Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЕСКЕ АЛУ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2016 жылдың 14 желтоқсанында «IV-Нүсіпбеков оқуларының» аясында өтетін тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлына арналған еске алу кешін өткізді.
2016 жылғы 22 қарашада 77 жасқа қараған шығанда көрнекті ғалым, Моңғолияның мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы дүниеден озды.
Дөңгелек үстел модераторы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов кіріспе сөзінде философия ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, институт бас ғылыми қызметкері Зардыхан Қинаятұлының өмір жолы мен ғылыми шығармашылығына тоқтала келіп, ғалымның артына аса құнды да мол ғылыми мұралар қалдырып өмірден өткендігін айтты.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қытайтану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Мұқаметханұлы Нәбижан «Зардыхан Қинаятұлы – мемлекетшіл тарихшы» атты естелігінде Моңғолияда туып-өсіп, университет бітіріп, Мәскеуде ғылыми дәрежелер қорғап, ғалым болып қалыптасқан Зардыхан Қинаятұлының өзінің саналы ғұмырының көбін Моңғол елінде өткізді, онда ол жетекші ғалым ретінде және мемлекет қайраткері ретінде өшпес із қалдырғандығын, Моңғол мемлекетінің жаңа Конституциясын жазуға жетекшілік етіп, моңғол қоғамын түбегейлі өзгеріп қайтақұрушылардың бірі және бірегейі ретінде, көрнекті реформатор ретінде әлемге кеңінен танылғандығына тоқтала келе: «Сондай-ақ ол философия және саясаттану ғылымдары бойынша шығарған 4 монографиясымен де сұңғыла ғалым ретінде ел құрметке бөлінген-ді. Бірақ тәуелсіз Қазақстан үшін еңбек етуді өзіне бақыт санаған Зардыхан Қинаятұлы тарлан тарқан шағында өзінің ақыл-парасаты мен ерік-жігерін тарихи отанына сарқа жұмсау тәуелсіз жұмсауға шешім қабылдап:
«Қазақ болып жарасайын деп келдім,
Ағайын қауышайын деп келдім,
Қазақ үшін көзін біреу алартса,
Жаным пида, соғысайын деп келдім» – деп, жүрегін қолына ұстап елге оралып, отан тарихының ең өзекті мәселелерін жанкештілікпен зерттеумен шұғылданды»,– деп еске алды.
Кеште Институт директорының орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы З. Қинаятұлының зерттеулерінде», институт жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Дәулетхан Әлімғазы «Мемлекетшіл, ұлтшыл тарихшы З. Қинаятұлы», ҚР Орталық мемлекеттік музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Бабақұмар Қинаятұлы «З. Қинаятұлының еңбектеріндегі диаспорология мәселелері», «New Vision» Еуразия зерттеу орталығының қызметкері, профессор, PhD доктор Жанәбіл Жігер «Зардыхан аға және Қазақ хандығының тарихи негізі», институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Төлебаева Ж.М. «Этническая история тюркских народов в описании тимуридских авторов» тақырыбында ғылыми тұрғыдан ой өрбітсе, сөз алған өзге әріптестері мен замандастары, Қазақ қауымдастығының мүшелері де ғалым, бауыр, замандас, әріптес туралы ойларын ортаға салды.
Кеш барысында «Modern Nomads (Современные кочевники)» атты Зардыхан Қинаятұлы туралы құжатты фильм көрсетілді.
Кешке қатысқан ғалымның отбасы мүшелері – ұлдары Жанболат пен Жармұхамед және қызы Гүлжәмилә әке рухына бас иіп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыстарын білдірді.
Еске алу кешіне жиналғандар ғалымның соңғы жиырма жылда жариялаған 12 монография және 250-ге тарта ғылыми-танымдық мақалалары, соның ішінде «Қазақ мемлекеттілігі және Жошы хан», «Шығыс хан және Қазақ мемлекеттілігі» сияқты аса күрделі де өзекті тақырыптарға жазған еңбектері, отандық тарих ғылымындағы ақтаңдақтарды толтырған құнды еңбектер болып саналады деген қорытынды жасады. Ғалым тарих, философия, қоғамтану және заңтану ғылымы сияқты гуманитарлық ғылымдарға кеңінен, тереңінен қалам тартқан, аса құнды еңбекер жазған ғұлама ғалым еді. Сондай-ақ ол қайраткерлік пен ғалымдықты, бекзадалық пен қарапайымдылықты, әдептілік пен принципшілікті жарастырып ұштастыра білген үлкен парасат иесі еді. Амал нешік, өмірден ертелеу өтті. Бірақ Зақаңның жарқын бейнесі мен артына қалдырған мол ғылыми еңбектері қазақ халқының жүрегінде мәнгі сақталады.
Бақыл бол ардақты аға!