Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ МӘСЕЛЕЛЕРІ


Қазіргі қазақ қоғамында қызу талқыланып жатқан мәселелердің бірі ретінде латын әліпбиіне көшу проблемасы болып саналады. Бұл үдерісті кейбіріміз латын әліпбиіне көшудің кезекті талпынысы деп түсінсек, біреулер латын әліпбиіне оралу ретінде қабылдайды. Себебі латын әліпбиін қолдану тәжірибесінің тарихымызда орын алғаны туралы көпшілік қауым хабардар. Дегенмен қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу, көшпеу болмаса қашан көшеміз деген сияқты мәселелерді көтерудің пайдасы шамалы секілді. Өйткені билік тарапынан әліпбиімізді кириллицадан латынға ауыстыру туралы және оның нақты мерзімдері жайлы шешім қабылданып қойған.

Ал әліпбиді ауыстыру барысында қандай таңбаларды қолданамыз, әсіресе төл дыбыстарымызды қалай сақтап қаламыз деген түйінді шешуде ұтымды ұсыныс жасаған азаматтардың пікірлеріне құлақ түру қажет-ақ. Оған себеп латын әліпбиінде 26, ал біздің қазіргі әліпбиімізде бақандай 42 таңба бар (дегенмен біздегі жеке дыбыс саны 37). Осыдан-ақ бас қатырарлық мәселенің туындайтыны түсінікті.

Жаңа әліпби бойынша тиісті мамандардардың, ұйымдардың зерттеу жүргізіп, нақты ұсыныстарын беріп жатқаны белгілі. Әйткенмен біз де өз тарапымыздан мақала жазуға міндеттелгендіктен, қазақ тілі саласының маманы болмасақ та, ой-пікірімізбен бөлісіп, әліпбиге қатысты жеке нұсқамызды келтіргенді жөн санадық.

Ескеретін жайт, қазақ әріптерін таңбалауда қосарланған латын әріптерін қолдану, апостроф т.б. қосымша «таңбашаларды» көп қолдану тиімсіз әрі меңгеруге ыңғайсыз болатындықтан, әр дыбыстың жеке өзіндік таңбалану белгісінің болғаны орынды. Енді осы үйреншікті кириллицадағы 42 әрпімізді латын әліпбиі бойынша қалай таңлабалауға болады деген мәселені қарастырсақ:

Біріншіден,ъ, ь, ю, я, ё – әріптерін жаңа әліпибиге енгізу міндет емес, өйткені бұлар (ь, ъ) жеке дыбыс бермейді, болмаса қосарланған (ё, ю, я) дыбыстан құралған әріптер;

Екіншіден, 26 латын таңбаларына сәйкестендірілген әріптерді (Аа-Аa; Бб-Bb; Вв-Vv; Гг-Gg; Дд-Dd; Ее, Ээ-Ee; Жж-Jj; Зз-Zz; Ии, Йй-Uu, Ŭŭ; Кк-Kk; Ққ-Qq; Лл-Ll; Мм-Mm; Нн-Nn; Оо-Oo; Пп-Pp; Рр-Rr; Сс-Ss; Тт-Tt; Уу-Ww; Фф-Ff; Хх-Хх; һ-h; Чч-Cc; Ыы-Уy; Іі-Ii) осылай таңбалауға болады (бұндағы ұқсас дыбыстар бір таңбамен берілді);

Үшіншіден, төмендегі әріптер логикаға сай (Ғғ-Ğğ; ң-ŋ; Цц-Ҫҫ; Шш-Šš; Щщ-Şş) деп берілсе, орынды секілді;

Төртіншіден, осы (Әә-Әә; Өө-Өө; Ұұ-Ұұ; Үү-Үү) төл дыбыстарымызды өзгеріссіз жаңа әліпбиге енгізу өте қажет деп білеміз.

Жалпы, мәселеге орай кез келген азамат өз ұсынысы мен пікірін бергеніменен, латын әріптерінің қолданысқа енетін нұсқасын қабылдаудағы соңғы сөзді, даусыз, қазақ тілінің білікті мамандары алуға тиісті.

Латын әліпбиіне көшу қаншалықты көп материалдық шығынды және күш-жігерді қажет ететіндігіне қарамастан, аталған маңызды мәселенің еліміздің дамуына тиігізетін пайдасының мол болатындығын көпшілік айтып, шараны құптап жатыр. Сондықтан қалай болғанда да латын әліпбиіне көшу үдерісін жүзеге асырылу кезінде кәсіби мамандардың зерттеу қорытындыларына құлақ түріп, әліпбиін латынға көшірген мемлекеттердің тәжірибесінен сабақ ала отырып, бұл істі мүмкіндігінше тиімді атқаруға тырысқан жөн.

Н.Н. ҚҰРМАНАЛИНА

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

ғылыми қызметкері, PhD доктор