Жүгенбаева Г. АҚЖАН әл-МАШАНИ КӨЗҚАРАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ ТАНЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қазақ елінің халықаралық имиджін қалыптастыру үшін ұлттық бірегей ғылыми саясаттың тарихи зерделенуі аса маңызды. Қазақ ғылымының ұлттық күш-қуатын, оның ерекшелігі мен хас бітімін және әлемдік дәрежедегі өлшемін саралау еліміздің алдына қойған зор мақсаттары мен міндеттерін үйлестіреді. Ұлттық сана мен мемлекетшілдік сана қабысып қалған бүгінгідей кезеңде ұлттың өзін-өзі тануы, өзін-өзі іздеуі сөзсіз. Соның бір сұрағы – қазақ танымының және ұлттық руханиятының деңгейін таразылау мәселесі.

Бұл бағытта атқаратын жұмыстар жетерлік. Тіптен кешегі ресейлік империялық және кеңестік отарлық жүйенің ұлттық ғылымға жасаған саяси-идеологиялық қысымы мен екпінінің зардаптары әлі де сезіледі. Ұлттық ғылымның толыққанды азаттыққа қол жеткізбеуі отарлаушы империялық тілдің билеп-төстеуінен-ақ көрінсе керек.
Қазақ ұлттық танымының салмағын Ақжан Машанов (1906-1997) мол мұраларымен ұрпаққа аманаттап қалдырып кетті[1,237-363 бб.]. Бүкіл адами ғұмыры мен шығармашылығы ұлтының мәртебесін көтеруге және оның жеке ұлт ретінде адамзат өркениетіне қосқан үлесін анықтауға арналған ғалымның мұрасы өзінің өміршеңдігін көрсете алады. Ақжан әл-Машани (Машанов) әлемдік жаратылыстанулық және философиялық ой-саналардың концепциясынан ұлттық нышанды көрген, соны зерделеуге ұмтылған қазақ ғалымы. А.Машанидің ғалымдығына ғұламалылық қасиеттің берілуі осындай ұстанымынан қалыптасқан ба деген ой келеді. Ақжан әл-Машани мұрасы қазіргі қазақ ғылымында идеялар мен ғылыми төңкерістерді туғыза аларлық алып жанартаулық потенциалға ие әлем.
Әзірге, Ақжан әл-Машаниді зерттеу оның мұраларын жинақтап, баспадан шығарып, арнайы халықаралық қор ашып және ұлттық техникалық оқу орнының факультетіне ғұлама есімін беруге ұйытқы болған жаратылыстанушы ғалымдар белсенділігімен ғана жүзеге асырылып келеді[2]. Сондай-ақ әл-Машани мұраларына ғылыми бас-көздік жасап, ұрпаққа табыстаушы Ш.Абдраман бастаған ғалым шәкірттерінің зор еңбектерін атаған жөн [3;1,237-363 бб.].
Ақжан Машани мұрасының сан қырлылығы және шығармашылық амплуасының көп қабаттылығы оны зерттеу мен зерделеуге, пайымдауға гуманитарлық ғылым салаларының барынша атсалысуын керек етеді. Гуманитаристикадағы қазірге дейін күшін бермей келетін еуропацентризм ұстанымын бәсеңсіту, қазақ діліндегі түркілік руханияттың мол құнарын сақтап қалу және оны айыра білу үшін де әл-Машани ұстанымы қажет. Әл-Машани мұрасын игеру прототүркілік кезеңнен бастау алатын қазақ ұлттық құндылықтарының тарихи және тарихи жаратылыстық астарларын тану, бағамдау үшін де керек.
Әл-Машани шығармашылығының зерттеу нысанасы жайына тоқталайық. Бұл тарих философиясы және қазақ жаратылыстану ғылымына қатысты еңбектер ретінде cипатталады. Еңбектерінің негізгі дерек қоры геология мәліметтері, археологиялық деректер мен фольклорлық, халықтың дәстүрлі ауызша тарихының деректемелері, халықтың дүниетанымы, астрономиялық ұғымы, ислам ілімдері мен Құран қағидаттары (аяттары мен хадистері) және әл-Фараби мен Абай мұрасы[2]. Ал шығармашылығындағы ең басты тақырып – әл-Фараби және оның мұраларына арналды. Мұның барлығы өзі өмір сүрген кезеңдегі әлемдік ғылыми жетістіктер негізінде сараланып, талданады. Зерттеу әдіс-тәсілдерінде жаратылыстанулық және жалпы ғылыми методтар кеңінен қолданылған. Ақжан әл-Машани зерттеулерінің методологиясына темірқазық етіп, ұлттық дүниетанымға негізделген зердені ғылыми ислам қағидаттары аясында қарастырған. Бұл ұстаным әл-Фараби көзқарасымен, оның мұраларындағы танымдық жүйемен қисындырылған. Оны жаратылыстану ғылымдарының нәтижелерімен тоғыстырады. Соның негізінде, Ақжан Машанидің ғылыми ұстанымы мен азаматтық тұлғасын айғақтар ең басты түйін-тұжырымды шығаруға болар еді. Ол осы деректемелер мен мұралар негізінде тұтас қазақ әлемін ғылымға енгізіп, табыстыруды мақсат етуі.
Әл-Машани мұраларының пәнаралық сипаты ұлттық тарихты тануға керекті тың бағыттарға түрткі болады.
Мәселен, ежелгі дәуірдегі Қазақстан тарихы туралы ой-пікірлері, дәлелдемелері өзінің жаңашылдығымен, сонылығымен құнды. Жер тарихындағы мұз басу және мұздақтан кейінгі дәуірдегі адамзаттың тіршілігін ата-бабаларымыздың ежелгі қоныстану аймағымен (Тұран ойпаты), халықтың миграцияға ұшырау себептерімен өзара бірлікте қарастыра зерттейді.
Адамзат тарихында тас және қола дәуірі қаншалықты маңызға ие болса, олардың мол қоры табылған қазақ жерінің тасқа басылған тарихын терең зерделеген Ақжан Машани болды[4]. Қазақстанның тас-қола дәуірі ескерткіштерін «Тас мәдениеті, Таңбалы тастар» деп лайықты атаған ғалым: «Қазақта бір мәтел бар: Тасқа таңба басқандай» деген. Оның мағынасы тастағы таңба да ешбір жалғаны жоқ айқын шындық деген сөз» деп түйіндейді.
«…Ертеден келе жатқан қағида бойынша барлық ғаламды құрушы заттар бес топқа бөлінеді. Олар мыналар: оттекті, сутекті, желтекті, жертекті, жұлдыз текті. Осы бес тектің ең тұрақтысы жертекті заттар, топырақ, саз, балшық, тас.
Басқа заттар бір-ақ түсті. Бірақ қасиетті болса, жертекті оның ең қатты бөлігі тас, олай емес. Ол көп қырлы, бір сырлы жұмбақ зат. Қазіргі бейнелеу, һандас, ғимарат, қиас, геометрия, симметрия ғылымында белгілі формалардың барлық түрі тастарда, минералдарда, металдарда, кристалдарда». Оның қыр-сырын ежелгі кеншілер танығанына ғалым шүбә келтірмейді. «Оның аты барлық табиғат ғылымына сол мұрындық болған тас-қиас даналығы осында». Құран-Кәрімдегі тас, минералдар туралы айта келе, әл-Фараби, әл-Бируни сияқты ғұламалардың табиғи минералдар, тас құрылымы мен құрылысы жайындағы еңбектерінен де дәлелдер келтіреді. Сондықтан дін мен ғылымда және тарихта ерекше маңызға ие осындай табиғат жаратылысының халық дүниетанымындағы және оның тілдік ұғымындағы мән-мағынасының тегін еместігіне ғалым өз зерттеуімен тереңдей түседі. Әл-Машани пайымынша, астрономия, география, этнография, дін мен философияның аталмыш мәселеде өзара бірігуі ғажап. «Аспан ғылымы мен жер ғылымын бірдей қамтыған ғажайып мирас Алыстанбабпен байланысты. Оның қасында Отырар-Фараб, оған байланысты Ахмед Яссауи гимараты. Осылардың басын қосқан пайғамбар елшісі Арыстанбаб оның өзі Тұранның ежелгі мәдени орталығы болған себепті, оны біз Тұран қақпасы деп атадық. Тұран елінің ежелден келе жатқан мәдени мирасы осында сақталған сияқты ишарат-мағлұмат бар. Қорыта келгенде, қазыналы қазақ тілі тастың асылын сақтаған. «Миың қатар болса, тілің келсе тасқа» деген соған келеміз.
Мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан мәдениеттің қалдық ізі белгілі таңбалы тастарда, кендерде бір сақталса, сонымен қатар тілімізде, ғұрпымызда, дінімізде, рухани жандүниемізде тағы мол сақталған».
Әл-Машани ежелгі бабаларымыз, ғұндар-түркілер, жалпы Тұран халықтары туралы да біздің түсінігімізден тыс жаңа зерттеулер ұсынады.Тас, қола дәуірінің ескерткіштері жайындағы археологиялық деректер мен халықтың дүниетанымына қатысты фольклорлық деректемелері жаратылыс тану ғылымдары әдістерімен кеңінен талданады. Ғалым пікірінше, астрономияның негізі, математикалық есептеу әдістері (жыл қайыру, мүшел айыру, есеп айыру,т.б.) көшпенді халықтардың қоршаған географиялық ортасына байланысты өмір сүру салтының нақтылы тәжірибелері болып табылады. Бұған деректік дәлелдемелер қазақтың фольклоры, дәстүрлі қоғамындағы ауызша дамыған халық шығармашалығы туындылары. Мәселен, «Өгізхан», «Алпамыс», «Ертөстік» «Қозы көрпеш» сияқты толып жатқан жырлардың көбісінде аспандық мағына бар».
Әл-Машанидің политехникалық кәсіби инженер мамандығын игеруі зерттеулеріндегі аталмыш бағытты барынша ғылыми негізді ете түседі. Геологиялық кен барлау экспедицияларының мүшесі әл-Машани, сайын сахараның байырғы тұрғындарының кеңістікті игеруі табиғат жаратындыларын (тас, минералдар, кен орындары т.б.) тұңғыш «ғылыми» сынақтан өткізушілер, алғашқы жаратылыстанушылар екендігін бүгінгі ұрпағына «тасқа салған таңбадай» етіп, жан-жақты талдап, зерделеріне құйып кетті.
Орталық Қазақстан ғұн шеберлері алғаш ашқан кен орындарына толы. Ежелгі кеншілердің мекені болған аймақта қоныстанып, тіршілік пен тұрмысқа қажетті (еңбек құралдар, қару-жарақтар,т.б.) құрал-жабдықтарын деректеп қалдырған ата-бабаларымыздың мұрасы бізді тарих көшінің бастаушылары ретінде де еркін пайымдама жасата алды. Мұны тағы да ғалым зерттеуінен аңғарамыз. «Гун тайпаларының шебер ұсталары біздің заманымыздан 2000 жылдар бұрын мыс, қола, қалайы, қорғасын, мырыш, никель және темір алудың металлургиясын жақсы меңгерген дедік. Олар әуелі мыс, т.б. металдардың рудаларын тас соққыштармен уақтап, одан соң ұнтақтаған. Металсыз тастарды бірыңғай жинап, ұнтақтаған, байытылған бөлігін бірыңғай жинаған, осыны біз Қоңырат, Саяқ, Құмадыр, Жезқазған, Кенқазған кен орындарының ескі дәуірдегі қазылған үйінділерді тексеруден көріп отырмыз. Олар ұнтақта – мыстың, т.б. металдың қанша проценттік қоспасы бар екенін дәл білмесе де, жабайы өлшеуішпен анықтаған. Мыс ұнтағы 10 проценттен 20 процентке дейін, мырыш 2-4, темір 40-50 дейін, қорғасын 5-10, қалайы 1-5 процентке дейін жеткізілген».
Ғалым алғашқы металл өндірушілердің игеру әдіс-тәсілдерін нақтылы сипаттап, талдап, қорытып береді «…Халькопирит, борнит, ковеллин, халькозин, галенит, сфалерит, магнетит, т.б. минералдарды гун шеберлері ұсталары тас арасынан жақсы анықтап, іздей білген. Ең әуелі тотыққан рудаларды малахит, азурит, хризокола, куприт, т.б. ерітіп алатын болды. Сондай-ақ металды мыс, қорғасын, темір рудаларынан алды. Ол үшін оларды ұсататын, ұнтақтайтын, содан соң ағаш немесе тас көмірін қосып, сары топырақтан жасалған шахта-пеш ішінде жағылып қорытылды. Температураны жоғарылату үшін пештің астыңғы бүйірлерінен қолданылған тесіктер арқылы пайдаланылатын көріктер ойдағыдай жел көтеріліп жанып жатқан оттың қызуын жоғарылатады»[4,10-41 бб.].
Сөйтіп, ғұлама ғалым тас бен қоланың табиғи физикалық және химиялық құрамы туралы терең ғылыми сараптама жасай келе, оның халық тарихының ерте кезеңін айқындауға және зерделеуге мол мүмкіндігін жан-жақты тұжырымдайды. Отаршылдық саясаттың зардабынан тарихи жадын жоғалтуға шақ қалған халықтың тарихының тереңге кеткен тамырын А.әл-Машани өзіндік зерттеу бағытымен анықтап берді.
Бұл бағыт қазақ тарихнамасында орныққан жағдайда, Тұран-түркі әлемінің адамзаттың біртұтас тарихындағы еңселі орны айқындалып, өз мәртебесін иеленбекші. Жазу-сызуы жоғалған халықтар жайындағы «тарихсыз халықтар» сынды империялық-отаршылдық саясатқа негіз қалаған еуропацентризм пәрмені төмендер еді[5-7].
Әл-Машани қазақ тарихының тұрандық сипатын сан қырынан қарастырады, ол мұнда осы бір атауды географиялық ұғыммен ғана шектемеуге шақырады. Ғұлама ғалымның «Тұран қақпасы» атты еңбегі осының дәлелі[8]. Мұнда да геологиялық, географиялық, астрофизикалық, физикалық, математикалық, геометриялық, химиялық, медициналық, лингвистикалық мағлұматтар мен әдіс-тәсілдерді қолданып, археология мен қазақ халқының дәстүрлі ауызша тарихының деректерін бір арнаға бұрып терең талдаулар жасады, соны қорытындылар шығарады. Бұл жайында ғалым оқырмандарына түсінік бере кетеді: «Ғалым толған ғажайып сырлардың кейбір тамаша ишараттары біздің мекенімізде – түркі нәсілдес халықтар жерінде, соның ішінде Түркістан атыраптарында бар. Бұл кітаптың атын «Тұран қақпасы» атаған себебіміз, аталмыш кітаптардың қасиетті ордасы болған, кеңірек түрдегі аймағы ғылыми тілде Тұран ойпаты деп аталады. Ол ойпаттың айналасындағы қоршаған ірі таулар мыналар: Орал, Қап (Кавказ), Алатау, Сарыарқа. Тұранның осы кең жазығының орта тұсында: «Екі дүние есігің аталған әулие орны Түркістан Арыстан бап, Отырар-Фараб.
Осы мекеннің ортасында баптар бабы Арыстан бап, яғни ол аспан әлемінің қақпасы Күн ұясы Арыстан қақпасы.
Сонымен Тұран қақпасы деген мағына Ғаламның-Космостың құрылысынан бастап біздің қазіргі өмірге жалғасатын өте күрделі мәселе. Екінші бір көне ескерткіш Қазығұрт тауы. Айтылған Алатаулардың бір сәлемі Тұранға қолын созып тұрғанға ұқсайды». Қазақ халқының фольклорындағы топонимикалық, ономастикалық мағлұматтардың терең деректік астарын көріп, оны талдауға алу, халықтың дәстүрлі астрономиялық дүниетанымдық ұғымдарын ғылыми әдістермен сөйлету, қисындыру Әл-Машанидың ғылыми қолтаңбасына ғана тән. Аталмыш тау атауына қатысты халық аңызы «Басында Қазығұрттың кеме қалған, болмаса ол әулие неге қалған. Жетім қозы басында жатып қалып, Шопан ата жануар сонан қалған.Сол атырапта жалғыз Шопан ата емес, төрт түлік малдың бәрінің ескерткіші бар: «Зеңгі бабаң», «Ойсыл қараң», «Жылқышы атаң».
Бұл малдардың бәрі мүшел жыл аттарында бар. Ол мүшел есебі біздің халқымыздың көп мыңдаған жылдық ежелгі тарихымен байланысты. Осыдан келіп көне тарихтың арғы тегіне соғамыз».
Осы тұста ғалым түркі этнониміне тоқталып, бірнеше деректерге сүйеніп, өз байламын жасайды. Махмұд Қашқаридың «Диуан-лұғат ат-түрк» атты кітабынан түсіндірме береді: «түркі» сөзі мұнда «Түркі-тәңірі жарылқағыр Нұх ұғлының аты. Бұл ат Нұхтың ұғлы атауларынан Тәңірі берген Номдұр (атдур). Ал қашқарлық ғалым Халиф ұғлы имам Шайх Хұсайнның «Ақырзаман» туралы жазған кітабынан бір хадис келтірген.Пайғамбар расул Аллах былай деген: «Ұғлұқ Тәңірі айтты. Менің бір тайфа әскерім бар, оларды түркі деп атадым, оларды күн шығысқа орналастырдым. Бірер халықтан ғазаплансам, түркілерді оған қарсы жолдаймын (1том, Ташкент, 1960).
Демек, түркі деген есім қасиетті инсафты деген мағынада.
Бұл арада айта кетеріміз Нұхтың ұлы Түрк болғанда ол Нұқ кемесі Қазығұртқа тоқтаған. Демек, бұл арада Қашқари мәліметі мен қазақтың аңызы бір жерден шығады. Тұранда тоғысады. Осы есте болсын.
«Соларды тауып тексеріп, дәлелдеп халық алдында салуды біз өзімізге зор міндет санаймыз. Аллах жазса, шамамыз келгенше осы істің басын бастамақпыз. «Тұран қақпасы» дегенді осы бастау мағынасында алдық» дейді әл-Машани…
Қазақ дәстүрлі дүниетанымындағы астрономиялық ұғымдарды (жеті қат көк, он екі жұлдыз, т.б.) Кұран Кәрімді негіз ете түсіндіріп, ғылыми исламдық әдіснамаға ойыса талдайды. « Мәселен, Жеті қат көк, он екі жұлдыз. Барлық ғаламды жаратушы иесі Тәңірім өзінің қалалында Құран кәрімде Жеті қат көктің алты күнде жаралғанын, Жердің де сондай қабатты екенін айтады. Сонымен қайтара жылды он екі айға бөлгенін, олардың аялдама орындарын белгілегенін айтады. Осы айтылған белгілердің жыл маусымын айыруға және есеп ғылымына негіз болғанын айтады.
Осы айтылғандарды білімнің ғылымның жалпы бас әліппесі деп білуге болады. Бұл әліппе барлық адам баласына ортақ, өйткені, Тәңірім жерді адам баласына орын етіп берді. Көкті оған үй құрылысы етіп берді. Көктегі, Жердегі барлық зат Аллахтың басқаруында. Оларды қорғау Тәңіріне қиын емес», дей келе, Құран мен ислам ғұламаларының, әл-Фарабидің және қазіргі ғылымның жетістіктеріне тоқталады. Сөйтіп, «Қазіргі ғылым жер мен көктің адам баласының табиғатына сәйкес екенін анықтады. Мәселен, ғалам құрылысында бір өзгеріс болса, ол адам табиғатына әсер етеді. Қағыл иесі етіп адамды Жер топырағынан жаратқан Тәңірім, соған сәйкес ол етіп адамды, ол Жердің тегі өзгеше жаралған. Оның айналасындағы Аспан әлемі адамның құрылыс үйі (401 сүре, 64-аят), ол да соған сәйкес адам өлшемде жаралған. Қазіргі ғылым оны антроптық принцип, яғни адам негізі (қағида) деп атайды.Мұның негізі барып алғашқы нұрға соғады. Демек, қазіргі ғылым Ислам ілімінің негізін нығайтады»[8,5-9,10-бб].
Ғалам, адам мен табиғат үндестігін әл-Машани осылайша, «біздің сүйенетін үш тірегіміз түркі халықтардың – қазақ халқының мәдени тарихы, ислам діні және қазіргі дәлді табиғи ғылым» арнасында зерттеп шығады.
Халық астрономиясының білгірі, оның ғылыми негіздемесін қалыптастырушы тұлға жер бетіндегі халықтардың мифологиясында көп кездесетін тотемизм туралы өзгеще бағыттағы зерттеу қалдырған. Атақты Өгізхан туралы (түркі халықтарына ортақ мұра – Оғызнама) көлемді еңбегіне тоқталайық [9]. Түркі тілдес халықтардың ертегілерінің аңызының көнесі – Оғызнама- Өгізхан. Аңыздың қысқаша мазмұнынан Өгізханның туғаннан бастап ерекшеленгені, өз есімін «Өгізхан» деп өзі қоюы, алдымен дүниені тануы, жаңа туған айды қолмен өлшеуі, Ай орағынан садақ жасауы, Нұр қызына үйленуі, үш ұлы болуы Күн, Ай, Жұлдыз деп аталғаны, Өгізханның кәсібі мен достары,т.б. сипаттай келе, Өгізхан аңызының астрономиялық астарына тоқталады. Барлық шығыста жыл қайыру мүшел есебі бар. Он екі жылдық мүшел жануарларының бірі Сиыр аталатыны белгілі. Өгізхан сол сиыр атауымен тағы жұлдыздар тобымен байланысты. Сиыр-Сары-Торпақ-Телец аталатын жұлдыздар тобы дүние жүзіне белгілі. Бірақ батыста ол ай аты. Жыл ішіндегі он екі айға он екі топ жұлдыз алынған, мұны зодиак жұлдыздар тобы деп атайды. Ол екеуі де он екілік дәуір-цикл есебіне құрылған. Ол он екіні беске көбейтсе болады алпыс. Ол бесеу ертеден келе жатқан планета аттары, саны: жеті күн тәулік сол планеталармен байланысты екені белгілі. Ай мен күнді қоспағанда жеті қат көктің қалған бесеуі сол аттар. Алпыстың есеп теңдігі градусқа, минутқа, секундқа бөлудің негізі болғаны мәлім. Сол есеп системасының күні бүгінге дейін келе жатқаны мәлім. Бұл өзі уақыт есебінің жүйесі. Жыл, ай, күн, сағат… бәрі сол алпыстық немесе он екілік жүйемен есептеледі.Мүшелден жоғары соған байланысты ғасырлық, дәуірлік есептер де бар.
Дүниежүзілік осы есепте Сиырдың ерекше орын алатыны сол, ол мүшел мен зодиакқа қатар кірген ортақ белгі. Сиыр (Сауыр) жұлдыздар тобы аспандағы ең көрнекті көзге тез түстеін зат, оның басты мүшесін қазақ Үркер дейді»[9,25-б]. Сонымен, «Өгізхан-Оғызнама» сынды халық аңызы дәстүрлі астрономиялық ұғым болуымен қатар тарихи сананың мифологиялық кезеңінің дерегі екендігін ғұлама ғалым талдауынан ұғамыз.
Тарихи сананың түрлі кезеңдері, оның мифтік санаға орын беру кезеңдері ғылымда белгілі. Адамзат баласы жаратылғаннан-ақ онымен бірге «тарихилығы» қатар тұрған еді. Тарихи сананың пайда болуының рухани алғышарты – қоғамдық индивидтің (адамзаттың) өзін табиғат әлемінен бөліп алып және одан айырыла білген кезінен басталды. Өркениеттің елең-алаңында қарабайыр ұғымда пайда болған сана уақыт өте келе мүлдем өзгергені соншалық, тарихи емес сана (миф) мен тарихи (тарихилық ұстанымы) сана арасында сына пайда болды. Бірақ олар бәрібір тұтасымен тарихи сананың кезеңдері мен дамуы көріністері болып айқындалады.
«Тарихи емес» (миф) формасының өзінде-ақ тарихи сана – Жер бетінде табиғи жаратылыстан мүлдем өзгеше – әлеуметтік, яғни тарихи әлемнің пайда болғанын көрсетті. Демек, тарихи сана – табиғаты кереғар бола тұрып – кез-келген дәуірдің мәдениетінің дүниетанымдық сипаты болып табылады. Бұл – мәдениеттің өзінің тарих жемісі, нәтижесі болғандығында емес, оны тану барысында белгілі бір кезеңді, әлеуметтік тәжірибені, оның негізі болған тарихи тәжірибені кездестірер едік. Тарихи сана адамзат қоғамының әр кезеңіндегі материалдық және рухани мәдениеттің белгілерін көрсетер айшығы [10,12-б.]. Әл-Машани аңыздың халықтың дүниетанымдық ұғымы мен ежелгі тарихи кезеңдерінің зердесіндегі қорытылған, түйінделген квинтэссенциясы екенін дәлелдеп берді.
Ақжан әл-Машани қазақ зерде танымында ғылыми ислам бағытын салушылардың алғашқы санатында деп айтуға толық негіз бар[2]. әл-Фарабиді тану үшін ислам дінінің, Құран кәрімнің құдіретіне терең бойлаған әл-Машани болды. Ғұлама ғалымның діни сенімі туралы көзқарас-ұстанымы айқын. Ол шығармашылығындағы басты өлшем қағидаттардың қатарында тұр. Дін атаулыға барынша сенімсіздікпен қараған кеңестік жүйенің қысымында ғұмыр кеше жүріп, қазақ ғалымы діннің адамзат руханиятында алатын маңызын, жалпы ғаламды түсіну мен түйсінудегі ерекше орнын терең зерделеген. Ол ислам дінін ғылыми тұрғыдан пайымдауға, Құран қағидаттары арқылы бабалар мұрасын өзара байланыста зерттеуге тырысты. Ғалым жазады: «…Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Кімде кім ғылымды және ғұламаны сүйсе, ол менің жаннатта көршім болады» – деген.
Халифаттардағы ғылымға деген жоғары көзқарасты, жалпы ғылымның өркендеуіне даңғыл жол ашылуын ислам дінінің қолдауымен түсіндіре келе, өз ойын былайша түйіндейді: «Ислам ғылымының негізі құран аяттары болып табылады. Онда алдымен адам барлық ғылымды жаратқан Тәңіріне сеніп, оның бұйырған шариғат жолын таза ұстап, сонан кейін сол адал ниетпен Тәңірінің жаратқан дүниесін тану керек дейді. Оны алдымен өзіңнен баста, сонан кейін айналаңа көз жібер.Тәңірінің жаратқан табиғат дүниесінің сыр-сипаты құран аяттарында берілген және соған қосымша пайғамбар сөздерінде – хадиста айтылған. Сондықтан табиғат дүниесін бақылаудың басын аят пен хадистан бастау керек. Сонан әрі қарай адам қиас, мирас әдістерін қолдану керек. Яғни ол әдістер бақылау, өлшеу, есептеу, зерттеу, салыстыру, тексеру т.б. ислам ғылымының бағыты осындай.
Қорытып айтқанда, ислам ілімінің үш негізгі тарауы: 1) құран аяттарын түсіну, 2) пайғамбардың хадистерін талдау, 3) табиғат дүниесін ғылыми көрнекі қиас әдісімен зерттеу»[11,177 б.].
А.Машановтың ғылыми ислам ұғымы жаратылысты бөлшектемей тұтас көруге, яғни үлкен ғалам қоршаған табиғат болса, кіші ғалам адамды бірлікте алып қарастыруға, тануға құран сүрелері мен аяттарына, пайғамбарлардың («Ыдырыстан ғибрат», «Ибрахимнан ғибрат») өсиеттеріне, исламдық ілімдерге, «абжад» санына сүйене негізделген [11,156-166 бб.]. Әсіресе, халықтың шамандық, тәңірлік наным-сенімдерінен бастап, ислам дінін қабылдаған кезеңдеріндегі дүниетанымындағы өзгерістерді ғылыми-философиялық және жаратылыстанулық тұрғыдан зерттеуі, осы ислам қағидаттарымен ұштасады. Мұндай зерттеулерінде ғалым логикалық қисындылықты дәл математикалық және геометрия әдістерімен бекемдеп, заманауи жаратылыстану концепциясында өзіндік бағытын қабылдауды мойындата алады.
Қазіргі қазақ қоғамындағы діни сауаттылықтың әлсіздігі, біржақтылығы ислам дініне қатысты батыстық түсініктер мен саясат астарында қалып жатқаны белгілі. Осы орайда, ғұлама-ғалымның «Қадір түнгі ойлар» атты көлемді еңбегі дінтанушыларға, философтарға халқымыздың ұлттық ділін, дүниетанымын, байырғы наным-сенімдерін, дінін зерттеуге арқау боларлық мұра[12]. Белгілі АБЖД есебі жайындағы ғалым пікіріне кезек берелік. «Қазақша зат есім, сан есім деген түсініктерді ойлап қарасақ, есімнің негізгі екі түрі барын көреміз, оның біреуі – заттың аты болса, екіншісі – саны. Бұлардың бірінсіз-бірі жоқ. Тәңірім адамға заттардың есімін үйреткенде осы екеуін қатар берген деп білеміз» [9,388-б.]-деп АБЖД есебін қолданудың алгебрада, математикада, басқа саласында оптикада, музыкада қолданылуының оң нәтижесі жайында жазады. АБЖД есебінің ғалам сырын түсінуде, зерделеуде әл-Машанидың ізін жалғастырушылар легі алыста емес деп санауға болады.
Ақжан әл-Машани ғұлама ғалымдығымен қоса, отансүйгіштігімен, ұлтжандылығымен әйгіленген тұлға болып қалды. Кеңестік атеистік қоғамда өмір сүріп, ұлы ойшыл, сан-салалы ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің (870-950) есімін тарихи Отанына оралтып [2;11,6-27- бб.;13], оның әмбебап сипат алатын мол ғылыми мұрасын зерттеп, ұрпағына жеткізуге саналы ғұмырын арнады. Сондай-ақ Әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани байланысты алғаш рет нақтылы зерттеуінде тұжырымдап, терең талдаулар жасағаны мәлім[9].
Ақжан әл-Машани әлемін түсіну, оның еңбектеріне ғылыми сараптама жасау, ғылыми нәтижесін анықтау зерттеушіден терең дайындықты, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдарға бірдей қабілеттілікті және рухани парасаттылықты талап етеді. Әл-Фарабиді тануға жан-жақты білім мен қабілет, биік рухани парасаттылықпен келген әл-Машани болса, сол Машановты тануда осындай өлшемдерді қажет етеді. Ұлттық тұлғатану бағытын қазақстандық тарихнамада Машанитану тақырыптарымен жалғастыру уақыт еншісінде.
Ғалым шығармашылығының негізгі арқауы әл-Фараби және оның ғылыми мирасына арналды [13-16]. Әл-Фарабиді кең ауқымда кешенді зерттеуге жол салды. Бұл қазақ ғалымының ғылымға деген көзқарасы, пайымы мен қосқан үлесі. Оның «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» деген зерделі еңбегі [13] жалпы қазақ ғылымындағы тың дүние. Жариялануының өзінше бір тағдыры қалыптасқан еңбектің ғылыми танымдық маңызы туралы Машанитанушы ғалым Ш.Әбдіраманов жазды [13].
Әл-Фарабиді мұраларын, өзін елге таныту барысында, ғылымның барлық саласынан білімі терең ғалым дүниежүзілік тарих мәселелерін, әр кезеңдердегі қоғам мен саясат, адам мен табиғат туралы ірі тұлғалардың көзқарастарын талдап отыруды ұмытпайды. Онсыз Әл-Фараби жұмбағын шешу, оның адамзат дамуына қосқан зор үлесін жете анықтау қиынға түседі. Сондықтан ғалым сол кезеңдегі дүниетанымдық көзқарасқа, тарихи ойлауға, жалпы қоршаған әлем туралы кең тынысты зерттеу жүргізген. Ортағасырлық тарихи ойлаудағы діни ұстанымды, оның өзіне дейінгі мифологиялық және рационалистік пайымдауға қатысты кезеңдеріне терең үңіле, ғылыми ой тұжырымдайды. Бұл Әл-Фараби мирасын игерудегі тарихнамалық ірі мәселе болып табылады. А.Машанов осыны көрсетіп береді.
Адамзат тарихының барлық кезеңдерінде өзінің қоғам игілігіне сұранысын жоғалтпайтын ғұламалар тарихта өте сирек. Оған әл-Фараби бабамыздың мұралары ғана төтеп бере алатындығы асыра айтқандық болмаса керек. Ортағасырлық түркілердің көрнекті перзенті, сан алуан тарихи деректерге енген Отырар атырабында дүниеге келген Әбу Насыр Әл-Фараби адамзатқа ортақ игілік – ғылымға, ғылыми танымға еңбек етті [17-19]. Оның Шығыс пен Батыс ғылымына бірдей дәреже де мойындалуы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың бүгінгі тәуелсіз елінің ұрпақтарының әлемдік заманауи ғылыми үдерістерге қаймықпай енуін шабыттандыра түседі.
Әбу Насыр Әл-Фараби түркі руханиятындағы кемелдікті араб-ислам әлеміне танытып берді. Ол дүниетанымдық өресі мен қисындық зердесінің тереңдігінің арқасында ғана араб-ислам әлемін түсінді, таныды, сол кезеңнің ғылыми санасын жоғары өркендетті. Әл-Фараби түркілердің араб-ислам өркениетін дамытуға қосқан мол үлесін өз мұрасымен әйгілеп қалдырды. Жалпы, түркі өркениетіне қатысты әлі де болса өз ықпалын сақтап отырған көзқарастар мен сыңаржақ пайымдамаларға, Әл-Фарабидің өмірбаяны мен мұраларына арналған ғылыми-көпшілік, танымдық анықтамалықтарды насихаттау тетіктерін ойластырған ләзім.
Жаратылыс пен адамзат болмысын бір арна да ұғындыруға тырысқан Әл-Фарабиді танытудың өзегінің өзі де сол екенін зерделеген алғашқы фарабитанушы А.әл-Машани Әл-Фарабидің ғылыми мұрасына сипаттама жасады. «Әл-Фарабидің негізгі ғылыми қызметі туралы анықтаманы оның «Ғылымның сыныптамасы» туралы сөзінен бастаған ләзім».
Одан әрі ғалым аңғаруынан байқаймыз: «Ғылымды математикалау және геометриялау принципін ол, өзі тікелей айналысқан ғылым мен техника салаларының барлығында да келтіріп отырады. Физика мен жаратылыстанудың барлық түрінде бірінші болып қолданбалы математиканы пайдаланған әл-Фараби. Бұл «Физикалық гармонияға» қатысты, бұл минералдар мен кристаллдар симметриясына қатысты, бұл музыка ғылымына қатысты, бұл күмбезді космологияға қатысты, тіптен азаматтық ғылымының соңғы бөлімінде – тұңғыш адамгершіліктің тепе теңдігіндегі және қоғамдық өмірдегі үйлесімнің сақталуына да қатысты да Әл-Фараби математикалық ой түйіндейді. Гармонияның осы принципін философиялық жүйеде қолданып, ол «Аристотельдің діни екі философиялық ортақтығы» туралы үлкен трактат жазды» – деп тоқталады.
А.әл-Машани әл-Фарабиді тану барысында адам өмірінің мәнісіне қатысты өз философиялық ой қорытуын білдіреді. «Адамдық өмірдің негізгі мақсаты шындық іздеу, шындық табу. Әл-Фараби өмірін соған арнаған адам екені айтылды. Әл-Фарабидің шындық іздеу жолы ғалами табиғат пен адамдық табиғатты тең ұстаған жол».
Әл-Фарабидің кейбір жеке ғылым саласындағы табыстарының қазіргі ғылымда алған орындарына тоқталады. Мәселен, ойыс айналы, оптикалық әдістер алысты жақындатып, кішкенені үлкейтетіні мәлім. Бұл өнердің көптеген ғылым тарауында қолданылады. Соның физикалық- математикалық теориясын жазып және оны қолынан жасап пайдаланған алғашқы адам Әл- Фараби. Аспан шырақтарын және жер бетін, өлшеу аспаптарын Әл-Фараби жетілдірген.
Музыка саласында да Фараби еңбегі зор. Солардың ішінде бір ғана жаңалығына тоқтала кетеді: оның аты ноталар арасының таза санаттар қатынасы, ноталарға бөлінген дыбыстардың жоғары төменгі дәрежелерін көрсететін сандық қатынастары, шамамен алғанда перне араларының қатынасы қашықтық интервалы ноталық құрылыс болып саналады.
Әл-Фараби космология саласында нағыз жаңашыл болған. Бұл жайында ғалым оның идеяларының мынадай еңбектерінде «Птоломейдің Альмагестріне кіріспе», «Жоғары табиғаттанудың ұлы негізінің кітабы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Сауалдың мәні», «Ғылым сыныптамасы» және т.б. көрініс табатынын сипаттайды[13].
А.әл-Машани Әл-Фарабидің ғылымның әр саласына арналған еңбектерін бір ізге түсіріп, жекелей емес, тұтастай талдап, олардың ғылыми маңызын екшеледі. Әл-Фарабидің енгізген жаңалықтары мен антикалық ғұламалар Аристотель, Платон, көзқарастарын [20] талдауына және оларды әрі қарай дамытуға қосқан зор еңбегін дәлелдейді. Бүтін жаратылысты танудың ортақ тінін анықтап, оны ғылыми тұрғыда негіздеуі Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылымдағы шырқау биігі болса, оны елге, халыққа жеткізген А.Машановтай терең зерденің иесі еді. Соның нәтижесінде бүгінгі ұрпақ әл-Фарабидің және басқа да Орталық Азия ғұламаларының араб-ислам ғылымын аса биік деңгейге көтергендігіне көз жеткізе алады.
Негізінде, Орталық Азияның интеллектуалдық әлеуеті, оның сол кезеңдегі араб-ислам өркениетіндегі орны жайында отандық тарихнамада терең зерттеулер жетіспейтіні рас. Саясиланған тарихи білімнің зардаптары әлі де ұлттық руханиятты көркейтуге, жаңғыртуға теріс ықпалын тигізіп бағуда. Әл-Фарабиді тану «Адамзат өркениеті» тәрізді алып құбылысты бағамдаудағы, оны ұғынудағы әр халықтың қосқан үлесі мен өзіндік орнын анықтауға септігін тигізе алады. Ежелгі шығыс (шумер мен Вавилон), одан әрі антикалық грек, Рим әлемі, Тұран-түркі және араб-ислам әлемі, буддалық-қытай-үнді әлемі, еуропалық-христиандық әлемнің [21] ортақ синтезделген мұрасы Адамзат өркениетіне қатысты ұлттар мен халықтар таласына тоқтау салар еді. Осыдан-ақ тарих философиясындағы жаңа бағыттардың қажеттігі аңғарылады.
Ақжан әл-Машани шынайы ғылымдағы ұлы тұлғалардың ғұмырының мәңгілік екенін дәлелдейді. Кейінгі тарихи кезеңдердегі қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың мұрасынан өткен дәуір ойшылдарының дүниетанымын, көзқарастарын іздеп, сабақтастықты, жалғастықты анықтап, жеке зерттеулер жүргізді. … «Ел басына күн туған кездері қазақ халқының екі данышпен ұлының есімдері біздерге рухани демеу болары талассыз. Олар : бірінші әл-Фараби, екінші – Абай. Менің ұғымымда Абай ұлы данышпан, қазақтың ақылшысы, ұстазы, досы, халқымыздың тірегі, сенімі, ар мансабының әділ таразысы»[11,80 б.] – деп жазды. Абай мұраларындағы ғылымға қатынасты одан әрі тереңдей, талдай түседі: «Абайдың ғылым жолдары жөніндегі өсиеттері көптеген өлеңдерінде бар. Ол кісінің 17 және 31-32-інші сөздері түгелдей осы мәселеге арналған». Абайдың білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға шарттарын көрсете келе, оның ғылыми жолына тоқталады: құмарлық-махаббат, шыншылдық әдет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды қайратты мінез» болуы тиіс.
«Әл-Фараби және Абай» еңбегіндегі Абайды тануды ғұлама ғалым тұжырымдамасы осындай қорытынды шығарады. Абайдың ғақлияларын талдау мен пайымдауда математикалық, қисындылық әдістерді енгізгіп, «Абай үшкілі» категориясын негіздейді. «Абай үшкілі деп отырғанымыз үш саладан бас қосқан нәрсе: Қайрат, Ақыл, Жүрек. Абай өзінің 17-қара сөзінде осы үшеуінің өнерін салыстыра келіп, ғылымға билік айтқызады. Ғылым былай деп шешеді. Үшеуің де бірдей керексіңдер. Біріңсіз бірің жеке тұра алмайсыздар. Үшеуің бас қосыңдар. Мен сендердің аяңда боламын. Жүрекке басшылық беру керек. Мен сол жүректі қолдаймын. Дегенге келеді… Абай үшкілі даналық үшкіл» деп түйіндейді [11,121 б.].
Ғалымның Абай арқылы Әл-Фарабиді, Әл-Фараби арқылы Абайды тануға ұмтылысы аса ірі ғылыми жаңашылдық бастама. А.Машанов талдауында Абай тек қоғамды ғана емес, тұтас жаратылысты тануға, түсінуге, түсіндіруге күш салған ғұлама тұлғасында қабылданады.
Абай заманы (1845-1904) Ресей империясының қазақ халқын отарлау саясатының барынша асқынып, дәстүрлі тарихи таным «Зар-заман» деп түйіндеген ауыр кезеңі [22]. Абай шығармашылығының үлкен бір мәселесі философиялық астардағы туындылары осындай тарихи жағдай әсерінен қалыптасты. Сыртқы жат мәдени-рухани экспансияға қарсы халықтың ділдік күш-жігерін, сол дәуірдің куәгері және сол ұлттың өкілі Абай Құнанбаев атқарды. Ұлтты танудағы рухани, ділдік мәселенің маңыздылығы тағы да алдымыздан шығады. Ақжан әл-Машанидей зерделі ғалым Абай феноменін анықтаудағы, зерттеудегі тарихи, объективті себептерді осылай таразылаған.
Қорыта айтқанда, Ақжан әл-Машани (Машанов) шығармашылығы мен ұстанған бағыты ғылымда мүлдем өзгеше тың теориялық-методологиялық әдіснамалардың қалыптасуына қозғау салады. Түркі өркениетіне байланысты іргелі ғылыми бағыттарды негіздей алады. А. әл-Машани мұрасында түркі өркениетіне қатысты жаңа мәдени-тарихи құндылықтар негізделген. Қазақтың қарапайым аңызындағы (шежіресінде емес) тұрандық-түркілік рух пен ділді тауып, ислам діні мен жаратылыс тану ғылымдары арқылы жан-жақты дәлелдеп, екшелеген Ақжан әл-Машани екендігі лайықты мойындалуы керек. Сондай-ақ А.Машанидың адамзат қоғамының тұтас ғаламдағы орны мен рөлін таразылап бергендігін ескермеуге болмайды. «Адам қоғамының эволюциясы жер планетасының өзгерістерімен тығыз байланысты дегіміз келеді»[4,17-б] деп жазған пікірі, биосфераның қазіргі ахуалы, ғаламдық экология, адамзат ұрпағының сақталуы туралы қауіп туған бүгінгі әлем тағдырына алаңдаған ғұлама ғалымның өміршең өсиеті және елге қалтқысыз қызмет етудегі өнегесі деп ұқсақ керек.
Қорыта айтқанда, кеңестік тоталитарлық жүйе жағдайында ғұмыр кешкен Ақжан әл-Машани түрлі кедергілерге қарамастан артына ұлттық танымға қызмет етерлік мол мұра қалдырды. Ғалым мұрасы таусылмайтын, қазына телегей-теңіз. Мұраны игеру үшін зерттеушінің кәсіби біліктілігімен қоса ақыл-парасаты және ұлтқа қызмет етудегі азаматтық ұстанымы қажет. Ақжан әл-Машанидің ғылыми көзқарасын зерделеу осындай ойға жетелейді. Ұлттық таным мен зерденің кемелденуін, толысуын барынша қажет етіп отырған қазіргі қазақстандық қоғамда А.әл-Машани мұрасының зор методологиялық күш-қуатын саралай білген ләзім.

Деректер мен әдебиеттер

1. Сөз соңы немесе Ұлы ұстаз туралы толғау.Осы жұрт Машаиді біле ме екен?//Әл-Машани А. Әл-Фараби және музыка. Көп томдық шығармалар жинағы. -16 том. – А:Алматы-Болашақ, 2011. – 416 б.
2. Әл-Машани Ақжан. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы. 2005-2001.
3. Әл-Машани атындағы базалық білім беру институты // http://www.kazntu.kz/; Әл-Машани халықаралық қоғамдық қоры.
4. Ақышев Т.А., Әл-Машани А. Қазақстанның тас-қола дәуірі мирастары. – А., ҚазҰТУ, 1996. – 175 б.
5. Гегель Г.В. Ф.Энциклопедия философских наук. Философия духа. – М.:Мысль, 1977. – Т.3. – 471 с.
6. Урсу Д.П. Методологические проблемы устной истории // Источниковеденеие отечественной истории. – М.:Наука, 1989. – 268 с.
7. Репина Л.П., Зверева В.В., Парамонова М.Ю. История исторического знания. – М.: Дрофа, 2004. – 228 с.
8. Әл-Машани А. Тұран қақпасы. Көп томдық шығармалар жинағы. – А.:Алматы-Болашақ, 2001. – 14 том. – 392 б.
9. Әл-Машани. Өгізханның қол таңбасы. Көп томдық шығармалар жинағы. – 15 том. – А., 2011. – 432 б.
10. Барг М.А. Эпохи и идеи. Становление историзма. – М.:Мысль, 1987. – 348 с.
11. Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы:Қазақстан, 1994. – 192 б.
12. Әл-Машани А. Қадір түнгі ойлар. Көп томдық шығармалар жинағы. – 12 том. – А.: Алатау, 2009. – 280 б.
13. Әбдіраман Ш.Қудаланған әл-Машани емес… Әл-Фараби // Әл-Фараби және бүгінгі ғылым. – А., Алаш, 2004. – 216 б.
14. Машани А.Жаңа дәуір.Көп томдық шығармалар жинағы. – А., 2009. – 11 том. – 320 б.
15. Машанов А.Космология Аль-Фараби. – А., 1971.
16. Әл-Машани А. Ғалами мөр. Көп томдық шығармалар жинағы. -13 том. – А: Алматы-Болашақ, 2011. – 400 б.
17. Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. – Алматы: Ғылым, 1993. – 456 с.
18. Әлемдік философиялық мұра. Әл-Фараби. 20-томдық. – 4том. –Алматы: Жазушы, 2005. – 566 б.
19. Әл-Фараби Аль-Фараби. Избранные трактаты. – А. : Ғылым, 1994. – 448 с.
20. Кисиль В.Я. Галерея античных философов. В двух томах. – Москва: ФАИР-Пресс, 2002. – 572 с.
21. Яновский О.А., Бригадина О.В. Всемирная история. – Минск, Юнипресс, 2002. – 608 б.
22. Жеті ғасыр жырлайды.ХІV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары / Құраст. Е.Дүйсенбайұлы. Екі томдық. – Алматы: Жазушы, 2004. – 400 б.

 Жүгенбаева Гүлбану,

тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институтының Тарихнама,

деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі

(Алматы)