Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен меморандум

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., доцент Ә.Қ. Шашаев және ЖҒҚ т.ғ.к., ассс. профессор А.С. Уалтаева «Қазақстан халқы «интерактивті ғылыми тарихи картасын «аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» мемлекеттік тапсырмасы бойынша ғылыми іс-сапар аясында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Ыдырысов Саламат Нұрмұханұлымен кездесті. Университет Атырау облысының көпсалалы жоғары оқу орны болып табылады. Онда 10 мыңнан астам студент 50-ден астам мамандық бойынша білім алады, 6 факультет толыққанды жұмыс істейді. Болашақ мамандарға сапалы білім бергені үшін Атырау мемлекеттік университеті Қазақстанның үздік алты жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Гуманитарлық ғылым және өнер факультетінде 7 тарих ғылымдарының докторы мен 7 кандидаты ғылыми-педагогикалық қызметпен белсенді айналысады.

Институт пен университет арасында ғылыми және интеллектуалды ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Кездесуде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде институт филиалын ашу туралы мәселе де көтерілді, бұл идеяны ректор С.Н. Ыдырысов қолдады.

Меморандум аясында тараптар гранттық қаржыландыру байқауларына қатысу, Атырау облысының тарихы бойынша тарихи энциклопедия дайындау, Университеттің 70 жылдық тарихы мен Институттың 75 жылдық тарихын өткізу және позициялау бойынша бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты.