Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Обзор


2017 жылдың 12 шілдесінде «Ғылым ордасы» РМК ғылыми кадрларды даярлау Орталығы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында бітіруші магистранттар мен доктаранттарға салтанатты түрде диплом тапсыру рәсімі өтті.

2014 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым Комитеті, 10 ғылыми-зерттеу институты мен әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті арасында “Ғылым ордасы” РМК базасында магистратура және PhD докторантура негізінде эксперименттік білім беру бағдарламалары туралы бірлескен келісімшартқа қол қойылған болатын. Сол өзара ынтымақтасқан үшжақты келісім негізінде, 2014 жылдың 8 қыркүйегі күнінен бастап ғылым және білімді интеграциялау негізінде жоба іске асқан болатын.

Аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында білім алған екінші түлектер қанат қақты. Орталықта 19 мамандық бойынша докторанттар, ал 12 мамандық бойынша магистранттар дайындалады. Нәтижесінде, өткен жылы 84 түлек магистр атанса, биыл 66 түлек магистрлік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары бағытында диплом алды. Сонымен қатар, осы жылы алғаш рет 47 докторант бітіріп, соның үшеуі докторлық диссертация қорғап үлгерді.

Оның ішінде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «6М020300– Тарих» мамандығы бойынша 8 магистрант және 4 докторант дайындап шығарды.

Салтанатты шараға ҚР ҰҒА президенті НАН РК, академик М. Жұрынов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым мен білімді интеграциялау жөніндегі проректоры, Экономика институтының директоры, академик Ә. Сатыбалдин, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры А. Хикметов, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғылыми-зерттеу институттарының директорлоры және қызметкерлері, жетекші ғалымдар, сондай-ақ PhD докторанттар мен магистранттар, студенттер, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстаздары бітіруші түлектердің жақындары да қатысты. Шара барысында, түлектерге диплом тапсырумен қатар, біршама оқытушылар мен түлектер алғыс хаттар мен әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған арнайы медальдерге ие болды.

Барлық түлектерге табыс тілейміз!