Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Тарихшылар бас қосты


 2013 жылдың 18 сәуірі күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы «Ғылым ордасының» Кіші залында «Қазақстан тарихы: инновациялық тұжырымдамалар мен дәуірлеу ғылыми танымның басым бағыттары» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Еліміздегі, сондай-ақ таяу шетелдердегі белгілі маман тарихшылар қатысқан конференцияның жұмысы барысында 20 кітаптан тұратын 10 томдық «Қазақстан тарихы» жобасын қазіргі ғылыми жетістіктер негізінде даярлау, тарих философиясы, методологиясы және тарихнамадағы инновациялық тұжырымдар, деректану мен археография салаларын инновациялық тұрғыда дамыту, тарих ғылымындағы және тарихты оқытудағы жаңа технологиялар, этнологиялық және антропологиялық зерттеулер: тәжірибесі мен дамыту жолдары, патриотизмді қалыптастырудағы тарихтың орны мен рөлі, тұлғатану тағылымы, өңірлер тарихын зерттеудің қырлары, «Қазақстан тарихын» дәуірлеудің жаңа ұстанымдары сияқты мәселелер талқыланды.
Қазақстан тарихының өзекті мәселелері мен оны зерттеу нәтижелерін жан-жақты қарастыру мақсатында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Мәскеуден, Минск (Белорус), Қазан (Татарстан), Бішкектен, Астана, Тараз, Өскемен, Түркістан т.б. қалаларынан қатысуға 120-дай өтініш түсіп, 80-нен аса ғалымдар қатысты. 
Конференция жұмысы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, қатысушылар Қазақстан Республикасының Ғылым комитетінің төрағасы Н.М. Ыбырайымның сөзімен танысты. Ғылым комитетінің төрағасы өткен тарихымыздың түрлі дәуірлерінен сыр шертетін ауқымды деректік материалдар тарихшылардың жаңа ізденістеріне, инновациялық ғылыми тұжырымдамалар жасауына серпін бергені ақиақт екендігін айта келе, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұжымының 20 кітаптан тұратын он томдық «Отан тарихы» ғылыми жобасын жүзеге асыруды қолға алуы тың серпілістің айқын көрінісі екендігін, Отандық тарихшылар қауымының ғалыми ізденістерінің нәтижелерін қолданысқа енгізу, практикамен ұштастыру – оқулықтар мен оқу құралдарына тарту қазіргі кезде аса маңызға ие болып, заман өзгерісі оқулықтар мен оқу құралдарының сапасын арттыруды, инновациялық тұрғыда дамытуды күн тәртібіне өткір қойып отырғандығын алға тартты.
Сонымен қатар Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресінің төрағасы Е.Б. Сыдықовтың құттықтау сөзі тыңдалып, онда тарихшылардың алдында Қазақстандық тарих ғылымын стратегиялық тұрғыда дамыту тұырымдамасын жасау және оны жүзеге асыру мәселесі тұрғандығын атап өтіп, конференцияға қатысушыларды осы мәселеге орай терең сараптама жасай, пікір алмасуға шақырды.
Конференция жұмыс тәрібіне орай пленарлық мәжіліске 18 ғалым қатысып, баяндамашылар жазылып жатқан Қазақстан тарихындағы көптеген өзекті мәселелердің зерттелуі, жаңаша көзқарастар мен тұжырымдар, бағыттарын жөнінде ұтымды ойлар айтты. Тарих ғылымдарының докторы Х.М. Әбжанов «Отан тарихын» жазу барысындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен онда қарастырылатын мәселелер төңірегінде сөз қозғай отырып, тарих ғылымын кезеңдеу мәселесін терең қарастыруды айта келе, еліміздің тарихын жаңаша көзқараста жазуда бұл бағыттардың аса маңыздығын көрсетіп берді. Сонымен қатар әлі де толық зерттеу нысанына айналмай жатқан тарихи мәселелердің ақтаңдақ беттерін ашудың қажеттігін көрсетті.
Кемеров мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының көрнекті ғылым қайраткері А.И. Мартынов баяндамасында археология саласын зерттеу барысына тоқтала келе, Қазақстан территориясында үш кезең: алғашқы қауымдық құрылыс, ежелгі палеолиттік мезолит, неолит тұсындағы мәдени ескерткіштерден бастап, б.з.д. VII – III ғғ. және II ғ.- б.э. IV ғ. үйсін, ғұн, түркі және басқа халықтардың өркениетттің пайда болу мәселесі зерттеу нысаны болып отырғандығын атап өтті. Беларус Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты В.В. Данилович 1998, 2000-2011 жж. аралығында Белорус тарихына байланысты жарық көрген тарихи зерттеу кітаптары мен алты томдық «Белорус тарихы» кітабындағы кезеңдеу, онда көтерілген мәселелер, тұжырымдарға тоқталса, Ресей Ғылым академиясының Жалпы тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы М.А. Липкин алты томдық «Дүниежүзі тарихын» жазылу тәжірибесімен бөлісті.
Татарстанның Ғылым академиясының Ш. Маржани атындағы Тарих институтынан келген И.Л. Измайлов түркі тарихын өркениеттілік тұрғыдан қарастыру мәселесіне байланысты тұжырымдарын айтса, И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры Ш.Д. Батырбаева Қырғыз тарихын зерттеу мәселелеріне тоқтала келе, Орта Азия халықтары тарихын бірлесе зерттейтін орталық құру жөнінде ұсыныс білдірді.
Академик, тарих ғылымдарының докторы М.Х. Асылбеков көптомдықты «Қазақстан тарихын» жазу барысында Ресейдің Қазақстанды отарлау мәселесін және кеңес кезеңі тұсындағы кейбір өзекті мәселелерді қайта қарап, шынайы бағасын беру керектігіе тоқталды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ.Т. Жұмағұлов ғұндардың Батыс, Шығыс Рим империясымен арадағы байланыстарды ашып көрсету, халықтардың Қлы қоныс аудару кезеңін дүниежүзі тарихының жаңа кезеңінің бастамасы ретінде көрсету қажеттігін көрсетсе, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ингститутының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы З. Қинаятұлы ұлт тарихын дәуірлеудің методологиядық кейбір мәселелеріне тоқталып өтті.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, т.ғ.д. профессор М.Х. Әбусейітова баяндамасында «Қазақстан тарихы» көптомдығындағы кейбір мәселелерді жазуға қатысты тұжырымдамаларға тоқталды.
Пленарлық мәжілісте баяндама жасаған Т.О. Омарбеков Қазақстан тарихының күні бүгінге дейін саяси тұрғыдан жазылуынан және ежелгі, сондай-ақ орта ғасырлар кезеңдерінің жан-жақты, терең зерттелмеуіне байланысты тарихымызды кезеңдеу мәселесі күні бүгінге дейін бір жүйеге түсе қоймағандығын, «тайпа-халық-мемлекет» үштік принципі осыкүнге дейін сақталмай отырғанын, әлі күнге дейін Үйсіндер, Қаңлылар және Хұндар елі мемлекет ретінде емес, тайпалық одақтар ретінде баяғы кеңестік жүйенің ұстанымен зерттеліп келе жатқандығын айта келе, «Ежелгі арғы түрік (прототүрік) мемлекеттері» деп атауды ұсынды.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері т.ғ.д., профессор С.Ф. Мәжитов тарихы кезеңдеу мәселесіне байланысты толымды ойлар айтты. Пленарлық мәжілістің талқылауына қатысқан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы У.Х. Шәлекенов көптомды тарихты жаңаша көзқараспен жазу керектігін атап өтті.
«Отан тарихы» көптомдығын даярлаудың тағылымы мен міндеттері» атты бірінші секциялық мәжіліске (модераторы – т.ғ.к., доцент Н.Ә. Атығаев, хатшысы – т.ғ.к., К.Қ. Нұрымбетова) қатысуға 57 баяндама түсіп, жұмыс барысында 35 баяндама тыңдалды. К.Ш. Хафизова, Р. Бекназаров, С. Смағұлова, Г.К. Көкебаева, Х. Тұрсұн, Н. Мұқаметханұлы, Т.Ә. Төлебаев, А.У. Тоқтабай, С.М. Сыздықов, Қ. Сартқожаұлы, Г.С. Жүгенбаева, Н. Ә. Атығаев және тағы басқа ғалымдар көптомдыққа енгізілетін мәселелер төңірегінде пікір бөлісіп, ұсыныстарын айтты.
Л.Н. Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры т.ғ.д. С.М.Сыздықов баяндамасында қазақтың ауызша тарих айту дәстүрін тарихнамаға және деректерге енгізу, қала мәдениетін жеке қарастыру, көп томдықты дәуірлеу және құрылымын нақтылы анықтауда әр дәуір бойынша айналысатын ғалымдардың дөңгелек үстел ұйымдастыруы қажетттігін көтерді. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің профессоры К.Ш. Хафизова Қазақ хандығын қарастыруға ерекше мән беру керектігіне тоқталса, Ақтөбе мемлекеттік педагогика университетінің доценті, тарихы ғылымдарының докторы Р.А. Бекназаров XIX ғ. ортасы мен ХХ ғасыр басындағы Батыс Қазақстан өңіріндегі қазақтардың сауда-сатық, оны тасмалдау мәселесіне қатысты бұрындары белгісіз болып келген деректерді ортаға салды.
«Отандық және әлемдік тарихтың заманауи инновациялық идеялары мен тұжырымдамалары» атты екінші секция (модераторы т.ғ.к., доцент С.К. Рүстемов, хатшысы т.ғ.к. З.М. Төленова) жұмысына жалпы 47 баяндама түсіп, Қазақстан аймағынан келген 23 ғалым баяндама жасап, өз ойларымен бөлісті.
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ж. Ермекбай көптомдықтың жазылу қажеттілігіне тоқтала келе, шоқантану мәселелері қатысты тың ойларымен бөлісті және көптомдықта қазақ ағартушыларының прогрессивтік ойлары кеңірек енгізілу мәселесі жөнінде ұсыныс айтса, әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д., Б.К. Қалшабаева Жобанының халыққа берерінің молдығын, көптомдыққа кіретін әрбір мәселені мұқият талқыдан өткізіп алу қажеттігін көтере келе, Республикамыздан тысқары жерлердегі (Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Иран; Қытай, Ресей) қандастарымыздың этномәдени ерекшеліктеріне арналған тарауларды кеңейту қажеттігін көтерді.
Конференцияда сөз алушылар түрлі тарихи кезеңдерде Қазақстан тарихында орын алған оқиғалар мен құбылыстарды зерттеудің нәтижелерін және көптомдық «Отан тарихы» жобасын сәтті түрде жүзеге асырудың мәселелерін ортаға салды.
Отандық тарихшылар алда тұрған міндетті жүзеге асыруы үшін алдымен тарих ғылымындағы инновациялық тұжырымдамалар мен тарихты дәуірлеуге байланысты ұстанымдарға қатысты пікір алмасып, бір мәмілеге келгені жөн екендігін ескере отырып, конференцияға қатысушылар күн тәртібіне қойылған ғылыми өзекті мәселелерді қызу талқыға салып, төмендегідей шешім қабылдауды жөн санады:
– Көптомдық «Қазақстан тарихы» жобасын орындау барысында отандық тарих ғылымының тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі жетістіктері және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шетелдік мұрағат қорларынан алынған құжаттардың мәліметтері басты назарда ұсталғаны жөн. Жобаға орай әзірленген материалдардың сапалық деңгейін арттыру үшін оларды сараптамадан өткізуде жаңа технологиялар кеңінен қолданылсын;
– шетелдік ғалымдардың тарих философиясы мен методологиясы саласындағы инновациялық тұжырымдамаларымен еліміздегі тарихшылардың кеңінен танысуы үшін олардың еңбектерін мемлекеттік тілде басып шығару ісін жолға қою керек. Сонымен қатар болашақ тарихшылар даярлайтын жоғары оқу орындарының студентеріне арналған тарих философиясы мен методологиясына қатысты заман талабына сай оқу құралдарын шығаруды қолға алған абзал;
– «Қазақстан тарихына» қатысты құжаттар мен материалдар жинағын шығаруды жалғастыра түсу қажет. Мұндай басылымдарды шығару барысында деректану мен археография талаптары ескерілсін және олардың электрондық нұсқалары арнайы сайттарға енгізілсін;
– елімізде тарихи информатика саласын дамыту, оның жетістіктерін заманауи технологиялар негізніде насихаттау жолға қойылсын;
– жаңа технологиялар «Қазақстан тарихын» оқыту үдерісіне кеңінен тартылсын. «Қазақстан тарихына» қатысты электронды оқу құралдары мен мультимедиялар әзірлеу шұғыл түрде қолға алынсын;
– отандық этнология мен антропология саласындағы жетістіктерді түрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттай түсу қажет және бұл жетістіктерді оқу орындарына арналған оқу құралдарына енгізген жөн;
– еліміздің өскелең жас ұрпағын патриоттық рухта тәрбиелеуде тарихтың ерекше орынға ие екенін ескере отырып, ел қорғаудың жарқын үлгілерін айшықтайтын ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізу керек. Мұндай зерттеулердің нәтижесі «Қазақстан – 2050» стратегиясында көрсетілген жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға септігін тигізуі тиіс.
– отандық тарих ғылымында тұлғатану саласын дамыта түсіп, «Тұлға» сериясымен электронды нұсқалары бар ғылыми еңбектер шығару қолға алынсын;
– жекелеген өңірлер тарихын зерттеу елімізде өткен дәуірлерін қыр-сырын терең түсінуге өз септігін тигізеді. Соған орай жекелеген өңірлердің тарихын зерттеуге баса мән берілсін. Сонымен қатар жақын арада еліміздегі оқу орындарына енгізілгелі отырған «Өлкетану» курсына қатысты оқу құралдарын және құжаттар мен материалдар жинағын әзірлеуге ғылыми-зерттеу институттарындағы тарихшылар қауымы белсене атсалыссын;
– «Қазақстан тарихын» дәуірлеу ғылыми таным ауқымының кеңеюіне орай бірқатар тұжырымдамалар ұсынылуда. Бұл мәселеде өркениеттілік ұстаным басшылыққа алынып, өткен кезеңдерде орын алған оқиғалар мен құбылыстардың ерекшелігіне көңіл бөлінгені жөн.