Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ БОЙЫНША ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ КІТАПХАНА ҚОРЛАРЫНДА САҚТАЛҒАН КЕЙБІР ДЕРЕККӨЗДЕР


Заринэ ДЖАНДОСОВА

Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті, т.ғ.к.

НұрланАТЫҒАЕВ

Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

Бүгінгі өзекті болып тұрған қоғамның рухани жаңғыру мәселесінде тарихтың атқарар қызметі үлкен екені сөзсіз. Өткенімізді зерделеп, одан тағылым алмай ұлттық біргейлікті сақтап, жаңа қазақстандық патриотизмге, ұлттық құндылықтар мен прагматизмге негізделген қоғам құруға болмайды.

Ұлттық тарихымызды зерттеуде шет елдерде сақталған жазба деректердің маңызы өте зор екені белгілі. Сондай Қазақстан тарихына қатысты көптеген құнды дереккөздер Иран Ислам Республикасының кітапхана қорларында сақталған. Оларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізу отандық тарихшылардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

2013-2015 жылдары Қазақстан тарихы жайлы дереккөздерді жинақтау мақсатында Иранға ғылыми іс-сапарлар жасалды. Осындай іс шараларға бізде қатысып, ортағасырлық тарихымыз бойынша материалдарды іздестіріп, жинақтау мақсатында бірнеше кітапханаларында ғылыми ізденістер жүргіздік.

Иран Ислам Республикасындағы ғылыми жұмыс барысында осы елдің қолжазба қорларында қазақ халқының ортағасырлық тарихына қатысты келесі қолжазбалар бары анықталып, олардан толық немесе қажетті парақтарынан көшірмелер жасалып, Қазақстанға әкелінді:

І. «Малек» мұражайы мен Ұлттық кітапханасы:

1) «Тарих-и Сефеви» (№4075).

Қолжазба хиджраның 12 ғасырында (XVIII ғ.) жазылған, басы мен соңы жоқ, арасында таза бос парақтар кездеседі, барлығы 372 парақ, жазуы – насталик.

«Тарих-и Сефеви» авторы (көшіруші?) – Исмаил Хусайни Мараши. Шығарма Иран мен Азербайжанда билік құрған Сефевидтер әулетінің тарихына арналған. Одан Сефевидтер мен өзбек билеушілерінің Хорасан және Мавара-н-нахр үшін соғыстары туралы айтылған парақтар көшіріліп алынды. Бұл оқиғаларға байланысты шығармада қазақтар туралы да мәліметтер беріледі. Қасым ханның («Дала падишахы» деп те аталады) баласы Әбілқайырдың қызылбастарға қарсы жасаған жорығы туралы баяндалады. Қолжазба Сефевидтердің әскери қолбасшысы Наджма Санидың қырғыздардан азық-түлік жинауға баруы туралы мәліметпен үзіледі.

2) «Нусах-и джаханара» (№3889) шығармасы.

Қолжазбада 183 парақ, жазуы – анық оқылатын насталик.

«Нусах-и джаханара» («Әлемді арайландырушының тізімі») авторы – Кази Ахмад ал-Гаффари Казвини.

Шығарма үш бөлімнен тұрады (нусха): 1 – ежелгі пайғамбарлардың, Мұхаммед пайғамбар мен 12 имамдар тарихы, 2 – пұтқа табынушылар, исламға дейінгі және ислам заманы билеушілердің тарихы, 3 – Сефевидтер әулетінің тарихы баяндалады. Соңғы бөлімде Сефевидтердің өзбектермен Хорасан үшін күресі, сондай-ақ Дешті-Қыпшақ туралы қысқаша баяндалады.

«Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағының» 1941 жылы жарық көрген 2-томында «Нусах-и джаханара» шығармасындаға Жошы ұлысының тарихына қатысты үзінділер орыс тіліне аударылып, парсы мәтінімен қоса берілген. Дешті Қыпшақ хандарына арналған екінші тарауда қазақ билеушілері туралы қысқа мәліметтер берілген. Онда Қасым ханның өзбек билеушісі Шейбак ханмен (Мұхаммед Шейбани) соғыстары, өзбек билеушісінің 915 ж. (=21.04.1509 – 9.04. 1510 жж.) Қасым ханға қарсы жорық жасағаны, онда өзбектер жеңіліс тапқаны туралы баяндалған. Қасым ханның 930 ж. (=10.11.1523 – 28.10.1524 жж.) қайтыс болғаны, оның ұлы Хакк-Назардың қазақтардың сол кездегі билеушісі екені айтылған (100 п.).

1963 жылы Кази Ахмад ал-Гаффаридің «Нусах-и джаханара» шығармасы Хасан Ниракидің кіріспе сөзімен Тегеранда басылып шыққан.

3) «Алам-ара-ий-Аббаси» (№4374) шығармасы.

Қолжазбаны Мухаммед Йахйа б. Рустам Кийа хиджраның 1044 жылы (1634 ж.) көшірген, жазуы – насталик.

«Алам-ара-ий-Аббаси» авторы – Искандар-бек Мунши түркімен (1560/61 — 1633/34).

Шығарма Сефевид билеушісі I Аббас шахқа (1587-1629 жж. билік еткен) арналған. Одан Сефевидтер мен Шибанидтердің күресін баяндайтын тараулардан қазақтар, Тәуекел хан туралы мәліметтер берілген парақтар көшіріп алынды.

4) «Тарих-и алфи» («Мың жылғы тарих») (№4376). Өзге атауы – «Тарих-и Акбари».

Қолжазба хиджраның 13 ғасырында (XIX ғ.) жазылған, барлығы 701 парақ, жазуы – насх.

«Тарих-и алфи» авторы – мулла Ахмад б. Насраллах Дейлами Татави. Үндістанда, моғұл билеушісі Ұлы Ақбар кезінде, оның бұйрығымен исламның 1000-жылдық мерейтойына арналып жазылған шығарма. Онда мұсылман тарихының ең көрнекті оқиғаларының қысқа жылнамасы берілген. Сефевид мемлекетінің билеушісі шах Тахмасптың кезіне дейінгі, хиджраның 982 жылына (1574 ж.) дейінгі оқиғалар баяндалған.

Қолжазбадан Дешті Қыпшақ даласы аталатын парақтар көшіріп алынды. Саибектің (Жәнібектің) ұлы Қасым хан, дала әміршісі, туралы айтылған (630 бет.). Негізі автордың бұл мәліметтері Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінен алынған.

5) «Тарих-и шах-и Исмаил дуввум» (№4769.). Өзге атауы – «Манзума-йи футухат-и шах Исмаил («Исмаил шахтың жеңістері туралы поэма»).

Шығарма XVI ғасырдың екінші жартысындағы оқиғаларға, I Тахмасп (1576-1577 жж. биледі) шахтың ұлы II Исмаил Абу-л-Музаффар шахтың билік еткен кезеңіне, арналған. Шығармада өлеңмен, эпикалық формада шахтың билігі және оның көршілермен, әсіресе Бухара (автор «шах-и Тур» деп атаған аштарханид әулеті билеушілер) және Хиуамен өзара байланысы суреттелген.

Шығармадан қазақтар, Тәуекел хан аталған парақтар көшіріліп алынды. Тәуекел ханның («далир» – батыл деп көрсетілген) Шибанид әулетімен соғыстары туралы баяндалады. Автор қазақтар мен өзбектерді нақты бөліп қарастырады, кейде соңғыларды «турлар» деп атайды. Сонымен қатар, өзбек билеушілерінің Меккеге қажылық жасауға ұмтылыстары туралы мәліметтері қызығушылық тудырады.

6)«Муракка-и макатиб-и Сефеви» (№4018).

Сефевидтер заманындағы хаттар жинақталған альбом. Одан «Түркістан мен Дешті Қыпшақты» ирандықтардың басып алуы туралы хат көшіріліп алынды.

7) «Муншаат» (№2361/1).

Қолжазба ХVII ғ. жазылған, жазуы – шикасте, насталик.

Сефевидтер заманындағы парсы, араб және түрік тілдеріндегі хаттар жинағы. Жинақ авторы – атақты Сефевид тарихшысы («Рийадат-и тауарих» = «Тарих-и шах-и Аббас Сани» авторы) және Сүлеймен шахтың уәзірі – Мұхаммед Тахир Вахид Казвини. Қолжазбан Дешті Қыпшақ туралы айтылатын Сефевидтер мен Түркістан (Бұхара) билеушілері арасындағы хаты көшіріліп алынды.

8) «Муншаат» (№6323).

XVII ғасырдың басында (1006/1604) құрастырылған хаттар жинағы, жазуы – шикасте, насталик.

Хорасан үшін өзбектер мен Сефевидтердің күресіне қатысты, Түркістан туралы айтылатын хаттар көшіріліп алынды.

9) «Тасавир-и салатин-и Кашгар» (№5927, 15 б.). «Қашғар сұлтандарының портреттері».

Қолжазбаның жазылған уақыты хиджраның 773 (1371) жылы деп көрсетілген. Шығыс Түркістандағы Қашғарда билік еткен моғұл билеушілері (Суфи хан, Рашид хан, Ахмад хан, Шир Мұхаммед хан, Шам Джахан-хан және басқалар) бейнеленген миниатюралар альбомы. Қолжазбада барлығы 5 парақ, әрбір парақта екі сапалы портрет берілген.

ІІ. ИИР Парламентінің (Мәжілісі) кітапханасы:

  1. «Қисас-и хақани» (№3955).

Қолжазба ХІХ ғасырда көшірілген, жазуы – насталик.

«Қисас-и хақани» авторы – Вали-Кули Шамлу б. Давуд-Кули. Шығарма XVII ғасырдың 60-70 жылдары Қандағарда Сефевидтер әулетінің тарихына арналып жазылған. Қолжазбадан Сефевидтердің Бұхара және Түркістанның билеушілерімен қарым-қатынастары және Дешті Қыпшақ жайлы айтылған парақтар көшіріліп алынды.

  1. «Тарих-и шах Исмаил Сефеви» (№1599).

Қолжазба XVIII ғасырдың басында көшірілген, жазуы – насталик.

«Тарих-и шах Исмаил Сефеви» авторы белгісіз. Шығарма келесі айтылатын екі шығарма тәрізді Сефевид мемлекетінің негізін салған шах Исмаил І (1503-1524 жж. билік еткен) тарихына арналған. Ауыз екі тілмен жазылған нұсқа. Қазақтардың Мұхаммед Шейбани хан мен оның ұрпақтарымен қарым-қатынастары туралы мәліметтер берілген парақтар көшіріліп алынды. Шығармада қазақ ханы Қасым мен оның ұлы Әбілхайыр хан суреттеледі.

  1. «Алам-ара-йи шах Исмаил Сефеви» (№635).

Қолжазба XVIII ғасырдың басында көшірілген, жазуы – насталик, бірнеше миниатюра берілген.

«Алам-ара-йи шах Исмаил Сефеви» авторы белгісіз. Шығарма шах Исмаил І тарихына арналған. Қазақтардың Мұхаммед Шейбани хан мен оның ұрпақтарымен қарым-қатынастары туралы мәліметтер берілген парақтар көшіріліп алынды. Шығармада Мұхаммед Шайбани ханның Қасым ханға жолдаған хатының мәтіні келтіріледі, Қасым хан мен оның ұлы Әбілхайыр хан суреттеледі және соңғысының Самарқандқа жасаған жорығы туралы айтылады.

  1. «Алам-ара-йи Сефеви» (№9421).

Қолжазба XVIII ғасырдың басында көшірілген, муршид-нама, жазуы – насталик.

«Алам-ара-йи Сефеви» авторы белгісіз. Шығарма Сефевидтер әулетінің тарихына арналған шығарма. Онда Дешті Қыпшақ, қазақтар, қырғыздар туралы бірнеше мәрте айтылады. Қолжазбадан Қасым хан, оның ұлы Әбілқайырдың (жоғарыда аталған шығармаларға қарағанда толығырақ суреттелген) Мұхаммед Шейбани хан мен Сефевидтерге қарсы жорықтары туралы баяндалған парақтары көшіріліп алынды.

  1. «Байаз-и намаха-йи шах Аббас Сефеви» (№16148).

XVII ғасырда Аббас шахтың кезінде жазылған хаттар жинағы. Одан Аббас шахтың Түркістан билеушілерімен хат алмасуынан Дешті Қыпшақ туралы сөз етілген парақтар көшіріліп алынды.

6) «Муншаат» (№2260).

XVIII ғасырда құрастырылған Сефевид дәуіріндегі хаттар жинағынан Сефевид шахтарының Түркістан билеушілеріне, оның ішінде Бұхара билеушісі Абд Әл-Мүминге және Хиуа билеушісі Әбілғазы ханға жазған хаттары мен оның жауаптары көшіріліп алынды.

7) «Фарханг-и лугат-и түрк-йи джагатаи-йи джахангуша-йи Джувайни» (№9311).

Моңғол тарихы бойынша хулагуид кезеңінің атақты «Тарих-и джахангуша-йи Джувайни» шығармасына қосымша. Аталған шығармада кездесетін түрік тіліндегі сөздерге түсініктеме беріледі. Қосымша толық көшіріліп алынды.

8) «Ахкам-и салха-йи түрк» (№06367).

Тоғыз трактаттан тұратын қолжазба жинағы. Оның екі үзіндісі негізінен астрологияға қатысты. Наурыз мейрамына қатысты ырымдарға, екіншісі түріктердің жануар күнтізбегіне арналған трактаттар көшіріліп алынды.

ІІІ. Мешхед Орталық кітапханасы:

  1. «Тарих-и алфи» (№10929).

Қолжазба хиджраның 1261 жылы (XIX ғ.) көшірілген, 496 парақтан тұрады, жазуы – насх.

Жоғарыда айтылған мулла Ахмад б. Насраллах Дейлами Татави шығармасының екінші томы. Шығармадан Орталық Азия тарихына қатысты парақтар көшіріліп алынды.

2) «Ахбар ва лайами-л-мулук» (№10388).

Қолжазба хиджраның 12 ғасырында (XVIII ғ.) жазылған, жазуы – насталик.

Шығарманың бірінші бөлімінің авторы – Сефевид тарихшысы, шаха Сұлтан-Хусайн Сефевидің замандасы Мұхаммед Заман Исфахани.

Жалпы тарихқа арналған ықшамдалған шығарма. Оқиғалар хиджраның 1116 (1703 ж.) жылдарына дейінгі уақытты қамтиды. Қолжазбаның негізгі бөлімінің авторы Джаме-Мұхаммед Хусайн. Бұл бөлім Надир-шах (1736-1747 ж.ж. билік құрған) тарихына арналған, оған Сефевид әулетінің ертедегі тарихы туралы мәліметтер қосылған. Одан Түркістан тарихына қатысты парақтар көшіріліп алынды.

3 ) «Бустан-ис-сайаха»(Фихрист, т. 9, 13-15 бб., №10582)

Шығарманың авторы – белгілі азербайджандық саяхатшы, ғалым және ақын қажы Зайн ал-Абидин Ширвани (Мастали-шах).

ХІХ ғасырда көшірілген саяхатнамалық шығарма. Онда автор өзінің жас кезінде аралаған Орталық және Таяу Шығыс елдерінің мәдениеті мен географиясына қатысты мәліметтер келтіреді.

4) «Лубб-и таварих» (Фихрист, т. 3, 149-154 бб., №4269). Өзге аты «Табағат-и ам».

Қолжазба XVII ғасырда көшірілген, жазуы –насталик.

«Лубб-и таварих» авторы белгісіз. Әмір Темірдің билігінің соңына дейін жеткізілген жалпы тарихқа арналған шығарма. Одан моңғолдар мен түріктердің тарихына арналған парақтар көшіріліп алынды.

5) «Зинат ал-маджалис» (Фихрист, т. 9, с. 5-8).

Қолжазба ХІХ ғасырда көшірілген, 368 парақ, жазуы – насталик.

«Зинат ал-маджалис» авторы – Сайид Мұхаммед Хусайни Тихрани Муджаддади. Жалпы тарихқа арналған шығарма, хиджраның 1004 жылы (1596) жазылған. Шығарманың 9-бөлімінде – Шыңғысханның тарихы, 10-бөлімінде Сефевидтер тарихы баяндалады. Одан Орталық Азияға байланысты парақтар көшіріліп алынды.

IV. «Сипахсалар» медресесінің кітапханасы

Кітапхананың ерекшелігіне сай қажетті қолжазбалар толығымен көшірілді.

  1. «Харб-ии шах Исмаил ва Шейбак узбек» (№143).

Сефевидтер мен Шибанидтардың Хорасан үшін күресіне арналған поэма. Хиджраның 940 (1534) жылы аяқталған Мырза Мухаммед-Қасым Джунабадидің (Гунабади) «Шахнама-йи Исмаил» поэмасының бір нұсқасы болуы мүмкін.

  1. «Раузат-и Сефавийа» (№1644)

Шығарманың авторы – Мырза-бек Хусейн Ибн Хасан Хусайни Джунабади (Гунабади). Шығарма XVIII ғасырда жазылған, 1627 жылы аяқталған. Сефевидтер әулетінің, негізінен шах Аббас І билігі тарихына арналған.

  1. «Тарих-и шах Исмаил» (№1514).

Қолжазба XVIII ғасырдың басында көшірілген, муршид-нама, жазуы – насталик.

«Тарих-и шах Исмаил» авторы белгісіз. Шығарма шах Исмаил тарихына арналған. Мәліметтері жоғарыда аталған бірнеше шығарма тәрізді. Қазақстан тарихына байланысты Дешті Қыпшақ, Қасым хан, оның ұлы Әбілқайырдың өзбек сұлтандарымен бірігіп, Сефевидтерге қарсы соғысқаны туралы айталады.

  1. «Сафар-нама-ий Хитай» (№2916).

Әмір Темірдің ұрпағы Шахрух-мырзаның (XV ғ.) елшілерінің Қытайға саяхаты туралы айтылады.

  1. «Тарих-и Бухара» (№1642). Өзге атауы «Тарих-и Муллазада».

Шығарманың авторы – Муллазада.

Шығарма хиджраның XI ғ. бірінші жартысында (XV ғ.) Наршахидың «Тарихи Бұхара» шығармасына еліктеп жазылған. Онда Бұхара мен оның маңында жерленген белгілі тұлғалар, олардың мазарлары жайында айтылады.

Қорыта келе айтарымыз, Иран кітапханаларындағы зерттеу жұмысы оларда ортағасырлық Қазақстан тарихына, әсіресе Қазақ хандығы тарихына, қатысты маңызды дереккөздердің сақталғандығын көрсетті. Сондықтан, Иранда және басқа шетелдерде төл тарихымыз туралы мәліметтер бар дереккөздерді іздестіру жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Қазіргі уақытта шет елдержен алынған тарихи дереккөздердің көшірмелері Тарихи материалдарды зерттеу Республикалық орталығына өткізілді. Енді оларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізу тарихшылардың, деректанушылардың алдында тұрған маңызды міндет.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Атыгаев Н.А., Джандосова З.А. Отчет о работе в библиотеках Исламской Республики Иран // Отан тарихы. №1. 2014. – С. 199–202.

  2. Стори Ч.А. Персидская литература. Биобиблиографический обзор. Пер. с англ., перераб. и доп. Ю. Э. Брегель. Ч. II. – М.: Наука, Гл. ред. восточной литературы, 1972. – 1315 с. – С. 694–1314.

  3. Атығаев Н.Ә. Қазақ хандығы тарих толқынында.Очерктер. – Алматы: «Елтаным баспасы», 2015. − 384 б. + 16 суретті жапсырма.

  4. Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. Т. II. Извлечения из персидских сочинений собранные В.Г. Тизенгаузеном и обработанные А.А. Ромаскевичем и С.Л. Волиным. – М.-Л., 1941. – 308 с.