Алтын Орданың (Ұлығ Ұлыс) 750 жылдығы аясында өткен «Шыңғыз хан» кітабының (авторлары: Е. Исақұлов, З. Оразбай) тұсаукесері өтті

2020 жылдың 27 қарашасында Институтта Алтын Орданың (Ұлығ Ұлыс) 750 жылдығы аясында «Шыңғыз хан» кітабының (авторлары: Е. Исақұлов, З. Оразбай) тұсаукесері өткізілді. Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, докторанттар мен магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. Модераторы ретінде институттың директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов болды.

Еуразия тарихы Шыңғыс хан мен одан тараған ұрпақтардың Тынық мұхиттан Орталық Еуропаға дейінгі алалықта құрған алып империясының ықпалымен болған геосаяси және  геомәдени өзгерістерге ұшырады. Моңғол дәуірі, постмоңғол дәуірі тарихы мәселелеріне арналған әр түрлі тілде жазылған сансыз еңбектерге қарамастан, тарихының көптеген қырлары, империяның этно-демографиялық құрамы, тұлғалар рөлі және геосаяси мұра мәселелері  зерттеушілердің деректер мен деректердің түсіндірмелеріне түрлі көзқараспен қарауы себепті  әлі де талас тудырып келеді немесе аз зерттелген. Алайда моңғол дәуіріне дейінгі және кейінгі  кезеңдердегі Еуразия тарихы бойынша сенімді дерек көздерінің арасында Рашид ад-Диннің  «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі жатады.

Е.Исақұлов пен З.Оразбайдың зерттеулері Рашид ад-Диннің еңбегіне сүйене отырып, моңғол әлемінің этнодемографиялық алғы тарихы жайлы мәліметтер жинап, оларды салыстыра отырып талдау жасағандықтан, ерекше еңбек болып саналады. Ұлы даланың этногенетикалық қуаты Шыңғыс хан империясының құрылуында ажырамас бөлігі болғаны белгілі, оның этносаяси және этномәдени мұрагерлерінің бірі қазақ халқы. Сонымен бірге, ұлттық бірегейлікті іздеу үрдістері заманауи әлемдегі жалпы тарихи және әлеуметтік мәдени ағым болып отырған тұста бұл кітап қазақ ұлтының рухани жаңғыруына ықпал ететіні, әсіресе өскелең ұрпақ үшін пайдалы болары сөзсіз.

Тұсаукесер барысында қатысушылар ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. С.М. Сыздықов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д.М. Алпысбес, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, т.ғ.к. Қ.Қ. Батталов, Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркология кафедрасының меңгерушісі, Висконсин-Мэдисон университетінің құрметті профессоры, философия докторы (США, Мэдисон) Ю. Шамильоглу, түрік тарихы және Орталық Азия тарихын тәуелсіз зерттеуші, философия докторы, профессор (Индия) М. Хайдер, Февзи Якубов ат. Крым инженерлік-педагогикалық университетінің деканы Р. Куртсеитов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д.Т.З. Қайыркен, Қырғызстан Тіл білімі институтының жетекшісі, түркітанушы ғалым, ф.ғ.д., профессор (Қырғызстан, Бішкек) Қ. Қонқабаев, институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор М.Ж. Әбдіров, Герат университеті Тіл және әдебиет факультетінің оқытушысы (Ауғанстан, Герат) И. Хабибиан, ҚБТУ қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.А.Қ. Жұмаділ баяндама жасады.