Көрнекті тарихшы-ғалым М.-А.Х. Асылбеков – 80 жаста

Қазақстанның көрнекті ғалымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков 1929 жылы қаңтардың 15 жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызыл-Құм ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген.

Отан қорғау жолында әкесі майданда қаза тапқаннан кейін буыны бекімеген жас Мәлік-Айдар үлкен отбасының міндетін, ауыртпалықтарын атқарып, соғыс және соғыстан кейінгі алғашқы жылдардың қиыншылықтарын бастан кешіреді, 1945 жылы орта мектепті, ал 1948 жылы Шымкент мұғалімдер институтын да, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін де үздік дипломмен оқып бітіреді. Еліміздің бас жоғары оқу орнында өткізген жылдарында жас ғалымның өзіндік шығармашылық ерекшелігінің қалыптасуына Е.Б. Бекмаханов, Б.С. Сүлейменов, С.Н. Покровский, Н.К. Киікбаев, Я.Д. Серовайский, И.З. Чумак, В.Ф. Шахматов секілді т.б. көрнекті тарихшы-ғалымдар зор ықпал етті. Оқудың соңғы екі жылында ол Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер міндетін қоса атқарды.

Аспирантураға ұсынылғанына қарамастан, отбасындағы жағдайына байланысты оған әке шаңырағына қайтуына тура келді. Мәлік-Айдар Хантемірұлы өзінің еңбек жолын ауыл мұғалімі қызметінен бастайды. Көп кешікпей-ақ оның ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, оған орта мектепке жетекшілік ету сеніп тапсырылады, кейінірек ол Қызылқұм аудандық оқу бөлімін басқарады.

1958 жылы Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков А.Н. Нүсіпбеков, Б.С. Сүлейменов, Г.Ф. Дахшлейгер және т.б. аға буын тарихшы-ұстаздарының шақыруымен Алматыға көшіп келіп, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер лауазымына жұмысқа тұрады. Осы уақыттан бастап оның өмірі академиялық ғылыммен үздіксіз байланыста келеді.

1960 жылы жарық көрген “Патша өкіметіне қарсы қазақ тіліндегі үндеу-өлең туралы (1905 ж.) ” атты өзінің алғашқы ғылыми мақаласын М.-А.Х. Асылбеков Қазақстанның Ресей империясы езгісіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысына арнағанын ерекше атап өткен жөн. Мақала дерегінің Омбы мемлекеттік мұрағатынан алғаш табылған және автор жариялаған өте сирек мәліметтерге сүйеніп, Қарқаралыдан шыққан омбылық телеграфист Мұхамед-Мақсұт Хамидуллин-Бекметовтің жергілікті халық арасында кең таралған араб графикасымен емес, конспирация мақсатында латын әріптерімен жазылған қазақ тіліндегі үндеу өлеңі негізінде жазылған еді. Алайда мұндай конспирация оны тінтумен, Далалық аймақтан жер аударылуымен аяқталған тұтқындаудан сақтап қала алмады. Патша әскерлерінің Жапониямен соғыста жеңілісін және жергілікті еңбекші бұқараның ауыр халін әшкерелеген бұл өлең халықты отарлық езгіге қарсы белсенді қимылдарға шақырады.

М.-А.Х. Асылбековтың ғылыми өміріндегі белесті кезеңі–1963 жылы “ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан темір жолдарында жұмысшы кадрларының қалыптасуы” атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны үлкен жетістікпен қорғауы еді. Жас ғалымның ғылыми жетекшісі кеңінен танымал қазақстандық ғалым, ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі Г.Ф. Дахшлейгер болды. Қорғау кезіндегі ресми оппоненттер- ҚазКСР ҒА вице-президенті, Қазақстандағы ірі ғалым және ғылымның ұйымдастырушысы, академик А.Н. Нүсіпбеков пен танымал тарихшылар И.Г. Пичугин және Х.Х. Хабиев, сонымен қатар ресми емес оппоненттер ретінде сөз сөйлеген Е.Б. Бекмаханов, Б.С. Сүлейменов, М.Қ. Қозыбаев және т.б. бұл күрделі проблеманы зерттеудегі ғалымның өзіндік пайымдауы мен Ресейдегі, Өзбекстандағы және Қазақстандағы мұрағаттардың түпнұсқалық құжаттары мен материалдарын кеңінен пайдалануын ерекше атап көрсетті.

Жас ғалымның белсенді қызметі көзге түсіп, 1963 жылы Қаз КСР ҒА-ның Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғылыми хатшы қызметіне шақырылды. Бұл қызметте академиктер: ҚазКСР ҒА вице-президенті С.Б. Бәйішевтің, Бөлімнің академик-хатшысы М.С. Сильченконың және оның орынбасары С.К. Кеңесбаевтың басшылықтарымен жұмыс істеуі оның ғылыми шығармашылық деңгейінің өсуіне зор ықпал етті. Ғалым ҚазКСР ҒА Президиумы аппаратындағы әкімшілік жұмысты ғылыми-зерттеу ісімен табысты ұштастырды. 60-жылдардың ортасында оның «Қазақстан теміржолшылары бірінші орыс революциясы жылдарында (1905-1907 жж.)ң (Алматы, 1965, 10 б.т.) деген тұңғыш көлемді, өте тартымды әрі мазмұнды монографиялық зерттеуі жарық көрді. Бұл еңбекте және басқа да көптеген ғылыми мақалаларында Ресей империясының отары- Қазақстанның Х1Х ғ аяғы-ХХ ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының өзекті мәселелері тыңғылықты зерттелді. Сібір, Рязань-Орал, әсіресе Орынбор-Ташкент, сондай-ақ Алтай, Жетісу және т.б. темір жолдардың, сонымен бірге Екібастұз, Ленгір және т.б. жергілікті өндірістік маңызы бар тармақтардың құрылысы мен пайдалануға берілуі Қазақстанды Ресейдің капиталистік өнеркәсібінің шикізат шылауы мен тоуар өткізетін рыногына айналдырды, оның тек тереңдеп қана емес, сонымен бірге отарлық шеткері аймақтарға кеңінен енуін де қамтамасыз етті. Өлкедегі теміржолдардың жүк тасымалын (шеттен әкелуі мен шетке шығаруын) талдау нәтижесінде тау-кен өндірісі мен ауылшаруашылығы шикізатын өңдеу кәсіпорындарының, тоуарлы мал шаруашылығының және шөп шабудың, қала тұрғындарының, сауда және т.б. өсуі, осы теміржолға жақын аймақтардың дамуына әсер еткен.

Кітапта Қазақстан темір жолдарында жұмысшы кадрларының қалыптасу процесі, әсіресе оны толықтырудың әлеуметтік көздері, құрамы, саны және әлеуметтік белсенділігі кеңінен пайымдалған. Автор жергілікті тұрғындар мен келімсектердің көптеген әлеуметтік топтарының темір жол құрылысшылары мен темір жолдың өзінде істейтін жұмысшылары қатарын толықтырып отырғанын өте нақты дәлелдеген. Бұлар Ресейдің орталық губернияларындағы жолдардан келген маманданған жұмысшылар, әскерден босатылған төменгі шендегілер, кедейленген қонысаударушы-шаруалар, қала кедейлері, қолөнершілер, сонымен қатар маусымдық табыс табуға шығатын қазақ шаруалары және т.б. еді. Монографияда Сібір магистралы, Орынбор, Ташкент, Жетісу темір жолдары, сонымен қатар Екібастұз және т.б. өнеркәсіпті-өндірісті тармақтарда қазақтардың кең көлемде құрылыс жұмыстарына араласқандығын көрсететін құнды фактілер бар. Қазақстан теміржолшыларының 1905-1907 ж.ж. 5-6 мың адамнан 1917 ж. 30 мыңға дейін өсу жолының динамикасы ең алғаш рет көрсетіліп, олардың категориялары (тұрақты, күнделікті және т.б.) мен жағдай ерекшеліктері, ұлттық құрамы талданған. Патша әкімшілігі “бұратаналарды” теміржол транспортына, әсіресе поездардың қозғалысына байланысты жұмыстарға жолатпады, қазақтар құрылыс және жөндеу жұмыстарына кең көлемде қатысқанымен, ресми шектеушілік және мамандығы мен техникалық дағдысының жеткіліксіздігі нәтижесінде, 1917 ж. темір жолшылар қатарында 20%-дай ғана болды. Орынбор, Петропавл, Орал, Перовск және т.б. айтарлықтай ірі шеберханалар мен деполары бар станцияларда маманданған жұмысшылардың шоғырлануы, ал олардың араларында негізінен Ресейдің орталық теміржолдарынан шыққан, көп жағдайда жұмысшылардың толқуларына қатысқаны үшін қудаланғандықтан көшіп келгендер көп еді, олардың елдің орталық және т.б. аудандарымен байланыстары, теміржол телеграфының тәуліктік жұмысы және поездардың үздіксіз қозғалысы, басқа да әлеуметтік-саяси факторлар теміржолшыларды Қазақстандағы революциялық қозғалыстың алдыңғы қатарына шығарды.

М.-А.Х. Асылбековтың монографиясы мен басқа да көптеген еңбектерінде Қазақстан теміржолшыларының 1905-1907 ж.ж. бірінші орыс революциясына, сонымен қатар Ақпан және Қазан революцияларына белсенді қатысуы бүкілресейлік оқиғалармен тығыз байланыста қаралған; теміржолшылардың ереуілдеріне көп көңіл бөлінген; сондай-ақ кәсіподақ, РСДРП-ның жергілікті топтары мен ұйымдары және басқа партиялар мен қозғалыстардың да қызметтері зерттелген. Перовск, Петропавл, Орал және басқа да станциялардағы теміржол комитеттерінің 1905-1907 ж.ж. революция кезеңінде жағдайы мен орны баса көрсетілген, ал олар жаңа революциялық биліктің бастамасы болған Жұмысшы депутаттарының кеңестерімен деңгейлес еді. М.-А.Х. Асылбековтың бұл монографиясының өте құндылығы онда алғаш рет бұған дейін назар аударылмаған ХІХ ғ. аяғы-ХХ ғ. басында Қазақстан темір жолдарында жұмысшы мамандардың қалыптасу процесі жан-жақты зерттелген, сол кезеңдегі өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы жағдайы мен орны анықталған. Кітап Республика мен одан тысқары аймақтардың ғылыми қауымының жоғары бағасын иеленді, оның куәсі “Казахстанская правда“ (1966, 18 октябрь) газетіндегі Е. Ділмұхамедов пен В. Басиннің “Алғашқы қадам”, “Ленинское знамя” (1966, 3 декабрь) газетіндегі Н.Э. Александровтың “Үлкен жолдың кезеңдері”, “Путь Ленина” (1966, 22 ноябрь) газетіндегі Н. Ивановтың “Жаңа кітаптар”   және т.б. рецензиялар.

М.-А.Х. Асылбеков Қазақстанның индустриялық дамуы және жұмысшы табы тарихына байланысты Кеңес Одағының көрнекті мемлекеттік және қоғамдық- саяси қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеді. 1969 ж., яғни бұдан 30 жыл бұрын, 1930-шы жж. саяси қуғынның құрбандарының мәселесін баяндауда шектеушілік бар уақытта, М.-А.Х. Асылбеков академик А.Н. Нүсіпбековтың қолдауымен “РКФСР ХКК жанындағы Түркістан-Сібір темір жолын салуға Жәрдемдесу комитетінің қызметі туралы” (ҚазКСР ҒА Хабаршысы, қоғамдық ғылымдар сериясы, 1969, N 6) ғылыми мақала жариялады. Түрксіб құрылысына Жәрдемдесу комитетінің басында тұрған Т. Рысқұловтың қызметі М.-А.Х. Асылбековтың басқа да еңбектерінде баяндалды, сонымен қатар Т. Рысқұловтың үш томдық Шығармалар жинағына да (1997-1998 жж. Алматы қаласында жарық көрді) редколлегия мүшесі және құрастырушылардың бірі болды.

М.-А.Х. Асылбековтың алғашқы еңбектерінің өзінде-ақ ғылыми және зерттеу әдістеріне тән негізгі бағыттары анықталды: Кеңестік тарихи мектебінің ең жақсы дәстүрлерінің рухындағы кең ауқымдылық және прагматизм, құбылыстарды терең талдау, кең ауқымды деректерді алаламай әрі объективті пайдалану.

1968 жылы М.-А.Х. Асылбеков әкімшілік жұмысты қалдырып, өз қызметін тарих ғылымына толықтай арнайды. Алғашында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында аға ғылыми қызметкер, ал 1980 жылдан бері бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Ұзақ әрі тынымсыз еңбектің нәтижесінде “Қазақстан теміржолшы кадрларының қалыптасуы және дамуы (1917-1970 ж.ж)” монографиясы 1973 ж. Алматыда жарық көрді, бұл еңбекте тұңғыш рет Республика жұмысшы табы мен инженер-техникалық интеллигенциясының бірден-бір ірі әрі алдыңғы қатарлы тобының кеңес дәуіріндегі жарты ғасырдан астам тарихи жолы кешенді түрде зерттелді. Бұл еңбек Москва, Алматы, Астана, Ташкент және Орынбор мұрағаттарындағы жаңа мұрағаттық құжаттар мен материалдар негізінде жазылды. Монографияда теміржолшылардың Қазақстанның экономикалық потенциалының өсуіне қосқан үлесі бұлтартпайтындай нақты көрсетілген, әсіресе фашистік Германия мен милитаристік Жапонияға қарсы Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысының каһарлы жылдарында және соғыстан кейінгі кезең. Онда қазақ ауылдарынан шығып, ірі өндіріс басшылары мен еңбек озаттары болған республиканың атақты теміржолшылары туралы қызғылықты фактілер мен тұжырымдамалар бар.

М.-А.Х. Асылбековтың кеңес заманындағы Қазақстанның индустриялық дамуы мен жұмысшы табының тарихы бойынша аз зерттелген проблемасына арналған бұл монографиясын бұрынғы КСРО-ның ғылыми қауымы жоғары бағалады. М.Қ. Қозыбаевтың, Т.Б. Балақаевтың, Р.Б. Сүлейменовтің, Л.И. Киселеваның, К. Нүрпейісовтың, Н.Г. Пан мен Г.В. Виноградовтың, Ю.И. Романовтың және көптеген басқа да ғалымдардың (қараңыз: “История СССР”, 1974, N 3; “Қазақстан коммунисі” 1974, N 5; “Социалистік Қазақстан”, 1974, 22 май; “Казахстанская правда”, 1974, июнь; “Народное хозяйство Казахстана”, 1974, N 6; “Гудок”, 1974, 13 январь және 21 февраль) рецензияларында Қазақстан жұмысшы табының ірі тобы- теміржолшылардың тарихи ұзақ уақытқа созылған күрделі де және көп қырлы қалыптасу процесін шынайы, объективті жағдайда тұжырымдағаны, оны пайымдауда өте бай деректік базаны ұтымды да және нақты пайдаланғаны көрсетілген. Бұл еңбектің жаңашылдығы, қаралып жатқан проблеманы сын көзбен талдау ерекшелігі де атап көрсетілген.

М.-А.Х. Асылбеков бұл проблема бойынша көптеген мақалалар жариялады, 1972 жылы сәуірде Донецк қаласында өткен “ КСРО-ның жұмысшы табы және индустриялық дамуы” атты Бүкілодақтық ғылыми конференцияда “Қазақстандағы социалистік индустрияландырудың кейбір ерекшеліктері” деген тақырыпта баяндама жасады.

Қарқынды ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде 1974 жылы “Қазақстан теміржолшы кадрларының қалыптасуы және дамуы (1917-1970 жж.)” атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл докторлық диссертация республиканың ғылыми өмірінде айтарлықтай оқиға болды. Ізденушінің ғылыми кеңесшісі кең ауқымды ғалым А.Н. Нүсіпбеков, ресми оппоненттері-белгілі кеңес ғалымы т.ғ.д. Г.А. Куманев, қазақстандық жоғары дәрежелі зерттеушілер А.Р. Ахметов, Н.Н. Даулбаев болды. Ресми емес оппоненттер сапында Қазақстан мен бұрынғы КСРО-ға белгілі ғалымдар Л.С. Рогачевская, И.П. Остапенко, С.Н. Покровский, П.Г. Галузо, Н.К. Киікбаев, М.Қ. Қозыбаев және де республикаға белгілі теміржолшы, атап айтсақ Түрксібтің бұрынғы басшысы Ж. Омаров шығып сөз сөйлеп, өз пікірлерін айтты. Олардың барлығы қорғауға ұсынылған диссертацияны жоғары бағалап, жақсы пікірлер айтты.

М.-А.Х. Асылбековтың С.Б. Нұрмұхамедов және Н.Г. Панмен бірлесе жазған “Қазақстанның жұмысшы табының индустриялық кадрларының өсуі (1946-1965 жж.)”, Алматыда 1976 жылы жарық көрген үшінші монографиясы ғылыми қауымда да өте жақсы қабылданды. Бұл алғашқы жинақталып қорытылған еңбек еді, онда соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықтарда жұмысшы табының дамуы негізгі проблемасы жан-жақты әрі кешенді талданған еді. Монографияда жұмысшыларды толықтырудың көздері мен формалары, олардың мәдени-техникалық деңгейінің өсуі, маман даярлаудың әртүрлі жолдары мен формалары, еңбек және тұрмыс жағдайлары, материалдық тұрмыс жағдайының проблемаларының өзекті мәселелері зерттелді. Мол деректік база, сын көзбен талдау және қорыту, қаралған мәселенің айқындылығы, тарих ғылымның соңғы жылдардағы методологиялық жетістіктерін тиімді пайдалану кейбір даулы, дискуссиялы мәселелерді дұрыс ашып көрсетуге көмегін тигізіп, оқиғалар мен фактілерді дұрыс бағалауға мүмкіндік берді. Жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуының жалпы заңдылықтарын зерттеумен қатар, бұл алғашқы арнаулы зерттеуде республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан туындаған оның көздері мен жолдары арнаулы ерекшеліктері дұрыс көрсетіледі. Еңбекте тұңғыш рет жұмысшылардың дамуының басты факторларының бірі- демографиялық және ұлттық құрамы, кәсібі-еңбек стажы және т.б. кешенді түрде қаралды. Ұлттық кадрлардың өсу проблемасына аса назар аударылды.

Қазақстан ғалымдары қызметінің қорытылған іргелі зерттелген еңбектерінің нәтижесі ретінде Алматыда шыққан “Кеңестік Қазақстанның жұмысшы табы тарихы” 1987 ж., І том, 1988 ж. ІІ томдарын айта аламыз. Бұрынғы КСРО-да осы дәрежелі зерттеулер ішінде бай деректік негізінде жазылған ауқымды еңбектің алғашқы Бас редакторы академик А. Нүсіпбеков болы. 1983 жылдан, ол қайтыс болғаннан кейін, еңбекті баспаға даярлаудың бар ауыртпалығы бас редактордың орынбасары, алғашқы екі томның жауапты редакторы болған М.-А.Х. Асылбековке жүктелді және де ол бұл көлемді еңбектің негізгі авторларының бірі болды.

М.-А.Х. Асылбеков басқарған Бөлім, КСРО Ғылым академиясының КСРО тарихы институтымен бірлесе отырып, 1988 ж. Алматыда “КСРО-ның индустрияландыруы мен индустриялық дамуы тарихының өзекті проблемалары” атты Бүкілодақтық ғылыми конференция өткізді. Бұл конференцияны Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары болған М.-А.Х. Асылбеков “Орта Азия республикалары мен Қазақстанның социалистік индустриаландыру тәжірибесі: заңдылықтары мен ерекшеліктері” деген баяндама (К.А. Акилов және С.Б. Нұрмұхамедовпен бірге) жасады.

80-жылдардың екінші жартысынан бастап ғалымның басты ғылыми шығармашылығы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына арналды. М.-А.Х. Асылбеков пен Ә.Б. Ғалиевтің “Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық процестер (1917-1980 жж.)” (Алматы, 1991) монографисы қоғамдық ғылымдардың Кеңес заманында қатты идеологиялық тегеурінде болған саласы- тарихи демографияда нағыз қарқынды бетбұрыс әкелгенін еш әсірелемей-ақ айтуға болады. Бұл еңбекте Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық дамуы ұзақ тарихи кезеңге созылған елдегі кең көлемді әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер негізінде алғаш рет біртұтас және жан-жақты қарастырылған. Республикадағы әлеуметтік-демографиялық дамудың басты факторлары мен бағыттарына кешінді көзқарас авторлардың бұл процестің болашақтағы дамуына ғылыми-тұжырымдамалық болжамдар жасатты.   Тұтастай алғанда, бұл зерттеу жұмысы жаңа методологиялық деңгейде тарихи демография проблемаларын айшықтауды нақтылады, оны шешудің жолдарын да көрсетті.

Осы зерттеудің жалғасы ретінде өзекті, әрі кезек күттірмейтін, терең зерттеуді қажет ететін М-А.Х. Асылбеков пен В.В. Козинаның 1995 ж. “Қазіргі Қазақстанның демографиялық процестері” атты монографиясын айтуға болады. Бұл еңбекте Қазақстан халқының өсіп-өнуі проблемасы экология және денсаулық сақтау проблемасымен тығыз байланыста қарастырылған. Зерттеуде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының демографиялық процестерге ықпалы талданған, ал бұл ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс жағдайында тәжірибелік маңызы өте зор мәселе.

Қазақстанның индустриялық, әлеуметтік-демографиялық және саяси дамуының өзекті проблемаларын ірі ғалым тарихнама проблемаларымен тығыз байланыста үлкен көңіл бөлген. Атап айтқанда, тек қана соңғы жылдары көптеген мақалалар жариялады, онда Қазақстан және кеңес ғалымдарының отандық тарихтың өзекті проблемасына айналған тарихнама саласына концептуальды тұрғыдан тұжырымдамалық үлкен үлес қосқан мына мақалаларды айтуға болады: “Қазақстандағы тарихи-демографиялық зерттеулер: дәстүрлер, қазіргі жағдайы, перспективасы” (“Отан тарихы”, 1999, N 1, “Қазақстанның индустриялық дамуы және жұмысшы табы тарихын концептуалды түрде тұжырымдау проблемасы туралы” (ҚР ҰҒА хабаршысы, 1993, N 4) және т.б.

М.-А.Х. Асылбеков өзінің ұстаздары, Қазақстанның көрнекті ғалымдары- тарихшылардың аға буын өкілдері еңбегіне зор құрметпен қарап, соңғы жылдары академик А.Н. Нүсіпбековтың, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Б.С. Сүлейменовтың, тарих ғылымының докторы П.Г. Галузоның бай шығармашылық және ғылыми мұраларын зерттеу мен пайымдап қорытындылауда көп еңбек етуде. Олардың монографиясына (1967 ж.) рецензия мен мерейтойға арналған (1982 ж.) мақалалардан бастаған ол, өмірі мен ғылыми мұрасын терең зерттеуге ұластырады. Оның тікелей араласуымен және басшылығымен А.Н. Нүсіпбековтың “Қазақстан тарихының мәселелері” (Алматы, 1989, 19,2 б.т.) таңдамалылар жинағы және оның еңбектерінің биобиблиографиясы (Алматы, 1989, 2,6 б.т.) баспадан шықты. Академиктің ғылыми және қоғамдық қызметі туралы Кіріспе және Қысқа очерктен басқа, “Егеменді Қазақстан” (1996, 5 маусым) газетінде “Айтулы Ақаң еді”, “Қазақстан тарихы” (1997, N 2) журналында “Тарихшы- академик” атты мақалалары жарияланды. М.-А.Х. Асылбеков көптеген ірі талдаулы-сараптамалық мақалаларды Б.С. Сүлейменовке арнады, атап айтқанда 1998 ж. N 12 “Саясат”, 1999 ж. N 1 “Қазақстан тарихы” журналында, “Егемен Қазақстан” және т.б. газеттерде жарияланды. Сонымен қатар Б.С. Сүлейменовтың өмірі мен ғылыми шығармашылық қызметі туралы “Қазақ тарихы” журналының 5-жылдық мерекесіне арналған ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасады.

Барлығы М.-А.Х. Асылбеков 150 ғылыми еңбектер (оның 5-уі монография) жариялады. Терең эрудиция кең ауқымды дүниетаным отан тарихының сан-саналы бағытын қамтыған күрделі де іргелі еңбектерді қаламынан туындатты. Ол “Қазақ ССР тарихы”- бес томдық (көне заманнан бүгінге дейін), “Советтік Қазақстан жұмысшы табының тарихы”- екі томдық, “Қазақстан тарихы. Очерктер” қазақ және орыс тілдерінде- (Алматы, 1993-1994 ж.ж.), “Қазақстан тарихы”- ағылшын тілінде (1998) сияқты күрделі еңбектердің негізгі авторларының бірі. Бұл түйінді, іргелі еңбектерде ғалым Қазақстанның Х1Х ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. тарихының сан-салалы және кең ауқымды проблемалары қарастырылды.

М.-А.Х. Асылбековтың ғылыми еңбектерінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және тарихи-демографиялық проблемаларының өзекті проблемалары зерттелген. Атап айтқанда, соңғы жылдары, яғни Қазақстан тәуелсіздік алып, республикада демократиялық процестердің дамуы басталғасын, гуманитарлық ғылым саласында идеологиялық тыйым алынғасын, бұрын тыйым салынған тақырыптар ашылғаннан кейін, ғалым Қазақстанды шикізат көзіне айналдырған жедел индустрияландыруға, жұмысшы табының қалыптасуы мен дамуына, оның ішінде өнеркәсіп пен транспортта ұлттық кадрларды даярлаудағы ерекшелік пен сыңаржақтылықты жаңа көзқарас негізінде жан-жақты пайымдап, өндірістік дамудың көптеген аймақтарда экологиялық ахуалдың нашарлатқанын ашып көрсетті, республика өнеркәсібінің бүгінгі таңдағы проблемалары, оның ішінде күннен-күнге етек алып келе жатқан жұмыссыздықтың себеп-салдарлары талданып, ұзаққа созылған әлеуметтік дағдарыстан шығу жолдары туралы ұсыныстар берілуде. Оның индустрияландыру процестерін зерттеген еңбектерінде жалпы заңдылықтарын негіздеумен қатар, нақты тарихи ерекшеліктерін ашып көрсетіп, бүгінгі күнге дейін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына залалын тигізіп қана қоймай, нарықтық қайта құруларға тұсау болған қателіктер мен бұрмалаушылықтар талданған.

Автор Қазақстанның индустриялық дамуы тарихнамасындағы талқылауды қажет ететін мәселені, атап айтқанда оның хронологиялық кезеңдерін белгілеуді алғаш көтерді. Өз концепциясының негізінде, ол Қазақстанда индустрияландыру Ұлы Отан соғысы қарсаңында аяқталмаған деген тұжырымдаманы құжаттық және логикалық негізде пайымдады.

Қазақстанның демографиялық процестерін объективті тұрғыда зерттеу нәтижесінде М.-А.Х. Асылбеков миграциялық толқындардың республика тұрғындарының әлеуметтік және ұлттың құрылымына әсерін, демографиялық апаттың себептері мен зардаптарын ашып көрсетті, қазақтардың өз жерінде аз ұлтқа айналуын, қазақтардың экономиканың индустриялық салаларындағы азшылдығын жан-жақты талдап қана қоймай, сонымен қатар олардың қала тұрғындары құрылымында да төмендігін терең зерттеген. Оның еңбектерінде Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік құрылымындағы өзгерістерге жаңа көзқарас ерекше пайымдалған. Асылбековтың тарихи демография проблемаларына арналған еңбектері қоғамдық ғылымдардың белгілі идеологиялық факторлардың салдарынан ұзақ уақыт тоқырау жағдайында болған бұл саласында қарқынды ұмтылыс болды.

М.-А.Х. Асылбековтың ғылыми творчествосының көзге түсерлік ерекшелігі- зерттелетін проблемаларды жан-жақты, кешенді түрде қамтуы. Индустриялық қайта құрулардың, әлеуметтік-демографиялық дамудың мән-мағынасын ашып-талдауды ол еліміздің жалпы тарихымен тұтастай байланыста қарастырады. Зерттелетін проблемалардың бәрін, олардың өзара тығыз байланыстылығы мен өзара келістілігі арқылы пайымдайды. Мұндай методологиялық тәсіл зерттелетін мәселелердің жай-күйін жан-жақты әрі шынайы шыншылдықпен талдауға мүмкіндік берді. Қазақстанда халық өсуінің өзекті проблемаларын жете зерттеуде Асылбеков көптеген маңызды, табанды методологиялық ережелерді қалыптастырды. Тарихтағы “ақтаңдақтарды” толықтыруға да ғалым сүбелі үлес қосуда.

Ғылыми қауымға кең танымал М.-А.Х. Асылбековтың еңбектерінің ғылыми құндылығы жоғары болумен қатар, оның практикалық маңызы да өте зор. Оның Қазақстанның бүгінгі таңдағы демографиялық ахуалын зерттеулері, әсіресе халықтың өсіп-өнуіндегі келеңсіздіктің себептерін, тұрғындардың негізгі әлеуметтік топтарының бүгінгі таңдағы жағдайын айқындауы, ғылыми негізделген, қуатты әлеуметтік және демографиялық саясатты саралау мен жүзеге асыру үшін өте маңызды.

Оның Қазақстан тарих ғылымының дамуына қосқан сүбелі үлесі республиканың және оданда тысқары аймақтардың ғалымдар қауымына кең танымал. Ол редакциялық-баспа жұмысына да ауқымды үлес қосуда. Ол көптеген тарихтың актуалды проблемаларын қамтитын монографиялар мен тематикалық жинақтардың редакторы. М.-А.Х. Асылбеков таяу және шет елдердің жетекші демограф-ғалымдарымен тығыз ғылыми байланыс орнатқан. Оның ғылыми және педагогикалық қызметі тек қана Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де кең танымал әрі жоғары бағаға ие. Ол 1992 ж. америка ғалымдарының шақыруымен Сан-Франциско және Беркли (АҚШ) қалаларындағы университеттерде тарихи демография және әлеуметтік тарихтың өзекті проблемаларынан лекция оқыды. М.-А.Х. Асылбеков Қазақстан ғылымын көптеген басқа да елдерде үлкен абыроймен көрсетуде. 1995 жылы Москвада өткен социологтар мен демографтардың, 1997 жылы Берлинде өткен “Орталық Азиядағы миграция: оның даму мен тұрақтылыққа әсері” атты халықаралық, 2008 жылы Москвада өткен «КСРО-да болған жаппай ашаршылықтың тарихи және саяси мәселелері (30 жылдар)ң атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен т.б. көптеген ғылыми жиындарға белсене қатысты.

Үлкен ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметіне ерекше тоқталғанымыз жөн. М.-А.Х. Асылбеков Қазақстанның тарихшы-демографтарының лайықты көш бастаушысы. Ол өзінің ғылыми мектебін құрып, лайықты жоғары дәрежелі ғылыми ізбасарларын даярлаған, оның жетекшілігімен 10 ғылым докторлары, 45 ғылым кандидаттары диссертациялар қорғады. Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік Университеттің тарих факультетінің профессоры ретінде тарихшы студенттерді тәрбиелеуде жемісті еңбек етуде. М.-А.Х. Асылбековтың шәкірттері бүкіл еліміздің ғылыми мекемелері мен оқу орындарында еңбек етуде, олардың көбі отан тарихының кезінде ұстазы негізін салған бағыттарында да жемісті зерттеулер жүргізуде.

М.-А.Х. Асылбеков кең ауқымда ғылыми ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстар атқаруда. Ол Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті Диссертациялық кеңестерінің, ҚР ҰҒА “Қазақстан тарихы” проблемалық ғылыми кеңесінің, “Қазақ тарихы”, “Отан тарихы” және т.б. журналдардың редакциялық алқасының мүшесі

Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбеков өзінің 80-жылдық мерейтойын шығармашылық күш-қуаты кемелденген, алдағы кезеңде жүзеге асыратын мол ойлар мен идеяларға толы кезеңде қарсы алуда. Оған ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт және творчестволық табыс тілейміз.

ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы.

 

Фотоархив

Увеличить картинку