Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

М-А.Х. Асылбек Отан Тарихы туралы ой


Мың өліп мың тірілген қазақ ұлтының төл тарихы да басынан көп қиыншылықтарды өткізді. Кеңес дәуіріндегі алғашқы буын тарихшылар С. Асфендияров, Т. Рысқұлов және тағы басқалары буржуазияшыл ұлтшыл делініп, 30-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, атылды. Екінші буын – Б. Сүлейменов, Е. Бекмаханов бастаған топ 1948 жылдың аяғы мен 1953 жылдың басында Кенесары Қасымов көтерілісіне байланысты сотталып, Сібірге айдалды. Тек «хрущев жылымығы» ғана көп ұзамай олардың елге қайтуына мүмкіндік берді. Сол кезден бастап, орта мектепте Қазақстан тарихы Кеңес Одағы тарихының бір бөлігі ретінде, аз ғана сағат көлемінде оқытыла бастады. Шағын оқулық та жазылды. Дана ақынымыз Қадырдың; біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы, деп жазатыны сол тұста. Мектепте негізінен Ресей мен әлем тарихы оқытылды. Тәуелсіздік жағдайында орта және жоғарғы мектептерде Қазақстан тарихы кеңінен оқытыла бастады. Дегенмен, кейінгі кезде жағдай өзгеріп, төл тарихымызды оқытуда техно-краттық бағыт қалыптаса бастаған-ды.

Жақында Астанада Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Ол отырыстың Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген тұжырымыңа орай ұйымдастырылғаны белгілі. Мемлекеттік хатшы М.М. Тәжиннің жасаған баяндамасында Отан тарихын әрі қарай зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелеріне басты назар аударылды. Бұл отырыс еліміз еліміз тарихының қордаланып қалған мәселелерін шешуге оң әсер етеді деп сенеміз. Себебі, Отан тарихын жоғарғы оқу орындарында оқыту мәселесі күрделі, түрлі бағыттағы өзгерістерге ұшырап, бұл саладағы жағдай шиеленісе бастаған еді. Атап айтқанда, жоғарғы оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары не жабылып, не азайған-ды, сағаттары қысқарып, тарих пәніне мемлекеттік емтихандар алынып тастау қаупі төнген-ді. Тарихшы мамандар: оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді дайындау да жыл сайын төмендеп келген-ді. Диссертациялық кеңестер жабылған соң, доктор-кандидаттарды даярлау да тоқтап, олардың елдегі саны табиғи түрде кеми бастады. Ал басқа шетелдерде қорғауға рұқсат берілмеді.                                   Отан тарихы бойынша жазылған оқулықтардың да кемшіліктері жеткілікті болды. Осы мәселелердің көбі тарихшылар арасында түсінбестік тудырып, дүрліктіріп келген-ді. Сонымен бірге орта мектепте тапсыратын Бірыңғай ұлттық тест оқушыларды білімді саналы түрде меңгеруден алшақтатып, жаттауға үйретіп келеді. Осы жерде айтатын нәрсе – өркениетті саналатын Батыс елдері, әсіресе Франция мен АҚШ-та осындай тестілеудің зардабын бастан кешіп, одан әлдеқашан үзілді-кесілді бас тартқан-ды. Қазақстан тарихы ғылымында да шешілмей жатқан проблемалар, дау-дамай туғызып отырған мәселелер жеткілікті. Әсіресе тарих ғылымына сырттай араласып, көп мәселелер жөнінде қисынсыз ой-пікір айтып, соны дәріптеп жүргендер де аз емес. Отан тарихын ұлттық мүдде негізінен, жаңа көзқараспен талдап, обьективті, шынайы зерделеу жетіспей келеді. Міне Отан тарихын оқыту мен зерделеудің осындай кемшіліктер мен қиыншылықтарға кездескен кезінде өткізілген бұл отырыстың өте маңызды да, уақтылы да екені Мемлекеттік хатшы баяндамасынан белгілі болды.

Баяндамада Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында оқыту және зерделеудің жаңа бағыттары мен жолдары отырысқа қатысқан тарихшылардың кең қолдауын тапты десек орынды болады. Әсіресе, енді бұдан былай әрбір жоғарғы оқу орнында Қазақстан  тарихы кафедрасы ашылатын болды, тарихшы-студенттерге арнайы орын (грант) бөлінеді, профессор, доцент, оқытушылардың оқу жүктеме сағаттары қысқартылады. Тарихи сананы қалыптастыру шаралары кеңінен іске асырылады, Отан тарихы қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың көшбасшысына айналады. Міне оң өзгерістер деген осы.

Осы жиынға қатысқандықтан, біз де жоғарыда айтылған мәселелер жөнінде өз ұстанымызды білдіріп, ортаға салғанды жөн көрдік.

Ғылымды ғалымдар басқарсын

Қазақстан ғылымы тәуелсіздік жағдайында, жаңа ұлттық негіз бен бағытта өркендеп дамуы керек еді. Дегенмен, ірі-ірі табыстарға жеткенімен, көлемді қаражат бөлінгенімен, бұрынғымен салыстырғанда адымдап өсіп келеді, деп айта алмаймыз. Оған обьективтік себептер де (одақтың ыдырап, ғылыми байланыстың күйреуі, экономикалық дағдарыс, нарық қатынасуына өтудің қиыншылықтары және т.б.), субьективтік кемшіліктер де әсер етті. Дегенмен, қазіргі жағдайда ғылымның дамуына кері әсер ететін басты жағдай, біздің ойымызша, тиімді басқару жүйесі қалыптаспағанында, – деп ойлаймыз. Бұрынғы қара шаңырақ – Ұлттық ғылым академиясы ғылымнан шет қалды. Оны министрліктің Астанадағы Ғылым комитеті басқарса, жергілікті жерлерде ғылыми орталықтар қадағалайды, ғылыми-зерттеулер жоғарғы оқу орындарына көбірек тапсырылады. Министрліктің бала-бақшадан, орта мектептен, кәсіби лицейлер мен колледждерден, әсіресе жоғарғы оқу орындарынан қолы тимейді, ғылымға назар аударуға уақыты да жете бермейді, оны шенеуніктер басқарады. Осыдан шығатын ұсынысымыз – ғылымды басқаруды ғалымдарға берген жөн. Бұл мәселе Түрікменстандағы секілді орнына келетін кез болады, бірақ біз оған неғұрлым тез, төрт көзіміз түгелде жетсек, соғұрлым жақсы болар еді. Тіпті олай болмағанда, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар академиясын құрып, ғылымдардың осы саласын тікелей Үкіметке бағындырса да, не өз алдына тікелей Президентке бағынатын үкімет органын құрса да болар еді.

Ғылыми зерттеулердің басым көпшілігін арнайы ғылыми институттарға тапсырған жөн. Батыстың моделі бізге дұрыс келе бермейді, оларда дәстүрлі түрде ғылым университеттерде дамыған, ал бізде арнайы зерттеу институттарында өркендеген. Жоғарғы оқу орындарында істейтін аға мұғалім, доцент және профессорлардың мың сағатқа дейін міндетті дәрісінен кейін, ғылыммен айналысуға, ішінде аз ғана  дарындылары болмаса, мүмкіндіктері де жоқ.

Қазіргі тарих ғылымы салалары негізінде зерттеулер бұрынғы АлматыдағыҰлттық ғылым академиясындағы үш институтта және Астанадағы Мемлекет тарихы институтында жүргізіліп келе жатыр. 1980 жылдың аяғынан бастап, әсіресе тәуелсіздік кезеңінде Отан тарихы салаларында көптеген проблемалар жаңа көзқараспен қайта қаралып, жаңа тұжырымдар жасалды. Жаңа тарихи ұлттық сана қалыптаса бастады. Солардың бастылары: Қазақ мемлекетінің негізі тереңнен, ежелгі түркілерден, әсіресе Алтын орда ыдырағаннан бастау алатыны: Қазақ хандарының, батыр, билерінің ел тәуелсіздігі үшін күресінің мәні мен мазмұны; Ресейге бодан болудың әртүрлі жақтары мен зардаптары; ұлт-азаттық қозғалысының басталуы, барысы мен нәтижелері; Әсіресе Кенесары көтерілісінің маңызы; Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттері мен тағылымы; кеңестік дәуірдегі қазақ көрген зорлық-зомбылық, жаппай ашаршылық, қуғын-сүргін; Кеңес өкіметіне қарсылық; өз отанында қазақтардың аз ұлтқа айналуы; Семей, Арал сияқты ел қасіреті және т.б. Қазір біздің институт, басқа институттармен бірге отырып, 10 томдық, 20 кітаптан тұратын «Қазақстан тарихы» атты көлемді зерттеу ісін қолға алып, ірі де, жауапты да іске кірісті. Отан тарихында қол жеткен жетістіктердің бәрі бұл еңбекте өзінің тиісті орнын алады, – деп ойлаймыз. Дегенмен, әлі де Отан тарихында шешілмеген, әртүрлі дау-дамай, пікір талас-айтыс тудырып жүрген мәселелер де жеткілікті. Солардың басты-бастыларын атап қана өтейін.

Отарлық дәуірге «ода»

Ресейдегі үш тарихи институт басшылары мен ат төбелетіндей аз ғана тарихшылар: Ресей мемлекеті құрамында болған әртүрлі халықтар мен аймақтар үшін, Ресей отарлық империя да болған жоқ, сондықтан олардың тарихында «отарлық дәуір» де болған жоқ, – деп уағыздап келеді. Бұл мәселе патшалық дәуірде де, кеңестік дәуірде де еш талас тудырмаған еді. Қазір Ресейдің геосаясатына байланысты, бұрынғы Ресей империясы мен Кеңес Одағы құрамында болған, кәзіргі тәуелсіз ұлттық мемлекеттер мен аймақтарды Ресей төңірегіне жинау мақсатында осындай ғылыми жалған тұжырым орын алуда.

Кеңес дәуіріндегі мына мәселелерді анықтап алуымыз қажет сияқты: қазақ коммунистері мен Алаш партиясы арасындағы жергілікті күрес, оның себептері, зардаптары мен нәтижелері; 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың себептері, нәтижелері мен салдары; 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы әскери тұтқынға түскен қазақтардың тағдыры; тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесі мен салдары; Қазақстан экономикасында тоқырау болды ма?, болса-нәтижесі мен салдары; Қазақстан халқының демографиялық дамуы, жергілікті ұлттың даму ерекшеліктері, өзінің табиғи территориясында (1959 ж. – 29,8%-ға) азшылыққа айналуы; Кеңес үкіметінің көші-қон саясатының салдары, Қазақстанға жер аударылған көптеген халықтың жағдайы, лагерьлер құрылуы, қоныс аударушылардың жұмыс күші ретінде көптеп келуі және т.б. жетерлік. Осы көптеген  мәселелерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз, оны он томдықта көрсете отырып, бұл оның ішінде жергілікті коммунистер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағы да қажет етеді. Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір адамдар Әлиби Жангелдинді, Сәкен Сейфуллинді, Бақытжан Қаратаевты, Тұрар Рысқұловты, Мұхамедияр Тұнғаншинді және де  басқа кеңес билігінде болған қайраткерлерді «әшкерелейді», 1917-1930 жылдардағы қарқынды саяси қарама-қайшылықтар арасындағы жағдайды тың тұрғыдан қарастырмай, тарихымызды игере алмаймыз. Ұлт коммунистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олардың барлығы өздерінше қазақ халқының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РКФСР Халкомның төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов пен Қоқан автономия үкіметінің Жетісудағы коммиссары – М. Тынышбаевтың – Түркістан-Сібір темір жолын салудағы бірлесіп атқарған қызметі жарқын үлгі бола алады. Қазақ элитасының осы екі тобының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да, билей бер» деген Орталық саясаттың іске асуында да жатыр. Жоғарыдағы жәйт орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сынақтан өткен әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақ интеллегенцисы өкілдерін жойып отырды. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық республикаларында да, облыстары мен округтарында да орын алған еді. Көп томдық «Қазақстан тарихында»  бұл мәселелер өзінің объективті бағасын табуы қажет. Осы еңбекте М. Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес кезінде Мұса Жалилді ардақтай алған татар тарихшыларының қызметі үлгі бола алады. Жалпы соғыста жау қолына тұтқынға түскен өз азаматтарына көрсеткен қуғын – сүргіні бойынша, Кеңес өкіметі шектен шыққан қатыгездік көрсеткенін арнайы зерттеген де жөн. 1931-1933 жж. жаппай ашаршылық жылдарында қазақ халқы жартысынан айрылды. Бұл орасан зор қайғылы оқиға, бірақ оны арнайы ұйымдастырылды, жерді орыстарға босату үшін қазақты жоюды көздеді, – деуге болмайды. Аштық алдында, оның кезінде және кейін де үкіметтің төтенше шаралар қолданып, халықты аман алып қалу жөніндегі әрекеттері туралы деректер жеткілікті. Бір мысал келтіре кетсем: 1928 ж. өзінде Жетісу облысында халыққа азық-түлік жетіспеу сезіле бастады, миллиондаған сом Қытайдан астық әкелуге бөлінді, ал жергілікті биліктің қылмысы – сол астықты уақытылы сатып алуды ұйымдастыра алмауында, ақшаны игере алмауында еді.

Көзқарас өзгеруге тиіс

Отан тарихы тәуелсіз Қазақстан халқын, әсіресе жастарды патриоттық рухта, өз Отанын, туған ұлты мен жерін, оның өткені мен кәзіргісін сүйіп, болашағына адал еңбек етіп, үлкен сеніммен қарауға тәрбиелеп, баулитын ең бір күшті құрал мен ғылым. Міне сондықтан Отан тарихына деген көзқарас біздің қоғамда әлі де өз деңгейінде емес, десек, қателеспейміз. Кәзір жоғарғы оқу орындарындағы Қазақстан тарихын оқыту күрделі, түсініксіз бағыттағы өзгерістерге ұшырауда. Бұрынғы оқылатын 75 сағаттан 30 сағатқа дейін (оның 15 – ғана лекция) қысқарып, мемлекеттік емтихан жойылды. Бұл оқиғаны өз қолымызбен жасалған, орны толмас теріс істі, ұлттық намысқа, ар-ожданға, ең негізгісі отан сүйгіштікке, патриоттық тәрбие ісіне тікелей қарсы бағытталған әрекет, – деп санамасқа болмайды. «Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың», – деген еді Н. Некрасов. Тәуелсіздік жағдайында Отан тарихына, оның жоғарғы мектептерде оқылуына жасалған бұл бірінші шабуыл емес.                                                                                              Осыдан 7-8 жыл бұрын да жоғарғы техникалық оқу орындары  басшыларының осындай теріс пиғылдағы, технократиялық ора-шолақ әрекеті болған-ды. Сонда тарихшылар қоғамдағы гуманитарлық зиялы қауыммен одақтасып, бұл әрекетке тойтарыс берілген-ді. Ал Қазір ше?! Тарихшылар конгресі бұл күрделі мәселеден неге тыс қалып отыр?! «Абылайдың асында шаппаған аттан» не үміт, не қайырдың кері келіп отырған жоқ па?! Билікке сөзі өтетін тарихшылар қауымы қайда?! Әлі де кеш емес, бұл мәселені оңды шешуге республикадағы тарихшылар жиыны өз үлесін қосады, – деп сенеміз. Сөз орайында жақында ғана болған өрескел бір оқиғаны айта кетейін: Мемлекет хатшысының Астанадағы баяндамасынан кейін Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университетте күтпеген жағдай болды. Осы жоғары оқу орнындағы Қазақстан тарихы кафедрасына жабылып, әлем тарихы кафедрасына қосылды. Тарихшылардың наразылығына қарамастан университет басшылығы ұлттық мүддеге қарсы Отан тарихына зиян келтіретін өрескел іс-әрекетке барды. Мұны не деуге болады?

Осы жерде Мемлекет тарихы институтының жауапкершілігі күшті. Біріншіден, бұл Институт басшылары Қазақстан тарихын оқыту бағдарламалары мен оқу жоспарларын қарастыратын жұмысшы комиссияларын басқарған. Міне сондықтан Қазақстан тарихын оқытудағы теріс өзгерістерге, әсіресе тек тәуелсіздік дәуірді ғана оқыту туралы шешімге осы Институт басшыларының үзілді – кесілді қарсы тұруы керек еді. Өздерінің оң пікірін айтып, баспасөзде жариялау ғана дұрыс. Тәуелсіздіктен бұрынғы Отан тарихы – біздің еліміздің төл тарихы емес пе?! Тәуелсіздіктің өзі сол ғасырлар бойындағы күрестің нәтижесі еді ғой?!

Содан кейін, Мемлекет тарихы институты қазіргі мемлекетіміздің табыстарын уағыздап, ғылым мен үгіт-насихат саласында, әрине, едәуір еңбек етіп келеді. Дегенмен, институт жұмысының бағытына бір жүйелілік, нақты бағыт жеткіліксіз сияқты көрінеді. Оның соңғы зерттеулері С. Әсіпов, Қ. Алдажұманов, С. Шілдебай және т.б. белгілі тарихшылар тарапынан әділ сынға ұшырауда. Мысалы: Отанын сатқан Резун (Суворов) сияқтыларға сүйеніп, Ұлы Отан соғысы тарихын талдау шындыққа жатпайды; Ахмет Байтұрсыновты ақтаймын деп, Әліби Жангелдинді қаралауға болмайды. Деректер мен мақалалар жинақтарына көп көңіл бөлгенше, қазіргі мемлекеттігіміздің күрделі мәселелерін шешуге үлес қосқан орынды болар еді деп санаймыз.

Тарихшы маман ғалымдарды даярлау мәселесі қазіргі жағдайда күйзеліске ұшырауда, – десек те қателеспейміз. Болон процесіне қосылу нәтижесінде, докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғататын кеңестер жойылды. Доктор-кандидаттар қатары азаюда, әсіресе докторлар қатары табиғи жағдайға байланысты сиреп келеді, кандидаттар қатары енді көбеймейді, жылдан жылға азая түседі, олардың орнын басатын доктор PhD-дердің өсуі шамалы. Жалпы доктор PhD ғылыми дәрежеден академиялық атаққа жақын екені де белгілі. Олардың көбінің деңгейі кандидаттан да төмен. Осыдан кейін 5-10 жыл ішінде жоғары оқу орындарында да, ғылыми зерттеу институттарында да істейтін тарихшы мамандардың көбі магистрант, тіпті бакалавр болмасына кім кепіл бола алады?! Сондықтан, жоғары мамандығы бар тарихшы ғалымдарды даярлау ісін қазірден бастап, қайта қолға алу керек. Ол үшін, біріншіден, қорғауға ұсынылған докторлық- кандидаттық диссертациясы бар, бірақ үлгере алмағандарға мүмкіндік беру керек; республика бойынша Астана мен Алматыда арнаулы, уақытша 2 кеңес ашып, қорғайтындарды анықтап, 1-2 жылдың ішінде мүмкіндік бергені жөн; екіншіден, ғылыми-зерттеу институттарына арнайы PhD-ге орындар бөліп, оған түсуші міндетті түрде, сол институт ұсынған адам алуы қажет; үшіншіден, сыртта қорғауға да рұқсат беру керек. Мұның бәрі – Болон жүйесі мен отандық жүйенің қатар жүре беруін ерте, қажетсіз, тоқтатудан шыққан кемшіліктер екені енді белгілі болған жоқ па?! Астанадағы отырыста Мемлекеттік хатшының жасаған баяндамасындағы шешімдер мен шығып сөйлеген тарихшылардың ұсыныстары және Отан тарихының қоғамымыздағы мәні мен маңызын жоғары көтеруге бағытталған күрделі шаралар оның ғылымы мен оқыту жүйесіндегі өскелең дамуына үлкен үлес қосады, – деп сенеміз.