«Ашаршылық балалары: ашаршылық кезіндегі қазақ балаларының тағдырлары» (Children of Famine: The Fates of Kazakh Children during the Famine) атты ғылыми семинар

16 қараша 2020 ж. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында тарихшы, PhD Мехмет Волкан Кашыкчы (Arizona State University) баяндауымен «Ашаршылық балалары: ашаршылық кезіндегі қазақ балаларының тағдырлары» (Children of Famine: The Fates of Kazakh Children during the Famine) атты ғылыми семинар өтті.

Баяндама тақырыбы ғалымның «Growing up Soviet in the Periphery: Imagining, Experiencing, and Remembering Childhood in Kazakhstan, 1928-1953)» атты диссертациялық зерттеу жұмысының бір тарауы болып табылады және жұмысты жазуда негізінен естеліктер, ауызша тарих сұхбаттары, құжаттар жинақтары, ҚР мұрағаттары қорларында сақталған құжаттар және басқа да дерек көздер кешені пайдаланылған.
Мехмет Волкан Кашыкчының айтуынша, бүгінде ашаршылық тарихын ашып көрсетуде маңызды болып табылатын құжаттар жинақтарының жеткілікті деңгейде жариялануы атаулы трагедияға қатысты ең маңызды деп қабылданатын ресми құжаттармен танысуға мүмкіндік берген. Апатты жылдардағы балалар тәжірибесін сипаттауға ұмтылыс деп қабылданатын зерттеудің жаңашылдығы ретінде, бұған дейін батыс тарихшылары тарапынан ғылыми айналымға енгізілмеген аштық туралы куәліктердің кеңінен қолданылуы атап көрсетіледі. Батыс тарихшыларының арасында қазақ даласында орын алған ашаршық туралы мәліметтер аз деген пікір кең таралған, өйткені ашаршылыққа қатысты оқиғалар берілген ауызша тарих жинақтары мен естеліктердің басым бөлігі қазақ тілінде жазылуы бұған дейін осы тақырыпта жүргізілген батыстық тарихи зерттеулерде қолданылбаған.