Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Ғылыми қазына» және Отан тарихы: жас ғалымдар үлесі»


2013 жылдың 21 мамырында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жас ғалымдар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ғылыми қазына» және Отан тарихы: жас ғалымдар үлесі» тақырыбында ІV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп, оның жұмысына еліміз бен алыс және жақын шет елдерден келген жас ғалымдар қатысты. Салтанатты шара институт директорының орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаевтың кіріспе сөзімен ашылды. Сонымен қатар институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов, Ғылым ордасы директорының орынбасары, т.ғ.к. Н.Б. Сейдін, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі Б.Ә. Әуелбаев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға жаңа ғылыми ізденістер тіледі.
Бас қосу Отан тарихы, Әлем тарихы, Тарихнама және деректану, Археология және этнология және «Қазақстан-2050» Стратегиясына арналған ғылым және жастар деп аталатын жаңа бағытында жүргізіліп, оның барысында жас тарихшылар бүгінгі таңдағы тарих ғылымында зерттеу нысанына айналып отырған өзекті мәселелер жайында ой-пікірлер айтылып, ұсыныстары талқыға салынды. Мичиган университетінің антропология факультетінің Phd докторанты, өнер магистрі Меган Баркер, (Энн Эрбор, Мичиган, АҚШ), Шеффилд университетінің Phd докторанты Ален Томас (Шеффилд, Ұлыбритания), Мичиган университетінің Phd докторанты Кимберли Анн Пауэрс (Энн Эрбор, Мичиган, АҚШ) сияқты шетелдік жас ғалымдар Қазақстан тарихына қатысты еліміздің мұрағат қорларынан алынған құджаттардың негізінде ғылыми баяндама жасап, Қазақстан тарихының кейбір мәселелеріне байланысты ой қозғады. Мәселен, Висконсин университетінің түркология және орталық-азиятану, Азия мәдениеті мен тілдер факультетінің профессоры Юлай Шамильоглу (Мэдисон, АҚШ) баяндамасында Алтын Орда тарихының мәдениеті мен оның билеуші хандары жөнінде сөз қозғаса, ал Донгук университетінің студенті Ким Хьюн Вук (Сеул, Корея Республикасы) кәрістердің Орталық Азияға көшірілу барысына қатысты тың деректер келтірді.
ІV Халықаралық ғылыми конференцияға қатысуға 70-ке жуық өтініш түсті, оның ішінде 8-і шетелдік ғалымдар. Конференция барысында түрлі тақырыптарға слайдтар көрсетілді және Отан тарихына қатысты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ғылыми конференцияның соңында жас ғалымдар Қазақстан тарихының келелі мәселелері бойынша ұсынған жаңа тұжырымдамаларын институттың «Ғылыми қазына» атты мақсаттық-бағдарламалық ғылыми жобасы аясында орындалатын көптомдық «Қазақстан тарихы» еңбегіне қосып және аталмыш жобаға негізделіп өткізіліп отырған конференция жинағын еліміздің кітапханалары мен жоғары оқу орындарына тарату туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге еліміздің жас тарихшы ғалымдары шетелдік жас ғалымдармен алдағы ғылыми-зерттеудегі байланысын мен бірлігін нығайтатын бірлескен ғылыми шаралар өткізу туралы ұсынысы қолдау тапты. Одан кейін жас тарихшылардың ІV Халықаралық ғылыми конференциясына белсенді түрде қатысқан жас ғалымдарға құрмет қағаздары мен сертификаттар тапсырылды.