың тарихи демография және Қазақстан халқы ассамблеясы бөлімінің меңгерушісі, PhD Т.Ә. Әпендиев баяндамасын соғыстан кейінгі онжылдықтағы Қазақстандағы демографиялық процестердің ерекшеліктеріне арнады. Кейінгі сталиндік кезеңінің кеңестік шаруалардың өміріндегі жеке қосалқы шаруашылықтың рөлі туралы Абай ат. ҚазҰПУ оқытушысы Е.Ә. Жалмағамбетов баяндады. Күнделікті өмірдің тарихын, оның ішінде ауызша тарихты зерттеуде сапалы әдістерді әлемдік тәжірибеде қолдану мәселелеріне Институттың Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің ғылыми қызметкері Ә. Болатхан назар аударды, ал соғыстан кейінгі кезеңдегі шаруалар тарихының мәселелеріне Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ PhD докторанты Е.М. Күркеев тоқталды.

Іс-шара барысындағы пікірталаста Институттың дүниежүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Г.К. Көкебаева, ҚР БҒМ ҒҚ Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Е.Қ. Нұрпейісов, М. Қозыбаев ат. СҚМУ доценті Л.А. Гривенная өз ойларын білдірді. Спикерлер тарихи идеяларды қалыптастыруда және әдістемелік құралдарды іріктеуде шетелдік тарихнаманы сыни тұрғыдан талдаудың қажеттілігін атап өтті. Қазіргі отандық тарихнамада аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, іс-шара қорытындысы бойынша дөңгелек үстел материалдарының жинағын басып шығару, сонымен қатар шаруалардың кеңестік күнделікті өмірін зерттеуге бағытталған отандық және шетелдік тәжірибені зерттеуді және жинақтауды жалғастыру ұсынылды.