Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық және «Үлкен террор» тарихы: зерттелу деңгейі және проблемалары


Смагулова С.О.

30 мамыр күні институтта Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің ұйымдастыруымен Ашаршылық қасіреті мен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық және «Үлкен террор» тарихы: зерттелу деңгейі және проблемалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, оның жұмысына институт қызметкерлері мен арнайы шақырумен «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Б.О. Қойшыбай қатысты. Дөңгелек үстел институттың директоры, ҚР ҰҒА корр. мүшесі,тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжановтың кіріспе сөзімен ашылып, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы бірнеше аштықтар мен қуғын-сүргін науқаны қазақ халқына үлкен қасірет болып тигендігін, ашаршылықтан жеуге тамақ таппай, қажып, қалжырап, босқандардың, аштықтан қырылғандығын, аштық нәубеті қуғын-сүргіннің көлеңкесінде қалып, аталмай келгендігін айтып өтті. Қазақстандағы аштық қасіретін нақтылауда институтта іргелі зерттеу жобасы жүзеге асырылып, зерттеулер жүргізіліп жатқандығын айта келе, шынай тарихи шындықты қалпына келтіруде мұрағат қорларындағы құжаттардың барлығы зерттеушілер үшін ашық, әрі қолжетімді болуын абзал санады.
Дөнгелек үстелдегі бас баяндаманы жасаған институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Қ.С. Алдажұманов Қазақстандағы ашаршылық зардаптары мен «үлкен террор» тарихын зерттеу барысына тоқталып, қазақстандық Б. Төлепбаев, Г. Дахшлейгер және т.б. ғалымдардың ашаршылық мәселесіне қатысты жазған еңбектері алғашқы ғылыми зерттеулер екендігін атап өтті. Одан әрі ғалым 1992 жылы елімізде ашаршылық мәселесін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия жұмысының қорытындыларын келтірді. Сонымен қатар Ресей тарихшы ғалымдарының ашаршылық мәселесін көтергенде Қазақстанда болған аштық туралы ауыз ашпайтындығын сынға ала, ашаршылық хронологиясын 1932 жылдан бастамай 1931 жылдан бастау керек деген пікірді білдірді. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың азаматтарының тағдырларын жіті зерттеу болашақ ұрпақтар үшін қажеттігін нақтылады.
Жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Қойшыбай «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамның қуғын-сүргін зерттеу барысына тоқтала отырып, осы нәубетке ұшырағандардың қуғындалу себебіне тікелей жазықты болған жәйттерді саралай айтты. Аштық уақытын кезеңге бөліп, оның біріншісіне 1917 жылды, екіншісіне 1921-1922 жж., ал үшіншісіне 1931-1933 жж. аралығын жатқызды.
Институт директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы С.О. Смағұлова ХХ ғасырда Қазақстанда болған бірнеше аштықтарға, осы нәубетті ауыздықтауға белсене кіріскен ұлт зиялылары, оның ішінде Т. Рысқұловтың Түркістан өлкесіндегі ашаршылықты жоюдағы қызметі тоқталды. Аға ғылыми қызметкер, тарих ғылымдардың кандидаты С.Ә. Асанова да қазақ зиялыларының қуғындалу барысын баяндаса, институттың кіші ғылыми қызметкері 30-шы жылдарда ашаршылықты зерттеуде 1926 және 1939 жылдардағы санақ нәтижелерінің қолданылуын мысалдармен дәлелдеді.
Бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы А.И. Құдайбергенова ашаршылық пен қуғын-сүргін тұсындағы халқымыздың құрбан болуын демографиялық зерттеу жүргізу арқылы анықтау қажеттігін көтерді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тарапынан ғылыми хабарлама жасағандарға сұрақтар қойылып, ашықтық пен қуғын-сүргінге қатысты пікірлер айтылды.