Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ХХ Ғ. ХАЛЫҚ ЖАДЫНДАҒЫ – ТАРИХ ФЕНОМЕНІ


2016 жылдың 15 желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында IV-ші А. Нүсіпбеков оқулары аясында «ХХ ғ. халық жадындағы – тарих феномені» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысын модераторы, Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Г.С. Жүгенбаева кіріспе сөзімен ашып, ауызша тарихтың мәнісі мен ұғымы, тарих ғылымындағы орны және зерттеу мәселелері жайында баяндама жасады.
Дөңгелек үстел жұмысында т.ғ.д. Тоқтабай А.У. «Кенесары көтерілісі туралы тың деректер» атты тақырыптағы баяндамасында Көкшетау өңіріне жасалған экспедицияда жиналған ауызша деректер бойынша Кенесары көтерілісі, Ш. Уәлихановтың бабасы Уәли ханның қорымы, Бөгенбай би туралы тың мағлұматтарды пайдалана отырып, көпшілікке қызықты деректерді ұсынды.
Баяндамашылар т.ғ.д. Абылхожин Ж.Б., т.ғ.д. Құдайбергенова А.И., т.ғ.к. Орынбаева Г.Ү. сынды ғылыми қызметкерлер Ұлы Отан соғысы, өлке тарихына байланысты халық жадында сақталған естеліктер мен көнекөз қариялардың тарихи әңгімелері туралы баяндады.
Ғылыми қызметкерлер Жетпісбай Н.Ы. ауызша деректерді мұрағат деректерімен салыстыра отырып қызықты мәліметтерге тоқталса, Бұрханов Б.Б. Қазақ-Жоңғар соғысы туралы ауызша деректерге мән берді.
Байжұманова З.Б. Көкшетау өңірінің тарихына шолу жасай келе тың игеру, депортацияланған халықтар, ашаршылық мәселелеріне шолу жасаса, Қонқабаева А.Н. Маңғыстау өңірі шеңберінде ғана айтылатын, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қилыбаев Байбоз туралы тың мәліметтерді фото-слайд арқылы көрсете отырып, ауызша тарих пен жазба тарихтың деректерін тиімді пайдалана отырып, өз ойын қорытындылады.
Дөңгелек үстел соңында оған қатысушы ғалымдар өз ойларын ортаға салып, пікір алмастырды.