Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Орталық Азия және ТМД елдерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының теориялық-қолданбалы аспектілері


2013 ж. 15 наурыз күні Алматыда Институт және Қазақ және Әлеуметтік Қатынастар Академиясы, Алтай мемлекеттік университетімен (Барнауыл, Алтай өлкесі, Ресей), ТМД елдері «Тарих және компьютер» Ассоциациясымен (Мәскеу, Ресей) бірігіп «Орталық Азия және ТМД елдерінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының теориялық-қолданбалы аспектілері» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.
Конференция жұмысына әлемдік ғылыми орталық: АҚШ (Сан-Франсиско қ.), Норвегия (Тромсо қ.), Финляндия (Котка қ.), Түркия (Кайсери қ.), Ресей және т.б. жерлерден 200 астам жетекші ғалымдар қатысты. Аталған конференцияға Ресей ғылым академиясы Ресей тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ю.А. Петров, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті тарихы факультеті деканының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Л.И. Бородкин, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Ресей тарихының дерекнамасы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Г. Кащенко сияқты т.б. ресейлік белгілі ғалымдар қатынасты.
2013 ж. 16 наурызда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында конференция қонақтарымен кездесу ұйымдастырылып, ресейлік ғылым өкілдерімен кездесіп, онда Ресеймен ортақ оқиғаларға деген көзқарасты түзетуді және бірдей пайымдауды қажет ететін Қазақстан тарихының негізгі проблемалары қарастырылып, талқыланды. Әңгіме барысында Қазақстанның Ресей империясы құрамына ену мәселесіндегі қазақстандық және ресейлік ғалымдардың кейбір мәселелер жөнінде ұстанымдарында қарама-қайшылықтары мен сәйкессіздіктің барлығы анықталды.
РҒА РТИ директоры Ю.А. Петров Қазақстан мен Ресей қатынасындағы отарлық сипатты жоққа шығаратын қазіргі ресейлік тарихнама көзқарасын жеткізсе, институт ғалымдары Ресей империясы құрамындағы Қазақстанның отар ретіндегі статусын мойындауын талап етті.
Бұл мәселелер (сәйкесінше одан туындайтын қазақ халқының отарлауға қарсы қозғалысы, Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрес, Алаш қозғалысы сияқты және т.б. мәселелер) бүгінде принципті сипатта болып, қазіргі күндегі екі елдің достығы мен серіктестігі туралы тезис контекстінде шешімін табуды талап етті.
Сонымен қатар кездесуде институт ғалымдары жекелеген ресейлік ғалымдардың 1941 ж. Мәскеу түбіндегі 28 гвардияшы-панфиловшылардың ерлігіне қатысты соңғы кездерде айтып, жазып жүрген негативті көзқарастары туралы жөнінде де айтып өтті. РҒА РТИ директоры Ю.А. Петров ресейлік тарих ғылымында бұл мәселе жөнінде қазақстандық мамандармен ресми келіспеушіліктің жоқтығын атап өтті.
Әңгіме барысында кеңестік кезең мәселесі жеткілікті қарастырылғандықтан принципті келіспеушіліктер болмады, дегенмен бұл кезең проблемалары жөнінде жекелеген қазақстандық зерттеушілер әлі де жалғасып келе жатқан Орталық (яғни Мәскеу) пен республикалар арасындағы «империялық сипаттағы» қарым-қатынастың барлығына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.