Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және Отан тарихы көптомдық Жобасының тұсаукесері


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі 2012 жылдың 19-20 сәуірінде Ғылым күніне арналған «Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және Отан тарихы көптомдық Жобасының тұсаукесері» атты Халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отыр.
2011 жылдың 16 қыркүйегінде Астанада өткен Қазақстан тарихшыларының І Конгресінде «Отан тарихы» – «Отечественная история» 10 томдығын (20 кітаптан тұратын) даярлау идеясы қолдау тапты. Бұған дейін «Қазақстан тарихы» 5 том көлемінде екі рет жазылғаны белгілі. Жаңа жобаның ерекшелігі сандық айырмашылықта ғана емес. Мұнда Отан тарихын дәуірлеу, қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы, өрлеуі мен өркендеуі, ұлт тарихының әлемдік тарихи үдерістермен ықпалдастығы, тарихтағы тұлғалардың рөлі, тәуелсіздіктің бастау-бұлақтары мен жемістері ғылыми ойдың соңғы жетістіктеріне сүйенумен, жаңа методологиялық ұстаныммен жазылғаны абзал. «Мәдени мұра» бағдарламасының бергені мен нәтижелері кеңінен кәдеге жарайтын болады.
Көптомдық Отан тарихын жазуға бетбұрыс ТМД-ға мүше мемлекеттердің бәрінде дерлік орын алуда. 2011 жылғы 21-23 қазан күндері Киев қаласында өткен ТМД-ның шығармашылық және ғылыми интеллигенциясы бас қосқан VI форумда армян тарихшылары 8 томдық «Армения тарихы» дестесінің алғашқы 4 томы жарияланғанын, Украина, Белорусь, Ресей ғалымдары даярлық жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді.
«Қазақстан тарихы: зерттеу нәтижелері және Отан тарихы көптомдық Жобасының тұсаукесері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына таяу және алыс шетелдерден белгілі мамандар шақырылады.
Алқалы басқосуда «Отан тарихы» көптомдығының методологиясы, даярлау ерекшеліктері, мазмұндық және құрылымдық сапасына қойылатын талаптар, авторлық ұжымды іріктеу шарттары, күнтізбелік жоспар мен қаржыландыру арасындағы үйлесім мәселелері талқыланады.

Ақпараттық хат