Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ИНСТИТУТ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІ ҚОЛДАЙДЫ


2017 ж. 26 қыркүйекте «Ғылым ордасының» Кіші залында Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай және латын әліпбиіне көшу жөніндегі президенттік идеяны қолдау мақсатында «Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілуі: ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Институт аталмыш шараны «Ғылым ордасы» МҚК және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Тарих, археология және этнология факультетінің қолдауымен өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысына танымал ғалымдар, ҚР ҰҒА академиктері С. Қирабаев, У. Қалижан, ҚР Президенті архивінің директоры, техн.ғ.д. Б.Ә. Жапаров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Тарих, археология және этнология факультетінің деканы М. Ноғайбаева, профессорлар Қ. Жұмағұлов, Н. Мұқаметханұлы, Б. Кәрібаев, сондай-ақ ҚазҚызПУ, Абай ат. ҚазҰПУ, ҚР Ұлттық кітапханасының және Алматы қаласы ғылыми қауымдастығының өкілдері, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, т.ғ.к. Б. Қойшыбаев, «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы филиалы Кеңесінің мүшесі, т.ғ.к. А.Қ. Жұмәділ, ҒЗИ ғалымдары, магистранттар мен докторанттар, республикалық БАҚ тілшілері қатысты.

ҚР Президенті мұрағаты 1928-1940 жж. құнды тарихи құжаттар көрмесін, «Ғылым ордасының» ОҒК – латын қарпіндегі сирек кітаптар көрмесін ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелге жиналғандар бірауыздан латынға көшу жөніндегі президенттік бастамаға толықтай қолдау көрсете отырып, жаңа әліпбиде пайдаланылатын әріптерді дұрыс таңдау жөніндегі өз ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды.