Қазақтар және Қазақ мемлекеттілігі мәселесі соңғы орта ғасырдағы Сефевидтік деректерде

2013 ж. 13 маусым күні Институтта белгіленген жоспар бойынша методологиялық семинар жұмысы өткізілді. Баяндаманы «Қазақтар және Қазақ мемлекеттілігі мәселесі соңғы орта ғасырдағы Сефевидтік деректерде» («Казахи и казахская государственность позднего средневековья в источниках Сефевидского круга») тақырыбында институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., доцент Н.Ә. Атығаев жасады.
Баяндамашы «Қазақтар және Қазақ мемлекеттілігі мәселесі соңғы орта ғасырдағы Сефевидтік деректерде» тақырыбы бойынша Сефевид мемлекетінде жазылған тарихи деректер зерттелуде екенін жеткізді. Сефевид мемлекеті ХVІ-XVIII ғасыр басында өмір сүріп, қазіргі Иран, Әзірбайжан, Арменияның кей аймақтары кіргенін баяндады. Бұл мемлекет тарихта «Қызылбас мемлекеті» деген атау менен де белгілі болды, себебі оны құрған түркі тілді тайпалар бастарына қызыл жолақты бас киім киген. Баяндамашы көшпелі мемлекет мәселесіне де тоқтап, зерттеушілердің мемлекет нышандарын әр түрлі белгілейтінін, оның себептерін баяндады. Баяндаушы Қазақ хандығын мемлекет санатына жатқызуға болады деген қорытынды жасады. Қазақ хандығының заманының халықаралық қатынастардың субъектісі болғанын деректермен айғақтады.
Баяндамашы Сефевидтік қолжазбалардың шетелдерде, әсіресе Иранда, көп сақталған, тақырып бойынша зерделенетін деректер шартты түрде нарративтік шығармалар және құжаттық деректер деп бөлініп қарастырылып жатқанын жеткізді. Баяндамашы әр деректің шығу тарихына, түпнұсқаларының сақталуына, бүгінгі таңдағы зерттелу деңгейіне, оның Қазақстан тарихын бағамдаудағы алатын орнына кең тоқталды. Деректердегі Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы тарихына байланысты тың мәліметтерді тыңдаушыларға жеткізді.
Баяндама семинар жұмысына қатысып отырған ғалымдар, жас тарихшылар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, этнология және археология факультетінің магистранттары тарапынан қызығушылық туғызды. Баяндамашыға аталған тақырып аясында орындалып жатқан жобаның жүзеге асырылуына, қарастырылып жатқан деректердің өзіне, ондағы нақты кездесетін мәліметтерге байланысты, мемлекет, мемлекеттілік ұғымдарына, теория-методология мәселелеріне қатысты бірнеше сұрақтар қойылды және оған қанағаттанарлықтай жауап берілді.