«Қазақ тазысы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі

30 сәуір күні Институтта Этнология және антропология бөлімінің Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Уәлханұлы Тоқтабайдың 60 жылдығына арналған кеңейтілген ғылыми Кеңес өткізіліп, мерейтой иесінің «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Қазақ тазысы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл шараға еліміздің белгілі қайраткерлері, тарихшылар мен ақын-жазушылар, сонымен қатар бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Кеңейтілген кеңес институттың директоры, ҚР ҰҒА мүше-коореспонденті, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, мерейтой иесінің өмірбаянымен институттың аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Г. Орынбаева таныстырып өтті.
А. Тоқтабайдың Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің алғысөзімен оқырманға жол тартқан «Қазақ тазысы» кітабын таныстыру және тұсаукесер рәсімі институт директоры Х.М. Әбжанов пен «Атамұра» баспасының вице-президенті Р.Ә. Құл-Мұхамедтің сөз сөйлеуімен ашылды. Институт директоры Х. Әбжанов «қазақ тазысына байланысты үш тілде жарық көрген тұңғыш кітап» десе, «Атамұра» баспасының вице-президенті Рахима Әбрарқызы кітап жақында өткен VII халықаралық «Ұлы Жібек жолымен» көрмесінде өте құнды ғылыми-танымдық еңбек ретінде «Жыл кітабы» аталғандығын жеткізді.  Мерейтой иесінің ғылым жолындағы жетістігіне, ғылыми еңбектеріне және жаңа басылымға ұстазы, ҚР ҰҒА академигі О. Исмағұлов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ұ. Есдәулетов, ҰҒА академигі Т.Ш. Қалменов, т.ғ.д., профессор М.Қ. Қойгелдиев және т.б. ғалымдар жылы жылы лебіздерін білдірді.