Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АКАДЕМИК Р.Б. СҮЛЕЙМЕНОВ: ТАҒДЫРЫ МЕН МҰРАСЫ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2016 жылдың 14 желтоқсанында «Академик Р.Б. Сүлейменов: тағдыры мен мұрасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел қонақтары қатарында Рамазан Сүлейменовтың туған інісі, Қазақстан Республикасының көрнекті дизайнері Тимур Сүлейменов, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, т.ғ.д., профессор М.Қ. Әбусейітова т.б. болды. Дөңгелек үстелді кіріспе сөзбен институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Н.Ә. Атығаев ашты. Дөңгелек үстел модераторы міндетін Халықтану және тарихи тұлғатану бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., доцент А.И. Құдайбергенова атқарды.
Дөңгелек үстелде мына мәселелер қарастырылды:
1) Р.Б. Сүлейменов – ХХ ғасырдағы қазақтың біртуар тарихшысы, мәдениет мәселелерінің зерттеушісі;
2) Р.Б. Сүлейменов және қазақстандық тарих ғылымының дамуы;
3) Р.Б. Сүлейменов – Қазақстандағы Шығыстану институтының негізін қалаушы.
Дөңгелек үстелде академик Рамазан Бимашұлы шәкірттері өз естеліктерімен бөлісті. Профессор Меруерт Қуатқызы академиктің Шығыстану институтының негізін қалаудағы орнына айрықша тоқталып, Рамазан Сүлейменовтың жас ғалымдарды Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мұрағаттарына арнайы іссапармен жіберіп, құнды деректердің көшірмелерін алдыртқаны туралы айтылды. Институттың ардагер ғалымы Қ.С. Алдажұманов өз естелігінде Рамазан Бимашұлының терең білімін, адамгершілігін айта отырып, КСРО кезіндегі Ресей ғалымдарының: «Сіздердің ғалымдарыңыз Рамазан Сүлейменов қазақ ғылымының көкжиегінде жарқырап тұрған жарқын жұлдыз» деп берген бағасын атап кетті. Академик шәкірттерінің бірі, институт бас ғылыми қызметкері, профессор Жұлдыз Төлебаева лаборант болып жүргендегі кезін еске алып: «Рамазан Бимашұлының Шығыстану институты туралы идеясы жүзеге асқандағы толқығанын көрсеңіздер..! Жастарға қай бөлімге баратынына дейін айтқанда, ол кісінің қуанышында шек жоқ еді. Рамазан Бимашұлы иституттың бөлімдеріне дейін жоспар құрып қойған-ды. Шығыстану орталығығынсыз қазақ тарихын жазу мүмкін емес деген пікірде болған», – деп, академиктік сол кездегі тебіренісін айтып өтті. Академиктің туған інісі Тимур Бимашұлы Сүлейменовтың балалық шақтары туралы айтқан естелігі өте қызықты болды. Олардың отбасы Сәкен Сейфуллинге жақын болғандықтан, репрессия жылдары қатты зардап шеккен екен. Бірақ олардың аналарының еті тірлігінің арқасында талай қиындықтарды жеңіп, барлығының елге танымал азаматтар болғаны ерекше ықыласпен тыңдалды.
Рамазан Сүлейменовтың тағдыры мен ғылыми мұрасына арналған дөңгелек үстел осы және т.б. мәселелерді қарастыра отырып, төмендегідей шешімдер қабылдады: 1) Қазақстанға еңбегі сіңген тұлғалар есімін насихаттау арқылы жас ұрпақты парасаттылыққа, биік адамгершілікке, ғылымға кіршіксіз тазалықпен қарауға тәрбиелеу – абыройлы іс дей отырып, академик Р. Сүлейменовтың өмірін тереңірек зерттеу; 2) академиктің ғылыми мұрасын Қазақстан қоғамына кеңінен таныстыру, әсіресе, халықтың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында қазақтың ұлттық мәдениетінің тағдыры туралы еңбектерін баспасөзде жиі-жиі жариялап тұру; 3) қазақ мәдениетінің тарихы саласындағы бірден-бір жоғары дәрежеде кәсібиленген ірі де білікті маман болған академиктің ғылыми зерттеулерін жалғастыратын мамандар тәрбилеу.
Осылайша академик Р. Сүлейменовтың Қазақстандағы Шығыстану мектебінің негізін қалаушы, ұйымдастырушы ретіндегі рөлін толыққанды зерттеу қажеттілігі бірауыздан қолдау тапты.