«Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты дөңгелек үстел

8 мамырда институтта Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күніне «Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты дөңгелек үстел өткізіп, ұзақ жылдар институтта қызмет еткен соғыс ардагері Н. Едігенов құрметті қонақ ретінде шақырылды. Дөңгелек үстел жұмысын ашқан институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Н.Ә. Атығаев қатысушыларды мейрамен құттықтай отырып, Ұлы жеңіске жетуде қазақстандықтардың көпшілігі қан майданнан қайтпай қалғандығын, олардың көпшілігінің ерлік істері осы күнге дейін өз деңгейінде зерттелмей зерттеушелерін күтіп отырғандығын атап өтті. Бас баяндаманы жасаған институттың Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов бұл соғыстың қасіретін, қазақстандықтардың майдан мен тылдағы ерлік істері, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың партизан қозғалысына қатысу барысына жан-жақты тоқталып, әлі де болса бұл соғысқа байланысты қарастырылатын мәселелердің барлығын атап өтті. Соғыс мәселесіне қатысты ғылыми хабарлама жасаған институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова соғыс ардагері Н. Едігеновтің ХХ ғ. 50-60 жж. Ұлы Отан соғысы мәселесіне қатысты ғылыми зерттеулеріне тоқталып, ғалымның партизан қозғалысына қазақстандықтардың қатысуы, тылдағы еңбектеріне қатысты зерттеулерінің маңыздылығын нақтылап айтса, институттың аға ғылыми қызметкері т.ғ.к. Г.Ж. Өскембаева соғыс жылдарындағы Қазақстан ғылымына тарихшы ғалымдардың қосқан үлесін саралай келе, сол кездердегі А. Панкратова, Е. Бекмаханов және т.б. ғалымдардың және соғыстан кейінгі жылдардағы тарихшы ғалымдардың көтерген мәселелеріне тоқталды.
Аға ғылыми қызметкер, т.ғ.к. З.М. Төленова академик М.Қ. Қозыбаевтың Ұлы Отан соғысы мәселесіне қатысты зерттеулерін айта келе, ғалымның және соғыс мәселесін тереңдете зерттеген институттың Т. Балақаев, Қ. Алдажұманов сияқты ғалымдарының еңбектерін қайтадан бастыртудың маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел қонағы, соғыс ардагері Н. Едігенов сөзінде Ұлы Отан соғысы туралы алғаш зерттеген, әрі осы мәселені зерттеу барысында топ құрған академик А. Нүсіпбеков екендігін, Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы мәліметтерді Киев, Минск, Москва, Ленинград, Подольск сияқты қалалардың мұрағаттарынан жинастыруда тікелей басшылық жасағандығын, сол зерттеулердің нәтижесінде тың зерттеулер дүниеге келгендігін атап өтті. Ғалым-ардагер партизан қозғалысына қатысқан қазақстандықтарды анықтау барысында Ковпакпен кездескендігі жөнінде де әңгімелеп берді.
1941-1945 жж. тылда еңбек еткен академик, тыл ардагері М.Х. Асылбеков алда Ұлы Жеңіске 70 жыл толатындығын, осыған орай «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты халықаралық конференция өткізу, әлі де соғыс проблемасын зерттеу қажеттігін ұсынды. Т.ғ.д. А.И. Құдайбергенова жастардың патриоттық сезімде тәрбиелеуде ҰОС қатысты материалдарды баспасөз арқылы насихаттаудың маңыздығын айтып, институт сайтына институтта зерттелген еңбектерді салу мәселесін көтерді. Пікір алмасу барысында сөз алған Р.Е. Оразов, Д.А. Рақұмқұлов және т.б. ғалымдар соғыс мәселесін зерттеуге жастарды тарту қажеттігіне үндеді.