ҚАЗАҚ, ҚЫРҒЫЗ – ЕРТЕДЕН БАУЫРЛАС ХАЛЫҚТАР

Қазақ пен қырғыз арасындағы өзара қатынас ел назарына ерекше ілігіп отыр. Оның себебі қырғыз саясаткері А. Атамбаевтың жасаған мәлімдемесі болғаны көпшілікке мәлім. Бұндай мәселеге қатысты елдің әр азаматының үн қосып, пікір білдіруі заңдылық. Ғасырлар бойы көршілес орналасып, тағдырлас күн кешкен қос елдің өзара байланыстарында талай оқиғалар өтті. Олардың арасында сүйінішті де, күйінішті жайттар да орын алды. Бұған халықтың тарихи жадында сақталған туындылар арқылы да көз жеткізуге болады. Мәселен, жаугершілік заманда, қиын қыстау күндерде діні бір мұсылман қауымы бірлесіп жоңғарларға қарсы шапқан. Шайқастарда қазақтарға қырғыздар да қол ұшын беріп, ортақ жауға қарсылық көрсеткен. «Мырқы батыр» жырында қазақтар қырғыздармен бірлесе отырып, жоңғарларға тойтарыс бергендігі төмендегідей баяндалады:

Жиылып қазақ-қырғыз жүрдi қаптай,

Дегенi «мен еркекпiн» үйде жатпай.

Адамнан жердiң жүзi көрiнбейдi,

Қаптаған қазақ-қырғыз топырақтай.

Қалмақтың шолғыншысын көрiп келсе,

Тұрар ма мұндай iсте қалмақ қашпай.

Ауызша тарих шығармаларында ХІХ ғасырдағы қазақ пен бауырлас қырғыз елі арасындағы байланыс мәселелері де көрініс тапқан. Ондай туындылардың бірі Байсейіт батыр туралы жыр боп табылады. «Байсейіт батыр» жырының жыршысы – халық ақыны Саяділ Керімбеков болып саналады. Ақын батыр туралы ел арасында таралған аңызды өлеңге айналдырған. Жырдың негізгі сюжетіне – қазақ пен қырғыз арасындағы жанжалды тоқтатып, бітімге келтіру үшін ер жүрек батыр Байсейіттің жасаған ерліктері арқау болған.

Жауласып өткен жастары,

Тентек туып тегінен.

Ел бейбіт болмапты

Ел арқасы кеңіген.

Кенесары кеткенде,

Сол дәуірдің дөңінде

Бауланып өскен Байсейіт

Наурызбайдың өзінен.

Құрап алып қол жинап

Жетісудің жерінен,

Салтанат құрды батыр боп.

Халық жырлары қазақтардың өзге елдермен болған қарым-қатынастарын сипаттауға да арналған. Шығармада Байсейіт батырдың бауырлас елді бітістірудегі еңбегі көрсетіліп, батырлығы дәріптеледі. Жыршы екі халықты татуластырудағы бас қаһарманның ерліктерін, Байсейіттің қапылыста қаза болуын және басқа да оқиғаларды өте әсерлі де шебер суреттеген.

Нысанбайдың «Кенесары туралы жыр» атты туындысында Кенесарының қырғыз манаптарымен күресі егжей-тегжейлі суреттеліп, Кенесарының қаза табу оқиғасы баяндалған. Жырда сонымен бірге ел ішіндегі бірліктің жоқтығы, ру араздығы, барымта бар екендігі туралы қоғамның ішкі жай-күйі көрініс тапқан.

Байқағанымыздай, халық шығармаларында тарихи шындық бұрмалануының кейбір детальдері өзгеріске ұшырауына қарамастан, оларда сан қилы қазақ-қырғыз қатынастар сипаты көрініс тауып отырды.

Қазақ халқына қырғыздар тарапынан, оның жекелеген өкілдері тарапынан қазіргі кезде ел намысына тиетіндей сөздер айтылу тәжірибесі бірнеше рет орын алды. Дегенмен де жалпы түрде бағамсақ, екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени байланыстардың оң жағы басым екені сөзсіз. Сондықтан қос республика арасына түскен бұл сызатты өшіріп, көршілес елдердің достық қатынасын сақтап қалу екі мемлекетке де маңызды.

Н.Н. ҚҰРМАНАЛИНА

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

ғылыми қызметкері, PhD доктор