М.Х. Асылбек Көпұлттықтың нәтижелері мен салдары

Жақында ғана, 2014 ж. 5 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Франция Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесуінде «Біздің елімізде 100-ге жуық ұлттың өкілі тұрады, олар тең құқыққа ие, тілдері мен мәдениеті қорғалған. Түрлі этностардың тілінде оқытатын мектептер жұмыс істейді. Діни конфессиялар қызмет істеп, мінәжат орындары салынуда. Біз осылайша адамның маңызды құқықтарын қамтамасыз етудеміз. Біздің өз тарихымыз, мәдениетіміз бен дәстүріміз бар және одан бас тартпаймыз. Әлемде қалыптасқан демократиялық стандарттарды құрметтеп және соларға ұмтыла отырып, біз өз болмысымыздан ажырағымыз келмейді» [1] деді. Бұл қазіргі жағдай. Егеменді Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері күнделікті өмірімізде, еңбекте де, жай жүріс-тұрыста да, мәдени-демалыста да тату тәтті, еш дау-дамайсыз өмір сүріп жатыр, әрқайсысы егеменді еліміздің экономикасы мен мәдениеттің өсіп дамуына, тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне өз үлестерін қосып жатыр. Қазақстан халқының бірлігін күшейтуге, көп ұлт өкілдерінің өз тілін сақтап, мәдениетін дамытуға Елбасы ұстаған ұлттық саясат, өзі басқарған Қазақстан халық Ассамблеясы да осы бағыттарда қыруар жұмыс атқаруда. Бұл жөнінде осы тараудың төртінші бөлімшесінде жан-жақты айтылған. Біз осы мақаламызда елімізде қалыптасқан Қазақстан халқы құрамының көпұлттық сипат алу тарихы нәтижелері, әсіресе ана тілі мен орыс және ағылшын тілдерін меңгеруге байланысты кейбір мәселелерді айтуды жөн көрдік.

Қазақ еліндегі халық құрамының көпұлттық сипат алуы негізінде отарлау дәуірінен басталды, – десек қателесе қоймаймыз. Дегенмен орыс патшалығының ХVI-ғасырдың ортасында Иван IV (Грозный) кезінде Қазан (1547-1552 жж.),Астрахань (1556ж.) хандықтарын талқандап, Сібір хандығы (1555 ж.) мен Ноғай ордасын бағындырудан соң және осы елдерден ұлт-азаттық көтерлістеріне қатысып,жеңілген татар, башқұрт және басқа ұлт өкілдері Қазақ хандығын паналаған еді. Олардың көбі қазақ арасына сіңіп кеткен-ді, сондықтан 1731 ж. Әбілхайыр Хан бастаған Қазақ халқының бір тобы Ресейге бодан болғаннан бастап, қазақ елі құрамының көпұлттық сипат алу процесі басталды, – деп санаймыз.

Әрине бұл процеске Батыс,Солтүстік және Шығыс Қазақстанға орыс казактарының біртіндеп кіріп,әскери қамалдар, бекіністер, станицалар салуы да үлкен әсер етті Қазақстан территориясында төрт Казак әскері (Орынбор,Орал, Сібір және Жетісу) болды.Осы бекіністердің алғашқысы ХIII ғасырдағы Жайық қаласының орнына 1613 ж. салынған Жайық қалашығы (Яицкий городок) – қазіргі Орал қаласы болды. Қазақ елінің құрамының көп ұлттық сипаты Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алып (1864ж.), Қазақстанды толығымен өзіне қосып алған соң күшейе түсті. 1897ж. жүргізілген Ресей империясы халқының жаппай (всеобщая) санағы Қазақ еліндегі халықтың құрамы көпұлттық сипат алуын дәлелдеп берді. Бұл санақ Қазақ жерінде қазақтардан басқа қырықтан астам ұлт өкілдері бойынша мәлімет береді. Бұлардың ішіндегі ең бастылары орыстар, олар үшке бөлінген: великорус, малорус (украин), беларус, соңғы екі ұлт өкілдері көбіне өздерін, әлі тілі мен әдет-ғұрпынан қол үзбесе де, великоруспыз деп жаздырған, себебі великорустарға едәуір жеңілдіктер болған. ХХ ғасырдың басында-ақ Қазақстан халқының көп-ұлттық сипаты күшейе түсті. Қазақ жеріне Ресейдің Батысы, Орталық және басқа губернияларынан көші-қон көбейді. 1897-1917 жж. аралығында қазақтардың үлесі 81,7%-ден 58,0%-ке төмендеді, ал 1926 ж. 58,5%, болды. Оның есесіне орыстардың, украин-белорустардың және басқа европалық этностар өкілдерінің саны мен үлесі көбейе түсті. 1939 ж. орыстар 40,2%, украиндар – 10,8%, белорустар – 0,5%, немістер – 1,5%-ға жетіп, орысша сөйлейтіндер еліміз халқының басым көпшілігіне айналды [2]. Осы 1920-1930 жж. орыс тілінің қолдану ауқымы кеңейіп, қазақ және басқа тілдердің өрісі тарыла бастады. 1939 ж. халық санағы Қазақстанда елуден астам ұлт өкілдерінің есебін анықтады. 1926-1939 жж. арасы Қазақстан халқының ұлттық құрамында орыс тілінің әсерінің – басқа ұлт өкілдерінің орыс тілін ана тілі деп санауының өсе түскенін нақтылап көрсетіп берді. Қазақстан халқын, оның ішінде қазақтар мен басқа жергілікті этнос өкілдерін христиан дініне енгізу («шоқындыру»), орыс тілін ана тіліне айналдыру отарлық дәуірде-ақ басталған-ды, ал Кеңес өкіметі жағдайында орыс тілі ауқымы күшейе түсті. 1926 ж. қазақтардың бар болғаны 1015 адамы ғана орыс тілін ана тілім деп санаса (бұл 0,02%), 1939 ж. олардың саны 5168 адамға жетіп, үлесі 0,22% болды, ал 1959 ж. 12461 адам болды – үлесі 0,44 % ға жетті [3].

Бұл процесс, яғни көп этнос өкілдерінің арасында өз ұлты тілінен айырылып, орыс тілін ана тілім деп мойындауы, қазақтармен салыстырғанда, едәуір күшті болып, оның нақты нәтижелері де көбейе түсті.Бұл жағдай славян және басқа европалық этностар өкілдері арасында айқын байқалды. 1926 ж. Қазақстандағы белорустардың 85,6% орыс тілін ана тілім деп көрсеткен. 1926-1939 жж. арасында орыс тілін ана тілім деген украиндар 29,2% -дан 37,5%-ға, немістер 3,2% -дан 7,0%-ға, еврейлер 31,6%-дан 60,2%-ға жетті. Мұндай поляктардың саны 990 адамнан 8,6 мыңға жетті. 4,5 есе өсті. Орыс тілін ана тілім деп көрсеткендер түркі-мұсылман этностары өкілдері арасында да біртіндеп көбейе бастады, бұл әсіресе татарлар ішінде анық байқалды: 1926 ж. 516 адам ғана татар орыс тілін ана тілім десе, 1939 ж. 6257 адамға жетті, ал үлесі 0,6%-дан 5,8%-ға жетті. Кәрістер Қыйыр Шығыста болған кездің өзінде орыс тіліне ауысқанына біраз болған-ды. 1939 ж. Қазақстандағы кәрістердің 5,0% орыс тілін ана тілім деп көрсеткен [4].

Екінші дүниежүзілік соғыс, онан кейінгі жылдар, әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде, Қазақстан халқы арасында орыс тілі ауқымы күшті кеңейіп, пайдалану деңгейі өсе түсті. Бұл жағдайға қазақтардың өз елінде 30,0%-дан төмендеуі, сырттан келген мигранттардың (әсіресе соғыс жылдары көп халықтардың жер аударылуы және т.с.с.) басым болуы күшті әсер етті.

1959 ж. санақ бойынша Қазақстан халқының ішінен 607257 адам өз ұлтының тілі емес орыс тілін ана тілім деп көрсеткен.Бұл бүкіл Қазақстан халқының 6,5%-еді. Бұл процесс әсіресе славян және европалық этностар өкілдерін кеңінен қамти түсті: орыс тілін ана тілім деген украиндықтар 40,2%, белорустар – 36,2%, поляктар – 34,2%, гректер – 12,5%, немістер – 16,1%, ал кәрістер – 25,7%- ға дейін өсті. Түркі-мұсылман этностары өкілдері арасында бұл процесс едәуір ілгерілей түсті. Мысалы, татарлар арасында ана тілім орыс тілі дегендер 11,4%, ұйғырлар – 17,0%, әзербайджандар – 3,8%, өзбектер – 1,5%, шешендер – 1,5% және т.с.с. болды [6].

Кеңес дәуірінің соңғы жылдары Қазақстан халқы арасында орыс тілінің қолдану өрісі шыңға шыққан еді. 1989 ж. халық санағы бойынша халықтың 35,8% орыс тілін де екінші тіл ретінде емін-еркін игерген еді, оның ішінде қазақтардың 62,8%, татарлардың – 64,3%, ұйғырлардың – 62,0%, әзірбайжандардың 64,7%, түріктердің – 71,8%, кәрістердің – 47,0%, немістердің – 50,6%, өзбектердің – 52,1%, украиндардың – 32,3% орыс тілін екінші тіл ретінде (өз ана тілінен соң) жақсы білген-ді [7]. Әрине, басқа тілді, немесе бірнеше тілдерді, бірақ ана тілінен соң, меңгеріп, өмірде, еңбекте, әсіресе шығармашылық жағдайда кең пайдалану үлкен табысқа жатады, орыс тілі арқылы тек Ресейдің ғана емес, Европалық, тіпті дүниежүзілік мәдениетке жол ашатын жағдай. Бұл көпұлттықтың жақсы бір көрінісі. Сонымен бірге Қазақстан халқының ағылшын тілін меңгеруде де қол жеткен жетістіктері баршылық. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың үш тілді – қазақ, ағылшын және орыс тілін меңгеру жөніндегі нұсқаулары іске асуда. Осыдан бес жыл бұрын өткен Ұлттық санақ бойынша (2009 ж.) Қазақстан халқының ағылшын тілін ауызша түсінетіндер 15,4%, оның ішінде еркін жазатыны – 7,7% ға жеткен-ді, кейінгі бес жылда Қазақстан халқының ағылшын тілін меңгеруде жаңа жетістіктерге жеткені күмән туғызбасы керек. Ағылшын тілін меңгеруде кәрістерден (24,2%) кейін болғанымен қазақтардың (17,5%) Республикадағы басқа этнос өкілдерінен едәуір алда келе жатқаны қуантарлық жағдай. Бұл көрсеткіш орыстарда – 12,6%, украиндар – 8,0%, немістерде – 9,1%, белорустарда – 6,8%, поляктарда – 9,2%, және т.с.с. Осы жерде қазақтармен қабат, түркі-мұсылман этностарының өкілдері де ағылшын тіліне деген оң бетбұрысын атап кеткен жөн. Мысалы, ағылшын тілін ауызша түсінетіндер: ұйғырлар – 15,7%, татарлар – 14,2%, қырғыздар – 12,6%, шешендер – 11,0%, дүнгендер – 10,1%, курдтар – 6,9%, тәжіктер 6,8% және т.с.с. [8]

Дегенмен Кеңес дәуірінде тіл мәселесінің көлеңкелі жағдайы, теріс әсері де болғанын айтпасқа болмайды. Сол 1989 ж. Бүкілодақтық халық санағы Қазақстан халқының көпұлттық сипаты күшейгенін нақтылап көрсетіп берді, еліміздегі 54 ұлт өкілдері жөнінде есеп жүргізген бұл санақ Қазақстан халқының құрамындағы көп ұлт өкілдерінің өз ана тілін ұмытып, орыс тілін ана тілі деп көрсеткендерін нақтылай түсті.Солардың ішінде өз ана тілі деп орыс тілін көрсеткен 88896 қазақ, яғни бұл ұлттың 1,36% болды, ал 2009 ж. басқа ұлттың тілін ана тілім деп санаған қазақтар саны 114487-ге жетті, бұл 10 млн нан асқан қазақтың 1,1% еді. Өз ана тілі деп орыс тілін көрсеткен басқа ұлт өкілдерінің қазақтардан үлесі көп болды. Бұл жағынан европалық этностар топтары өкілдері, әсіресе украин, белорус, неміс, поляктар көп ілгері болды. Мысалы, 1989 ж. 182,6 мың белорустың 119,2 мыңы, яғни 65,3% ана тілі деп орыс тілін көрсеткен, ал 2009 ж. 66,4 мыңнан –57,8 мыңы, яғни 87,0%. Украиндар ана тілі деп орыс тілін санағандардың ең көп этностық өкілдері – 1989 ж. 896,2 мың адамнан тек 328,4 мыңы (36,6%) өз ұлтының тілін ана тілі деп санаса, қалған 566,9 мыңы (63,26) ана тілі деп орыс тілін, 839 – ы (0,09%) басқа тілдерді көрсеткен. 2009 ж. санақ бойынша украиндардың тек 15,9% ғана (333,0 мыңнан 52,5 мыңы ғана) өз ұлты тілін ана тілі деп санаған, ал 84,2% басқа ұлттың тілін (негізінде орыс тілін) ана тілі деп көрсеткен.Орыстардан кейінгі ең көп этнос өкілдері болған немістердің 1989 ж. тең жарымынан аз ғана асқаны – 54,4% (957,5 мыңнан 520,9 мыңы) өз ұлтының тілін ана тілі деп санаса, 45,4% (434,6 мыңы) ана тілі деп орыс тілін, қалған 1,2 мыңы – 0,13% басқа тілдерді көрсеткен.

Бір миллионға жуық немістердің ­- тарихи отанына қайтып кеткендерден қалғандары ішінде 2009 ж. санақта өз ұлты тілін ана тілім деп санағандардың үлесі 17,0% дейін төмендеді (178,4 мыңнан 30,4 мыңы ғана), ал қалған 83,0% (148,0 мыңы) ана тілі деп басқа (әрине, орыс тілін) тілді көрсеткен. Ана тілін орыс тілі деп көрсеткендердің ішінде алдыңғы қатарда тұрғандар еврейлер мен поляктар: 1989 ж. санақ бойынша еврейлердің өз ұлт тілін ана тілі деп санағандар бар болғаны 19,5%, ал поляктардан одан да төмен – 12,1%; орыс тілін ана тілім деп санағандар: еврейлерден – 79,8%, поляктардан – 76,4%. 2009 ж. санақ бойынша поляктардың 90,7% басқа тілді ана тілім деп көрсеткен, бұлардың басым көпшілігі, әрине, орыс тілін айтып отыр ғой. Өкінішке орай, 2009 ж. санақта еврейлер жөнінде тиісті мәліметтер жоқ. Бұл деректер молдаван, чуваш, башқұрт, армян, грек, удмурт және басқа ұлттардың диаспоралары өкілдері туралы да жоқ. Бірақ 1989 ж. халық санағы олар жөнінде құнды ақпарат береді. Сол санақтың деректері бойынша, мордвалардың орыс тілін ана тілім дегендері – 55,0%, молдавандардың – 46,7%, удмурттардың 52,4%, армяндардың – 36,8%, гректердің – 29,7% -ға жетіп еді. 1939 ж. Қазақстанға келген соң кәрістердің арасында да орыс тілі ана тілі ролін кеңінен өрістеді. 1989 ж. кәрістердің жартысынан сәл көбі – 51,7% өз ұлтының тілін ана тілім деп білсе, 2009 ж. мұндай кәрістер 36,0% ғана болды, оның есесіне орыс тілін ана тілім дегендер 1989 ж. 48,1% болса, 2009 ж. басқа тілді ана тілім деп (әрине, орыс тілін) 64,0%-ға жетті [9].

Орыс тілінің пайдалану ауқымы (басқа ұлт өкілдері балаларының орыс мектебінде, арнайы орта және жоғарғы оқу орындарында, әсіресе кәсіби техникалық, медициналық, табиғаттану мамандықтары бойынша, орыс топтарында оқуы, қазақ тіліндегі оқулықтардың жетіспеуі, олардың басым көпшілігі орыс тілінде жазылуы; баспасөзде, радио мен телекөріністер де орыс тілінің басым болуы; күнделікті өмірде де қазақтардың аздығынан орыс тілінің көп қолданылуы және т.б.) өсуінің түркі-мұсылман этностары өкілдеріне де ықпалы күшті болды. Бұл жағынан татар мен башқұрт өкілдері ерекше көзге түсті: 1989 ж. Қазақстандағы 327,9 мың татардың 226,0 мыңы – 68,9% өз ұлтының тілін ана тілі деп санағанымен, қалған 89,6 мыңы – 27,3% орыс тілін ана тілі деп көрсеткен, 11,2 мыңы 3,4% – қазақ тілін, 1,0 мыңы – 0,31% басқа тілдерді санаған. 2009 ж. санақ бойынша татарлардың жартысынан сәл-ақ көбі көбі өз ұлтының тілін ана тілі дегенімен, қалған 49,0% – жартысына жуығы басқа тілді (көбінесе орыс тілін) көрсеткен. 1989 ж. Қазақстандағы 41,8 мың башқұрттың 28,4 мыңы – 68,0% өз ұлтының тілін көрсетсе, қалғандары – 10,4 мыңы – 24,8 орыс тілін, 786 адамы – 1,8% қазақ тілін, 2,1 мыңы 5,2% басқа тілдерді ана тілім деп санаған [10].

Басқа түркі-мұсылман этностары өкілдері бұл процестен шеттеп қалмаса да, оның әсері оларға күшті бола қойған жоқ. 1989 ж. халық санағы бойынша 332,0 мың өзбектің өз ұлты тілін ана тілім деп санағандары 95,57% (317,3 мың) болса, 2009 ж. 457,0 мыңнан 435,8 мыңы – 95,5% болған, ал орыс тілін ана тілім деген өзбектер 1989 ж. 9,2 мың ақ – 2,77% болған. 2009 ж. басқа тілді ана тілім деп көрсеткен 4,6% (21,1 мың) болған. Келесі бір түркі – мұсылман этностары өкілдері ірі тобы – ұйғырларға келсек, 1989 ж. санақ бойынша, 185,3 мың адамның 176,1 мың өз ұлтының тілін ана тілі деп санаған. Бұл – 95,07%, орыс тілін көрсеткендер – 5696 адам – 3,07%, қазақ тілін айтқандар – 2796 адам – 1,51%. 2009 ж. санақ жағдайдың өзгеріп, күрделене түскенін байқатады: 224,7  адамның өз ұлты тілін ана тілім деп санайтындары 85,0% -ға түсті, 10,0%-ға қысқарды, ал басқа тілді ана тілім деп көрсеткендер 15,0%-ға жетті, яғни 10,0%-ға өсті. Әзірбайжандар да нақ осындай жағдайға душар болды, – десек қателеспеспіз. 1989 ж. Қазақстандағы 90,0 мыңнан астам әзербайжандардың ана тіліндей 78,4 мың адамы – 87,1% – өз ұлты тілін, 9393 адам – 10,4% – орыс тілін, 476 адам – 053% – қазақ тілін, 1754 адамы – 1,95% басқа тілді көрсеткен. 2009 ж. халық санағы бойынша 85,2 мың әзербайжанның 62,4 мыңы – 73,4% өз ұлты тілін ана тілім деп көрсеткен, яғни 20 жыл ішінде бұл көрсеткіш 13,7% -ға азайған, ал 2009 ж. санақ бойынша әзербайжандардың басқа тілді ана тілім деп санағандары 22,6 мыңнан асып, 26,6%-ға жеткен.

Осы жерде түркі-мұсылман этностары өкілдері ішінде өз ұлты тілін қадірлеп,қастерлеп ұстағандар ішінде қазақтар (98,9%) мен өзбектерден (95,4%) басқа, түріктер, дүңғендер мен тәжіктерді атап өткен жөн. 1989 ж. халық санағы бойынша,49,5 мың түріктің 96,36%(47,7мың адамы) өз ұлтының тілін ана тілім деп көрсеткен, 903 адамы орыс тілін (1,82%), 135 адамы қазақ тілін (0,27%), 768 адамы – 1,55% басқа тілдерді ана тілім деген. 2009 ж. санақ жағдайдың сәл өзгергенімен, түріктердің 92,8% өз ұлтының тілін ана тілім деп санаған, яғни 20 жыл ішінде бұл көрсеткіш 3,5%-ға азайған, оның есесіне басқа тілді ана тілім деген түріктер бар болғаны 903 адам болса – 1,82%, қазақ тілін көрсеткендер – 135 адам- 0,27%, ал басқа тілді дегендер – 768 адам – 1,55% болған. 2009 ж. санақта түріктердің 7,2% басқа тілді ана тілім деп санаған, әрине басым көпшілігі орыс тілін көрсеткен. 1989 ж. санақтағы 30,1 мың дүңгеннің 94,71% (28,5 мыңы) өз ұлты тілін ана тілім деп санаған, 590 адамы – 1,96% қазақ тілін, 800 адамы – 2,65% – орыс тілін, 205 адамы – 0,68% басқа тілді көрсеткен. 2009 ж. санақта дүңгендердің өз ұлты тілін ана тілім деп санағандары 96,3% -ға жетіп, 20 жыл ішінде 1,6%-ға өскен. Басқа тілді ана тілім деп көрсеткендер 3,7%-ға түскен, яғни 1,6%-ға кеміген [11].

Ал енді Қазақстандағы тәжіктерге келсек, 1989 ж. 25,5 адамының 23,4 мыңы – 91,82% өз ұлты тілін ана тілім деген, 1477 адамы – 5,79% – орыс тілін, 149 адамы – 1,80% – басқа тілді көрсеткен. 2009 ж. санақ бойынша 36,2 мың тәжіктің 33,5 мың адамы – 92,4% өз ұлты тілін ана тілім деген, қалған 2762 адамы – 7,6% басқа тілдерді (көбінесе орыс тілін) көрсеткен. 20 жыл ішінде өз ұлтының тілін ана тілім деген тәжіктердің саны 10,0 мыңнан аса көбейіп, үлесі 0,6%-ға өскен. Басқа тілдерді ана тілім деген тәжіктердің үлесі де 0,6%-ға кеміген [12].

Қазақстан халқы құрамының тәуелсіздік жылдары көпұлттық сипатын талдай келе, ана тілі мен орыс және ағылшын тілдерін меңгеруге байланысты төмендегідей бірнеше қорытынды жасауға болады.

1. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы құрамының көпұлттық сипаты жаңа бағытта, Қазақстан республикасының егенменділігі жағдайында, оған өз атын берген қазақ ұлтының тілі мемлекеттік тілге айналып, орыс тілі ресми – қатынас тілі болып, басқа ұлт өкілдері өз ана тілін сақтап, мәдениеті мен салт-дәстүрін және әдет-ғұрпын дамытуға мүмкіндік жасалған жағдайда, теңдік пен бауырластық жағдай да дамып келеді.

2. Қазақ тілінің пайдалану ауқымы тез кеңейіп, өрісі өсе түсуде.Осыдан бес жыл бұрын өткен 2009 ж. санақ бойынша, республика халқының 74,0% қазақ тілін ауызша түсінеді, оның ішінде 64,8% еркін оқиды, оның 62,0% еркін жазады. Қазақ тілін әсіресе түркі-мұсылман этностары өкілдері басымырақ игеріп, оң пайдалануда: өзбектер – 95,5%, ұйғырлар – 93,7%, қырғыздар – 92,7%, түріктер – 91,0%, тәжіктер – 89,4%, әзербайжандар 81,2%, курдтар – 77,5%, татарлар – 72,8%, шешендер – 56,4%, дүңгендер – 49,7% және т.с.с. Славяндар мен басқа европалық этностар өкілдерінің де қазақ тілін меңгеруде едәуір жетістіктері бар: орыстар- 25,3%, украиндар 21,5%, белорустар – 19,0%, немістер – 24,7%, поляктар 20,9%, кәрістер – 43,4% және с.с.

3. Орыс тілінің ресми қатынас құралы болуы оның пайдалану ауқымын кеңейте түсті десек те болады. Қазақ және басқа көп этнос өкілдерінің жас ұрпақтары орта мектептерде орыс кластарында, ал арнайы орта және жоғарғы оқу орындарында орыс топтарында оқуы, қазақша оқулықтардың аз болуы,- бұқаралық ақпарат құралдарының көбі орыс тілінде болуы және т.с.с. жағдайлар әзірше қазақ тілінің пайдалану ауқымының кеңеуіне кері әсер етуде деп ойлаймыз.

4. Қазақстан халқының арасында орыс тілінің басымдыққа ие болуы отарлық дәуірде басталып, кеңестік дәуірде кең дамуы арқасында қол жеткен нәтижелерінің әсері тәуелсіздік жылдарында да едәуір көрініс тауып отыр, оның ең көлеңкелі жағдайы еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің едәуір бөлігі өз ұлты тілдерінен айырылып, орыс тілін ана тілі етіп қабылдауынан-ақ байқалады.

5. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының өз ана тілімен қатар, орыс және ағылшын тілін меңгеру жолында едәуір табысқа жеткенді де айтқан жөн.

6. Мемлекеттік саясатта үш тілді меңгеру мәселесін дамыта отырып, әрбір ұлт өкілдерінің өз ана тілін сақтап қалуына мүмкіндік жасау керек.

7. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің пайдалану ауқымын кеңейту үшін күрделі шаралар іске асырылуы керек. Әсіресе қазақтардың өз ана тілін сақтап, оның пайдалану ауқымын кеңейте түсу керек. Бұл үшін екі жақтан: 1) жоғарыдан – билік-орындары: парламент, министрліктер, облыстық әкімдер басшылығы және жергілікті мекемелер және т.с.с., 2) төменнен – қалың бұқара, ең алдымен қазақтар ана тілін қолдануды үлкен жауапкершілік, ел тәуелсіздігі мәселесі, ұлт тағдыры мен болашағы, деп қарауы қажет.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1 Егемен Қазақстан, 2014 ж. 6 желтоқсан

2 Асылбеков М.Х., Жаркенова А.М. Население Казахстана в конце ХIХ–начале ХХ вв. Алматы, 2001. «Өркениет», С. 5

3 Население Казахстана по Всесоюзной переписи населения 1939 г. Алматы, издательство «Арыс», 2007 г. С.

4 РГАЭ, ф. 1562, оп. 336, д. 264, лл. 13-14;

5 ЦГАРК, ф. 698, оп. 21, д. 225, л. 388

6 ЦГАРК, ф. 698, оп. 21, д. 225, л. 388

7 Итоги Всесоюзной переписи населения 1989 г. годы. Национальный состав населения Казахской ССР, областей и г. Алматы, Алма-Ата, 1994 г. Сс. 6-7

8 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары. Қазақстан Республикасындағы ұлттық құрам, діни наным, және тілдерді меңгеру. Астана, 2011 ж. 314-315 бб.

9 Итоги Всесозной переписи населения 1989 года. Национальный состав населения Казахской ССР, областей г. Алматы. Алма-Ата, 1991, Сс. 215-218: 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы, діни наным және тілдерді меңгеру. Астана. 2011, 307-308 бб.

10 Итоги Всесозной переписи населения 1989 года. Национальный состав населения Казахской ССР, областей г. Алматы. Алма-Ата, 1991, Сс. 215-218: 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы, діни наным және тілдерді меңгеру. Астана. 2011, 307-308 бб.

11 Итоги Всесозной переписи населения 1989 года. Национальный состав населения Казахской ССР, областей г. Алматы. Алма-Ата, 1991, Сс. 215-218: 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы, діни наным және тілдерді меңгеру. Астана. 2011, 307-308 бб.

12 Итоги Всесозной переписи населения 1989 года. Национальный состав населения Казахской ССР, областей г. Алматы. Алма-Ата, 1991, Сс. 215-218: 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы, діни наным және тілдерді меңгеру. Астана. 2011, 307-308 бб.

 

М.Х. Асылбек ҚР ҰҒА академигі,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология  

Институтының Бас ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының докторы, профессор