Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ ЖӘНЕ АТА ЗАҢ


Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы, т.ғ.д., профессор

Қазақстан территориясында кемінде кейінгі екі мыңжылдықтан астам уақыт бойы жергілікті прототүрк, түрік және қыпшақ-қазақ негіздеріндегі мемлекеттілік болды. Әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген тәуелсіз мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталды: сақтардың ежелгі мемлекеттік құрылымдарынан бастап қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасына дейін. Жергілікті компонент өзіне тән тілі, антропологиялық ерекшелігімен, ерекше зияткерлік әлеуетімен, бірегей толеранттылығымен, діни көзқарастарымен, баға жетпес әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен, шаруашылық-мәдени типтерімен негізінен тұрақты, өзгеріссіз және автохтонды болып қала берді. Бұл турасында Елбасы: «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық», – деген болатын.

Көршілес мемлекеттермен шекарамыз да әркелкі болды: таулар мен өзендердің бойымен, көлдер мен ормандар арқылы белгіленген еді, ал бүгінде – бүкіл әлем бойынша сәйкестірілген – шекара бағандары арқылы межеленген. Қазіргі таңда бүкіл Батыс Еуропаны немесе бес Францияны қамтитындай орасан зор территорияны уысында ұстап, қорғап қалуға тек сайдың тасындай, азаттыққа ұмтылған ұлы рухты, Отанға деген шексіз махаббатқа, тамаша да мінсіз жауынгерлік қасиеттерге: батылдық пен батырлық, қайсарлық пен қаһармандық, ар мен намыс, ерік-жігер мен күшке ие тұрғындары бар қуатты мемлекеттер ғана қауқарлы болды.

Ұлы Даланың қасиетті топырағында дүниеге келген әрбір адам дала заңына мойынсұнып қана қоймаған, сонымен бірге ол жаны еркіндікті аңсаған, мемлекеттің сенімді де адал тірегі болуы тиіс еді. Басқаша жағдайда, біз соңғы үш мыңжылдықта алма-кезек орын алған әскери-саяси оқиғалардың аласапыран геосаяси құйынының иіріміне сіңіп жоқ болар едік.

Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміздің, тіліміздің, мәдениетіміздің, жазуымыздың, ұлттық өзегіміздің сабақтастығын сақтай отырып, аман қалдық, жеңдік. Келешекте де біз оны ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы көздің қарашығындай сақтап, сонау түркі заманында қазіргі Моңғолияның аумағында орналасқан Үтікен елді мекеніндегі тас ескерткіштерде біздің арғы бабаларымыз тасқа қашап жазып кеткен ұлы мұратқа жетелейтін «Мәңгілік ел» идеясын болашақтың бағдаршамы ретінде ұстанатын боламыз.

Қаншама замандар бойы Қазақстан аумағында біртіндеп, тарихи заңдылықпен 20-дан астам мемлекет бірін бірі алмастырған.

Осы бір мемлекеттердің алма-кезек алмасқан тізбегінде 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығы айрықша орын алады. Елбасының бастамасымын бүкіл ел болып 2015 Қазақ хандығының 550 жылдығын халықаралық деңгейде тойладық.

Біздің арғы бабаларымыз сақ пен ғұндарда өздерінің ата – заңдары болған. Сол заңдар арқылы олар өз мемлекетерін нық ұстап тұрды. Орта-ғасырлық түркілерде ата заңы «Білік» деп аталды, қыпшақтарда –«Төре», ал Алтын орда мемлекетінде – «Ұлы Яса» деп аталды. Қазақ хандығы кезеңін алатын болсақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» атанған Заңдар қабылданып, соның негізінде басқару жүйесі қызмет еткен.

Міне, осы Ата Заңдардың негізінде халқымыз ауыр сындарға төтеп беріп, қиын-қыстау тұсында тағдыр тезінен аман қалды, ұлттық өрлеу мен азаттық жолына түсіп, болашаққа бет алды. Ұлтымыздың біртуар ұлдары – көрнекті мемлекет қайраткерлері Абылай-хан, Төле би, Қазыбек би, Айтеке би, Кенесары хан, қазақ батырлары Бөгенбай, Қабанбай, Сырым, Махамбет, Исатай, Жоламан, Жанқожа, Есет, ұлы ағартушылар Абай Кұнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, ХХ ғасырдың Ә. Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы және т.б. бастаған даланың ұлы реформаторлары осы Заңдарды тірек етіп, елдің елдігін сақтады, керегесінің берік болуын мықтады. Азат әрі тәуелсіз ел болу үшін қолдарынан келгеннің бәрін де жасады. Осы орайда Елбасы: «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың алдында қашан да қарыздармыз», – деп ағынан жарылады.

1917 жылдан бастап 1991 жылдарға дейінгі аралықта Қазақстан шынайы егемендігі де, тәуелсіздігі де болмаған одақтас республикалардың бірі ретінде Кеңестік жүйеге бағынды. 1937, 1978 жылғы қабылданған рсепубликаның конституциясы декларативті түрде болып, елімізге еегемендік бермеді. Елбасының «Қазақ халқы жиырмасыншы ғасырдың бүкіл өн бойында өзге халықтар түсінде көрсе шошып оянардай қасіретті оқиғаларды бастан кешірді. Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай алатын қайратына қайран қаламын» деуінен-ақ, жетпіс жылдай өзгенің тоқпағын жеген көнбіс халық болғанымызды аңғару қиын емес. ХХ ғасырдың 80-90 жылдары аралығында республикамыз арғы бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізудің даңғыл жолына ұмтылды. 1990 жылдың сәуіріндегі Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республикамыздың Президенті етіп сайлануы ғасырлар бойы аңсаған азаттық пен егемендікке бір қадамға жақындатқандай болды. Осы институтты енгізу мемлекеттік билікті компартия мен орталық биліктен неғұрлым тәуелсіз етуге, жаңа мемлекеттің негізін қалауға мүмкіндік берді.

1990 ж. қазанында республикамыз мемлекеттік егемендік туралы декларацияны жариялап, республикалық заңнаманың одақтық заңнамадан басымдығы баса көрсетілді. Бұл құжат Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігін және оған қол сұғылмайтындығын бекітті. Республика халықаралық құқықтың шынайы субъектісіне айналып, дербес сыртқы саясат жүргізу құқығын алды. Кейіннен Қауіпсіздік кеңесі қалыптастырылды. Алмаз қоры құрылды. Республиканың дербес Қарулы күштерін құру бойынша шаралар қабылданды. Ең алғаш болып өз еркімен әлемдегі төртінші ядролық әлеует қорынан бас тартып, Семей ядролық полигонын жапты.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңы қабылданды, сөйтіп республикамыз тәуелсіз, демократиялық, унитарлық және құқықтық мемлекетке айналды. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, алға қарай үлкен үмітпен ұмтылдық. Тәуелсіз мемлекет болған еліміз жаңа өлшемде өмір сүре бастады, жаңа жүйе құруға ұмтылды. Кеңес кезеңінде қабылдаған ескі Конституцияны өзгертіп, егеменді елге лайықты Ата Заң қабылдаудың кезі жетті.

1993 жылғы Жаңа Ата Заңды әзірлеуге еліміздің аса көрнекті заңгерлері З. Федотова, Н. Шайкенов, Ғ. Сапарғалиев, Ю. Ким тартылып, арнайы Конституциялық комиссия құрылды. Жаңа Ата Заңға байланысты бірқатар депутаттардың тарапынан қарсылық та болды. Сондықтан осы құжатты жасаушылар әртүрлі саяси топтарды қанағаттандыратындай біршама келісімдерге келді

Жаңа дүниеге келген Ата Заңымыз, ең бастысы еліміздің бодандықтан ада, егемен екенін дәлелдеп берді. Конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды, ал орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі функциясын атқарып, еліміз тәуелсіз республикаға айналды.

1993 жылы қабылданған Ата Заң уақытша болып, оның басты себебі басқару формасының аяғына дейін айқын болмауы еді. Алдағы уақытта Қазақстанның президенттік немесе парламенттік болатынын анықтау керек болды. Негізгі заңда жерге жеке меншікке рұқсат берілген жоқ. 1993 жылғы ескі номенклатура мен жаңа демократтардың – нарықшылардың қарулы қарсылығы басталған кездегі Мәскеудегі оқиғалар бұрынғы кеңестік санаттар бойынша өмір сүріп жатқан ескі жүйеге төтеп бере алатын президенттік билікті күшейту қажеттігін көрсетті. Жергілікті Кеңестер жаңа нарықтық реформаларды тежеді. Жаңа Үкімет Жоғарғы Кеңеспен қатты теке-тіресте болды. Елге қажет заңдарды қабылдау үдерісі баяулады. Бұл нарықтық реформалардың қарқынын елеулі түрде бәсеңдетті. Президент Н.Ә. Назарбаевтың: «1993 жылғы Конституция мемлекеттік құрылысты жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды одан әрі дамыту жолында құқықтық кедергіге айналды, – деп жазуы, міне осы жайттарды айқын түрде көрсетіп берді.

1993 жылғы Ата Заңды түзеу, өңдеу, жөндеу отандық заңгерлер В. Ким, К. Колпаков, А. Котов, Б. Мұхамеджанов, Е. Нұрпейісов, М. Сүлейменов, Н. Шәйкеновжәне т.б тапсырылды. Жаңа құраммен сараптамалық-кеңесушілік кеңес құрылып, оғанС.Алексеев, Р.Дюма және тағы бірнеше шетелдік сарапшылар кірді.

Нәтижесінде, 1995 жылы 30 тамыз күні Жаңа Ата Заң қабылданып, Еліміз президенттік республикаға айналды. Енді Парламент екі палатадан: Мәжіліс пен Сенаттан тұратын болды. Ол бір палаталы Жоғарғы Кеңесті алмастырды. Президентіміздің сөзімен: «шынайы өркениетті парламентаризмінің мөлдір бастауына тұрмыз».

Жаңа Конституцияның біздің тәуелсіздігімізді және ішкі саяси тұрақтылықты одан әрі нығайту үшін орасан зор тарихи маңызы болды. Президенттік билік елеулі түрде нығайды. Парламент неғұрлым кәсіби деңгейге көтерілді және жаңа заңдарды сапалы қабылдай бастады. Азаматтық қоғамды, партиялар мен бірлестіктерді сапалы қалыптастыру үшін құқықтық негіздер жасалды. Халықты біріктіруге, азаматтың құқықтары мен еркіндіктерін қалыптастыруға қатысты ұстанымдар заңды деңгейде бекітілді. Біздің республикамыз заңдылық пен құқықтық тәртіптің даңғыл әрі түзу жолына түсті. Нарықтық экономиканы қалыптастыру аксиомаға айналды. Парламенттің құрамында кез келген демократиялық елге тән фракциялар мен топтар пайда болды. Парламент тұрақты жұмыс органына айналды. Парламент Президентпен бірге жасампаздықпен жұмыс істей бастады. 1998 және 1999 жылдары Конституцияға өзгерістер енгізу Конституциямызды анағұрлым икемді әрі жетік етті.