Изучение истории Казахстана в контексте общего востоковедения

2013 ж. 26 ақпан күні Институтта кезекті методологиялық семинар жұмысы өткізілді. Баяндаманы «Изучение истории Казахстана в контексте общего востоковедения» («Қазақстан тарихын жалпы шығыстану контекстінде зерттеу») тақырыбында СПбМУ Орталық Азия және Кавказ тарихы кафедрасының доценті, «Соңғы ортағасырдағы қазақтар және Қазақ мемлекеттілігі мәселесі Сефевидтік деректерде» тақырыбының қосорындаушысы, тарих ғылымдарының кандидаты – Джандосова Заринэ Алиевна жасады. Баяндамашы Шығыстану шеңберінде Қазақстан қалай зерттелетіндігіне тоқталып өтті. Оның түсіндіруінше, Қазақстан – Шығыстың бір бөлігі. Қазақстан мен Ресейде Шығыстану мәселесі әр түрлі қарастырылады, басқа проблемаларымен айналысады. Елімізде Шығыс ретінде Қазақстан мен көрші мемлекеттер келтірілмейді, алыс шетелдер қарастырылады. Шығыстану мен Қазақстан өзара байланысты. Шығыстану отарлау ғылымы ретінде практикалық қажеттіліктен туындаған. Алайда отарлау саясаты оның қалыптасуының жалғыз көзі емес. Теориялық жағынан ғылым XVIII ғ. өте жақсы дамыды, Батыста Шығыстың өзінің ерекше келбеті, батыстағыдай зерттеуге келмейтін өз әлемі болды. Шығыс – сырға толы, кешенді нысан болды. Сондықтан да оны зерттеуге ерекше әдіс қажет еді. Оның діні, философиясы, қоғамы ерекше қызығушылық туғызды. XVIII ғ. алдыңғы қатарлы гуманитарийлері назарын шығыстануға, оның деректері мен жылнамаларына аударды. Шығысты тануға мүдделілік туындаған еді. Маркстың формациялық теориясы Шығысқа сай келмеді. Сондықтан оны басқаша зерттеу қажеттілігін ғалым мойындаған. Бұл жағдай басқа да Еуропа мен АҚШ теоретиктеріне қатысты еді. Шығыстану, тар шеңберде алып қарайтын болсақ, ол – шығыс тілдеріндегі деректерді зерттеу. Шығыстану шамамен 150 пәнмен (география, этникалық тарих, тарихи этнология, мәдени антропология, этнография, лингвистика, филология, топонимика және т.б.) байланысты. Оны әр жағынан алып, түрлі әдістермен зерттеуге мүмкіндіктер жетерлік. Тарихи перспективада Қазақстанды Шығыстан бөлуге болмайды. Тек оны зерттеу барысында оның өзіндік ерекшеліктерін қаперде ұстаған жөн екендігін және т.б. айтып өтті. Методологиялық семинар жұмысына қатысқан институт қызметкерлері этностарға деген көзқарас, шығыстану термині, Қазақстан мен Ресейдегі шығыстанудың айырмашылығы, ғылыми байланыс орнатуға және т.б. қатысты қойған сұрақтарына баяндамашыдан тиісінше жауап алды.