Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қ. М. Мурзаходжаев – КОНСТИТУЦИЯ – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ


Тәуелсіздік – бізге Алладан берілген үлкен сый әрі міндет, ата-бабамыздың ғасырлар бойы ұмтылған шоқ жұлдызы. Бұл абыройлы міндетті сауатты атқарып, келесі ұрпаққа табыстау біздің асыл парызымыз. Қазіргі кезде Украинада болып жатқан оқиғалар әлем халқын дүр сілкіндіріп, қолда бар бақыттың түлкінің қызыл құйрығы секілді екенін көрсетуде. Соған орай адами және мемлекеттік құндылықтар қайта қаралуда. Аумалы-төкпелі заманда Елбасымыздың айтқан сөздері еріксіз ойға оралады: «Тәуелсіздік алу бар да, оны сақ­тап қалу бар. Тәуелсіздікті алудан тәуел­сіздікті сақтап қалу қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалатын елдің мықты экономикасы, мықты қорғанысы, сауатты азаматтары болуы керек» [1].

Елдің бостандығын сақтап қалуда Ата Заңның алатын орны бөлек. Өйткені, бұл осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады. 2015 жылы Ата Заңымыздың қабылданғанына 20 жыл толады. Жалпы биыл атаулы мерейтойлар көп, мысалы: қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, тарихшы, философ Ш.Ш. Уәлихановтың 180 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Халықтар Ассамблеясының 20 жылдығы, қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгерімізі І. Есенберлиннің 100 жылдығы, көрнекті ғалым, қазақтан шыққан алғаш тарих ғылымының докторы Е.Б. Бекмахановтың 100 жылдығы, т.б.

Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28-ақпанда қабылданған болатын. Өзінің тарихи міндетін атқарып болғаннан кейін 1995 жылдың 30 тамызында толықтырылған, заман талабына сай жаңа Ата заңымыз ратификацияланды (Республикалық референдумда қабылданған). Осыған орай елбсымыз: «Ата Заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін ай­қын­дады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды», – деген болатын [2]. Кіріспе сөзден (преамбула), 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Еліміздің болашағын айқындайтын, қоғамдық өмірді реттейтін маңызды баптар көрініс тапқан. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың саясатымен орныққан этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі қазіргі күнде әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл модель барлық елдерге үлгі болып, қазіргі уақытта толықтай зерттелу үстінде. Ұлтаралық келісімнің қайнар көзі Қазақстан Республикасының Ата Заңында жатыр, сонымен қатар қабылданған әртүрлі заңдар мен нормативтік актілермен реттелген. Тіпті, Конституциямыздың кіріспе сөзі: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық  қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары  жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», – деп басталған [3]. Демек,  мемлекетіміздің болашақтағы даму векторы бейбітшілік, татулық, еркіндік, теңдік бағытта екендігін жариялап тұрғандай.

Қазақстан Республикасы Конституциясының концепциясы төрт басты принциптерге негізделген, олар:

– қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық;
– бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму;
– қазақстандық патриотизм;
– мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу [4].

Жоғары құқығы бар құжатта «қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық» мәселесі бірінші орында тұрғаны бекер емес. Бірлігі мен татулығы жоқ, ынтымағынан айрылған ел – мемлекеттілігінен қол үзген ел. Бірлігі болмаса экономикалық даму да, патриотизм де, демократияға негізделген шешім де болмасы анық. Ата Заңымызда осыған орай қоғамдық татулықты, халықтар достығын, ұлт арасындағы қатынастарды реттейтін нормативтілік актілер көп. Сөзімізді дәйектесек, Адам және Азамат деп аталатын II бөлімде Қазақстан тұратын әрбір азаматтың жеке құқықтары, діні мен тілі, мәдениетіне қол сұғылмайтындығы, таңдау еркіндіктері заңмен бекітілген. 12-баптың 1-тармағында: «Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі», – делінсе, 14-баптың бірінші және екінші тармақтарында: «1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. 2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», – деп көрсетілген. Демек, мемлекет құраушы титулды ұлт – қазақтармен қоса басқа ұлт өкілдері де тең құқықтарға ие. Шығу тегіне қарамастан кез-келген азаматтың ар-ожданы, қадыр-қасиеті біреудің қол сұғушылығынан заңмен қорғалған.

Әр ұлт өзінің төл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, тілі мен дінін сақтап, оны кейінгі ұрпағына жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды алдына мақсат етіп қояды. Осы орайда елімізде соңғы мәліметтерге сүйенсек 130-дан астам халық пен ұлт өкілдері тұрады [5]. Конституциямыз елімізде тұратын барлық ұлт өкілдеріне кепіл бола алады, нақтырақ айтсақ 19-баптың 1-тармағында: «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы», ал 2-тармағында: «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар», – деп жазылған.

34-баптың 1-тармағында әркімді Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға шақырып, еліміздің дініне, тіліне, ұлтына қарамастан, барлық азаматтарының құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндеттейді. Ал 39-баптың 2- тармағында ұлтаралық татулықты, бейбітшілікті, тыныштықты бұзатын кез келген әрекетті конституцияның нормаларына сәйкес емес деп танылатындығы жазылған.

Қорыта келгенде, көрші мемлекеттерде, алыс және жақын шетелде болып жатқан саяси тұрақсыздық пен дау-дамайларға қарап, сол принцип бойынша еліміздің осы кездегі ахуалына көз жүгіртіп, саралағанымыз жөн. Болашақта жасалуға тиісті шаралар мен жүзеге асыруды талап ететін мәселелер жетерлік, әр құбылысқа жоғарыдан қарайық. Даттау мен қауесет таратудан ұтатынымыз шамалы, «дайын асқа сыншы көп», – дегендей, әріден ойлайық. Бейбіт, тыныш өмір бар жерде ғана даму да, өсу де, өркендеу де болады. Қазақстан Республикасы Конституциясының мерейі әрдайым үстем болсын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздікті алудан оны сақтап қалу қиын. Мемлекет басшысының отандық жетекші телеарналардың өкілдерімен сұхбаты // http://egemen.kz. 23.12.2014.

2 Бейсенов Д.К. Конституция – мемлекет қуаты // http://www.aikyn.kz. 17.09.2014.

3 Қазақстан Республикасының Конституциясы //  http://www.akorda.kz.

4 Қазақстан Республикасының Конституциясы // http://adilet.zan.kz.

5 http://www.akorda.kz/ru/page/page_v-kazakhstane-v-druzhbe-i-soglasii-prozhivaet-bolee-130-narodnostei-i-natsionaln_1348723760

 

Мурзаходжаев Қуаныш Мәдиұлы
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
«Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері»
бөлімінің кіші ғылыми қызметкері
Kuka_ist@mail.ru
Жұмыс тел.: 2724654;
Сот.: 87072258984