Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Елбасы үндеуіне байланысты дөңгелек үстел “Президент және Қазақстандағы конституциялық реформа”


2017 жылғы 10 ақпанда Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуіне қатысты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысына отандық және институт ғалымдары, жоғары оқу орындары оқытушылары, қоғамдық бірлестік мүшелері, докторанттар мен магистранттар  қатысып, жалпыхалықтық талқылауға үн қосып, пікір алмасты.

Сондай-ақ дөңгелек үстел жұмысына БАҚ құралдарының – «Хабар.24», «Қазақстан» журналистері қатысып, қатысушылардан сұхбат алынды.

Дөңгелек үстелде: конституциялық реформалар және демократиялық қоғам құндылықтары; конституциялық реформалар: үлкен саяси өзгерістер бастауы; конституциялық реформа аясында Үкіметті жасақтауда және бақылауда Парламенттің рөлінің күшейтілуі, тиісінше саяси партиялардың маңызының артуымен қатар, мемлекеттік билік органдарының жауапкершілігі мен кәсібилігін, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру тетігі және олардың қызметін  анықтау секілді келелі мәселелер кеңінен талқыланды.

Дөңгелек үстел модераторы  Ш. Уәлиханов атындағы       Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корр. мүшесі, т.ғ.д., профессор Әбжанов Х.М.  кіріспе сөзбен ашып,  өзінің «Конституциялық реформа және демократия тағдыры» тақырыбындағы негізгі баяндамасында сонау көне түркілер кезеңінен бастау алатын «Мәңгілік Ел» идеясының демократиялық және конституциялық негізіне тоқтала келіп, Қазақ даласында ұзақ уақыт өмір сүрген отаршылдық-монархиялық демократиялық жүйе және кеңестік-тоталитарлық демократиялық жүйе сияқты демократияның өзге де түрлерін, сонымен қатар олардың тағылымына талдау жасады. Сондай-ақ басты мақсат Елбасының 2017 жылдың 25 қаңтарында бастамасымен тәуелсіз Қазақстанның демократиялық жүйесіне және институционалдық реформасына кеңінен тоқталып, өз ұсыныстарын білдірді.

Өз пікірлерін ортаға салған  институттың бөлім меңгерушісі, т.ғ.д. Жүгенбаева Г.С «Конституциялық реформалар және демократиялық қоғам құндылықтары», республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, т.ғ.к. Қойшыбай Б. «Конституциялық реформа және тарихи әділеттілік», Төленова З.М.  институттың бөлім меңгерушісі, т.ғ.к.    «Конституциялық реформалар: үлкен сааяси өзгерістер бастауы» баяндамаларында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына билік тармақтарын бөлу жөніндегі Үндеуі қазіргі уақытта жаһандану жүйесі әлем мемлекеттері алдына түрлі сынақтарды қойып отырғандығын тілге тиек етті. Көтерілген мәселелерде Қазақстан дүниежүзілік өзгерістен қалмай, соған сәйкес ілесу қажет. Елбасы конституциялық реформаның екі негізгі бағыт бойынша іске асатынын мәлімдеуінің тарихи маңыздылығы көрсетілді. Институт ғалымдары тарапынан Үндеуде көрсетілген экономикалық-әлеуметтік үдерістерді реттеудегі Президенттің біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілетіндігі, екіншіден, билік тармақтары арасындағы қатынастарды теңгерімді ету бағытында заң шығарушы органның рөлін күшейту болып табылатындығы бірауыздан қолдау табатындығы айтылды. Бұл өз кезегінде билікті халыққа беріп, оның мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласуына зор мүмкіндік туғызатын мүмкіндік екендігі де ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ. Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылып отырған Елбасы Үндеуі соны өзгерістерге жетелейтін мемлекет шежіресіне жаңа тарих пен жаңа заман белестері деген қорытындға келді. Конституциялық реформа – әлем елдері алдындағы Ұлы дала елінің өзіндік авторлық моделі болып, әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның жаңа жолы мен даму бағытын, алатын орнын анықталатындығы еркін микрофон барысында сөз алған ғалымдар Ш. Уәлиханов атындағы Тарих  және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев, институттың Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. А.У. Тоқтабай, аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. А.С.Уалтаева, жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. С.К. Рүстемов,  аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Г.Ө. Орынбаева, ғылыми қызметкер, институт жастар комитеті төрағасының орынбасары Д.Ж. Жайлыбаевтар ой бөлісті.

Әрбір баяндамашы мен сөз алғандар сөз соңында өз ұсыныстарын білдірді, олар дөңгелек үстел қарарына қосылды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қарар қабылданды.

Қарар қорытындысында Қазақстандағы реформалық маңызы бар осынау  бастаманы  шетелдік  сарапшылардың да назарда  ұстауы  Президент бастамасының тек ел үшін ғана емес, аймақтық саясатта да маңызды екендігін көрсете келе, дөңгелек үстел қатысушылары шешім қабылдады:

Үндеуде бүгінгі күннің талабына сәйкес мемлекетті басқарудың жаңа моделі ұсынылып отырғандығына байланысты, оның бірнеше маңызды тұстарын жете зерделу және ғылыми зерттеулерде мыналардың қоғамдық-саяси маңызын ашып көрсету:

1. экономикалық-әлеуметтік үдерістерді реттеудегі Президенттің біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілуінің;

2. билік тармақтары арасындағы қатынастарды теңгерімді ету бағытында заң шығарушы органның рөлін күшейтілуінің;

3. Конституциялық реформа – әлем елдері алдындағы Ұлы дала елінің өзіндік моделі болып, талай мемлекетке үлгі бола алатындығын әрі отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісінде маңызды шара екендігін көрсету.

Сонымен қатар төмендегідей ұсыныстар айтылды:

1. Осыдан 3 жыл бұрын Елбасымыз: Қазақстанның XXI ғасырдағы ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел», деп жариялаған еді. Аз ғана уақыт ішінде осынау тұжырымның жасампаз қуаты толық дәлелденді. VIII ғасырда тасқа қашап жазылған бұл пайым арғы бабаларымыздың интеллектуалдық қазынаға салған тамаша олжасы. Енді оған конституциялық тың серпін берген жөн. Басқаша айтқанда «Мәңгілік Ел» формуласын Ата Заңымызға енгізсек, еш қателеспейміз. Конституцияның преамбуласын қазіргі: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген» нұсқасынан гөрі мынадай редакцияда жазуды ұсынамын: «Біз, ортақ тарихи тағдыр мен «Мәңгілік Ел» идеясы біріктірген…». Әрі қарай бұрынғы мәтін сақтала береді.

2. Президент өзінің бірқатар – 40-тан астам – өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беретін болғандықтан қазір жұмыс істеп тұрған Конституцияның 3 бабы 3-тармақшасындағы:  «Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді» деген қағидадан «ғана» деген сөзді алып тастаған дұрыс. Ең дұрысы – осы тармақшаны: «Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің және Үкіметтің құқығы бар» деген редакцияда беру.

3. Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу президенттік вертикальға, Парламент пен Үкіметке, жергілікті билікке, Конституциялық Кеңеске, сот жүйесі мен прокуратура қызметіне ғана қатысты емес. Ол білім мен ғылым саласында жалғасын табуы керек. Осы орайда ЖОО-лар мен ҒЗИ-лардағы бақылаушы кеңестің, ғылыми кеңестің рөлін, әсіресе кадрларды іріктеудегі және қаржыны пайдаланудағы жауапкершілігін жаңа биікке көтеретін уақыт келді. Бұдан былайда Үкімет Республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің, Парламентінің алдында жауапты болатыны тәрізді ректорлар мен директорлар да Ғылыми кеңес алдында жауапты болуы керек. Ғылыми кеңестің шешімінсіз бір тиын жұмсалмайтын ереже қабылданғаны абзал.

4. 26-бабқа ұсынылып отырған өзгерісті – «Қазақстан азаматтары» деген сөздің орнына «әркім» деген сөзді енгізуден бас тартқан дұрыс.