Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Тоқтағали Жангелдин: мемлекет қайраткері, ғалым, майдангер-жазушы


2016 жылы 28 сәуірде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» атты ғылыми жобаның аясында ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Т. Жангелдиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Тоқтағали Жангелдин: мемлекет қайраткері, ғалым, майдангер-жазушы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Алматы қаласы әкімдігінің жауапты қызметкері Ахетов Мамай Қалиұлы, Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасы Алматы қаласындағы елшілік бөлімінің аға кеңесшісі Жартун Сергей Стефанович, қайраткердің замандастары мен ұрпағы, туыстары, қоғамдық ғылымдар Институттарының ғалымдары мен докторанттары, магистранттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Конференция жұмысы мынандай мәселелерді шешу мен жүзеге асыруға бағытталды:

1. Тоқтағали Жангелдиннің өмірі мен қызметі;

2. Тоқтағали Жангелдиннің майдан жолы және партизандық қозғалысқа қатысуы;

3. Тоқтағали Жангелдин және Қазақстанның философия ғылымы;

4. Тоқтағали Жангелдиннің мұрасы;

5. Белоруссия партизандық қозғалысындағы қазақстандықтар;

6. 1941-1945 жж. Кеңес одағының Ұлы Отан соғысының тарихы және зерттеу мәселелері;

7. Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан;

Конференция жұмысын кіріспе сөзбен ашқан Институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжанов Т. Жанкелдиннің өмірі мен қызметі, тағдыры ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірін сипаттайтындығын айта келіп, осы кезеңде қалыптасқан қайраткерлердің тағдыры мен тарихи тұлғалық келбеті ерекше болғандығына тоқталды.

Пленарлық мәжілісте сөз алған Алматы қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту және құжаттама басқарма басшысы М.Қ. Ахетов қала әкімі Б. Байбектің құттықтауын жеткізсе, Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасы Алматы қаласындағы елшілік бөлімінің аға кеңесшісі С.С. Жартун Қазақстан-Белорусь қарым-қатынасының маңыздылығы мен тамыры тереңде екендігін айта келіп, конференция жұмысының сәтті өтуіне тілек білдірді.

Конференцияның басты мақсаты ХХ ғасырдағы қазақ қоғамында өзіндік ізін қалдырған Тоқтағали Жангелдиннің тұлғалық келбеті арқылы ол қызмет еткен кезең мен ортаның тарихын ашып көрсету. Тарих тезіне көз жүгіртіп, айтулы тұлға Т. Жангелдиннің өмірі мен қызметіне қысқаша тоқталсақ.

Тоқтағали Жангелдиннің қалыптасу және шыңдалу кезеңі ХХ ғасырдағы сұрапыл соғыстың тарихымен тығыз байланысты болғандықтан, ол ауыр кезеңді басынан өткізген қазақ зиялы қауымының буынына жатады. 1916 жылы Семей облысында дүниеге келген Т. Жангелдин 1940 жылы ақпанда әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап фашистік басқыншыларға қарсы күреске артиллериялық взводтың командирі ретінде қатысады. Кейінірек аты аңызға айналған «Дядя Коля» бригадасының партизандық отрядына мүше болып қабылданады. Бригаданың отрядтары Минск-Борисов магистралінде шоғырланған неміс әскерінің жанындағы деревняларда орналасты. Көп кешікпей, Т. Жангелдин бригада комиссарының орынбасары, бригадалық барлау командирі болып сайланады. Отты майдан даласындағы ерлігі мен жауынгерлігі, Отан алдындағы еңбегі үшін Т. Жангелдин «Қызыл жұлдыз», екі рет «Еңбек Қызыл ту» орденімен, «Құрмет белгісі» және Қазақ КСР-нің өзге де медальдерімен марапатталды. Сонымен қатар, «Партизандық Жұлдыз» атты чехословак орденімен де марапатталған.

Соғыс аяқталған соң көптеген бұрынғы майдангерлер мен партизандар жаңа, бейбіт майданға қызметке тартылды. БЛКЖО Орталық Комитетінің шешімімен Т. Жангелдин Қазақстанның ЛКЖО ОК-нің қарауына өтеді. Осы кезден бастап оның өмірінің жаңа кезеңі басталады: Алматы комсомол обкомында хатшы қызметінде, Қазақстан ЛКЖО ОК аппаратында жұмыс жасайды. 1945 жылы қазанда Т. Жангелдин КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебіне оқуға аттанады. Оны аяқтағаннан кейін, қайта Қазақстанға оралған Т. Жангелдин КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында өз оқуын жалғастырып, философия бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. 1954 жылы Мәскеуден қайтып келген соң, Т. Жангелдин партияда өз қызметін жалғастырады. Әртүрлі жылдары Оңтүстік Қазақстан обкомының дәріс тобының және насихат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісінің орынбасары, КОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалының директоры, Қазақстан КП ОК ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі тәрізді лауазымды қызметтер атқарды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Өмірінің соңғы жылдарында Т. Жангелдин Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институты директоры ретінде ғылыммен терең айналысып, артынан құнды ғылыми еңбектер қалдырды.

Жауапты мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми қызметтер атқарғанына қарамастан Т. Жангелдин соғыс жылдарындағы достарымен байланысын үзбей, ұмытылмас партизандық күндер туралы материалдарды жинақтаумен тиянақты айналысты. Белоруссия жеріндегі майдан даласы мен партизандық отрядта жүрген кезінде-ақ Т. Жангелдин күнделік жазбаларын жүргізіп, сақтап отырды. Жылдарға созылған қажырлы еңбектің қорытындысында «Партизан күнделігі» және «Партизандық жорықтар» атты кітаптар, «Сын сағатында», «Жіберілмеген хаттар» атты повестер жарық көріп, оларда басты кейіпкерлердің тағдыры автордың өмірімен тығыз байланыста баяндалды. Майдангер-ғалым Т. Жангелдиннің ғылыми еңбектері мен естелік шығармалары өз құндылығын жойған жоқ.

1973 жылы дүниеден озған Т. Жангелдин Алматыда жерленіп, соңғы сапарға әскери сый-құрметпен аттандырылды. Қазіргі уақытта Қазақстанның Орталық музейінде Т. Жангелдиннің өмірі мен қызметіне қатысты арнайы бұрыш дайындалып, Белоруссиядағы Ұлы Отан соғысы музейінде оның суреті партизандық қозғалыстың белсенді қатысушысы ретінде көпшіліктің назарына ұсынылған. Т. Жангелдиннің Алматы қаласында өмір сүрген үйінде ескерткіш тақта орнатылған.

Конференция жұмысында Институттың Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Қ. Алдажұманов Тоқтағали Жангелдиннің өмірінің белгісіз тұстары, мемлекеттік және қоғамдық, ғылыми-шығармашылық қызметі жайлы баяндаса, Беларусь Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Тарих институтының Соғыс тарихы және халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Литвин Алексей Михайлович «Казахстанцы в партизанской и подпольной борьбе в Беларуси (1941-1944 гг.)» тақырыбында кең мағлұматты да мазмұнды баяндамасын көпшілік назарына ұсынды.

Жарыссөз барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті архивінің Жинақтау және құжаттама басқармасының бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ә. Сүлейменова «Тоқтағали Жангелдиннің кеңестік дәуірде Шәкәрім есімі мен шығармашылығының ақталуы жолындағы еңбегі жөнінде», Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор С. Нұрмұратов «Қазақстандағы кәсіби философияның қалыптасуы» тақырыбында баяндаса, С. Әзербаев, Д.З. Игсатова, С. Асанова, Г. Орынбаева, А.А. Жүнісбаев және тағы басқалар Ұлы Отан соғысы мен ұлтжандылықтың өзекті мәселелеріне арналған ғылыми баяндамалар жасаса, оның замандасы әрі әріптесі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Сағындық Кенжебаев пен туыстары атынан Б. Ақбаев, Т. Сатыбалдина және ұлы Е. Жангелдин тұлға, ғалым, әке туралы естеліктерімен ой бөлісті.

Конференция жұмысының қорытындысында келесідей қарар қабылдау туралы шешім шығарылды:

  • Белоруссиядағы партизандық қозғалысқа қазақстандықтардың қосқан үлесін одан әрі тереңдетіп зерттеу;
  • Соғыс жылдарында Белоруссия жерінде шайқасып, партизандық қозғалысқа қатысқан қазақстандықтар туралы Қазақстан және Белоруссия ғалым-тарихшылары бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу және ортақ ғылыми жоба жасап шығару мүмкіндіктерін қарастыру;
  • Т. Жангелдиннің 100-жылдық мерейтойына арналып өткен «Тоқтағали Жангелдин: мемлекет қайраткері, ғалым, майдангер-жазушы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдарын жарыққа шығару;
  • Т. Жангелдиннің өмірі мен қызметін, ғылыми және шығармашылық мұрасын тереңдетіп зерттеу, оның ғылыми еңбектері мен кітаптарын таңдамалы жинақ ретінде басып шығару;
  • Т. Жангелдин және Белоруссиядағы партизандық қозғалыстағы қазақстандықтар туралы арнайы деректі фильм түсіру;
  • Т. Жангелдиннің есімін мәңгі есте қалдыру үшін оның туған қаласы Семейде және өмірінің көп бөлігі өткен Алматы қаласында көшенің атын беру мақсатында жергілікті билік орындарына өтініш-хат жолдау.
  • Алматы қаласындағы орта мектептердің біріне Т. Жангелдиннің есімін беру туралы мәселені жергілікті билік органдарының алдында көтеру.

Конференция барысында Т. Жангелдиннің өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм көрсетіліп, кітап-сурет көрмесі ұйымдастырылды.