Қанат Өскенбай. XIII–XV ғасырдың басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ. Жошы Ұлысының этносаяси тарихының проблемалары

Қанат Өскенбай. XIII–XV ғасырдың басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ. Жошы Ұлысының этносаяси тарихының проблемалары / Редактор И. М. Мирғалеев. – Қазан: ТР ҒА «Фэн» баспасы, 2013. – 288 б. («Алтын Орда тарихы мен мәдениеті» сериясы. 17 басылым)

2013 жылы мамыр айында Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш.Маржани атындағы Тарих институтының М.А. Усманов атындағы Алтын Орда тарихын зерттеу орталығында қазақстандық тарихшының ғылыми монографиясы жарық көрді. «ХІІІ–XV ғасырдың басындағы Шығыс Дешті Қыпшақ. Жошы Ұлысының этносаяси тарихының проблемалары» атты ғылыми монографияның авторы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және ортағасыр Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбай.

Кітап Қазан қаласындағы «Фэн» баспасынан тарих ғылымдарының кандидаты Ильнұр Мирғалеевтің редакциясымен «Алтын Орда тарихы мен мәдениеті» сериясы бойынша (17 басылым) жарияланды.

Кітапқа пікір жазған – ресейлік белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Вадим Трепавлов.

Кітапта ХІІІ–XV ғасырдың басындағы Шығыс Дешті Қыпшақтың этносаяси тарихы баяндалған. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының Монғол империясының құрамына кіруі, Жошы мен оның ұлдары – Орда, Баты және Шибан ұлыстарының құрылуы сөз болған. Ақ Орда және Көк Орда  терминдері жаңа қырынан ашылған. Жошы ұлысының шығыс қанаты – Ақ Орда бастан кешкен саяси процестер сарапталып, оның әлсіреуі мен құлауына түрткі болған себептер көрсетілген.

Кітап тарихшылар мен жалпы ғылыми қауымдастыққа арналған.