Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ХІХ ғасырдағы Ұлт-азаттық көтерілістер және тарихи тұлғалар» атты Бұхарбай Естекбайұлының 200-жылдығына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы


2012 жылы 7 маусымда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты РМК «Ғылым ордасы» бірге «ХІХ ғасырдағы Ұлт-азаттық көтерілістер және тарихи тұлғалар» атты қазақ батыры Бұхарбай Естекбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Бұхарбай Естекбайұлы 1812 жылы қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келіп, шамамен 1898 жылы Қараөзен деп аталатын жерде қайтыс болған. Ол Тартулы Табын (Оңтаңбалы) руының Теке бөлімінен шыққан. Бұхарбай туралы мәліметтер мұрағат құжаттарында, фольклорлық деректерде және төңкеріске дейінгі авторлардың еңбектерінде ұшырасады. Бұхарбай батырдың бейнесі Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Жанқожа туралы жырларда, дастандарда көрініс тапқан. Оның дүниеге келуі Бұхараға жақын маңда жерленген әулие Баһауддиннің есімімен байланыстылығы туралы аңыз сақталған.
Бұхарбай батыр 1837-1847 жж. Кенесары көтерілісіне белсенді түрде қатысқан, 1838 жылы 7 тамызда Кенесары көтерілісшілерінің Ақмола бекінісіне жасаған шабуылына қатысты, Жанқожа батыр бастаған Сырдария маңындағы қазақ руларын көтеріліске тарту туралы Кенесарының дипломатиялық әрекетін қолдады. Бұхарбай батыр Кенесары әскерінің қоқандық бекіністерге, оның ішінде Созақ бекінісін жаулап алуға қатысқан шабуылдың ұйымдастырушыларының қатарында болды. Бұхарбай Кенесарының 1847 ж. сәуірдегі қазасына дейін оның жанынан табылған. ХІХ ғ. 50-60 жж. Қоқан хандығына байланысты әскери-саяси оқиғаларға белсенді түрде қатысты, қоқандық билеушілердің саясатына қарсы шығып, соның нәтижесінде Ресей империясының жоғарғы билігін мойындап, Ақмешіт бекінісін жаулап алу кезінде патша әскеріне көмек көрсетті. Қоқандықтармен болған бір шайқаста Бұхарбай батыр ауыр жарақат алған. Қоқан  хандығына қарсы әскери жорықтарға қатысқаны үшін патша үкіметінен марапаттарға да ие болған. Өмірінің соңында ол өз ауыл-аймағында өмір кешіп, бейбіт шаруашылықпен айналысқан. Сырдария өзенінің жағалауында қазір де 25-30 шақырымға созылған Бұхарбай арығы бар, оны батырдың ұрпақтары осы күнге дейін пайдалануда.
Конференция жұмысына Алматы, Атырау, Қостанай, Арқалық қалаларынан 30 баяндама түсті. Конференция барысында барлығы 14 баяндама оқылды, оның ішінде 9 қызметкер Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан, 3 оқытушы ЖОО-нан, бір өкіл «Ғылым ордасы»  РМК және біреуі жазушы. Конференцияны Институт директоры т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов ашып, «Бұхарбай батыр ауыз әдебиетінде» тақырыбында баяндама жасап, Отан тарихының әртүрлі кезеңіндегі батырлардың қызметін сипаттады, олардың ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістерге қосқан үлесін ашып, өз заманының атақты батыры ретінде мінездеме бере келе, оның өмірі мен қызметін барлық кешенді деректерді, мұрағат құжаттарын пайдалана отырып зерттеу қажеттігін алға тартты.
РМК «Ғылым ордасының» бас директоры Р.О. Кәрібжанова өзінің алғы сөзінде аталған іс-шараның ғылыми және қоғамдық маңызын  атап өтіп, конференция қатысушылардың жұмысына табыс тіледі. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті т.ғ.к. Қ.Қ. Құсайынұлы өзінің «Қазақ ұлт-азаттық қозғалыстың зерттелу тарихынан» атты баяндамасында ұлт-азаттық көтерілістер тарихы бойынша Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы мұрағаттарда жатып қалған құжаттардың өнделуінің маңыздылығын көрсетіп, өткен ғасырда жарияланған «Материалы по истории Казахской ССР» деп аталатын жинақтың іргелі сипатын атап өтті және Кенесары көтерілісі туралы зерттеу еңбектеріне жоғары баға бере отырып, оның идеологиялық сынға ұшырағанын ашты. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті т.ғ.д. С.С. Сейфулмаликова «ХІХ ғасырдағы көтерілістер тарихындағы Орта Азиялық саяси фактор» атты баяндамасында ХІХ ғасырдағы қазақтардың  Орта Азиялық мемлекеттермен қарым-қатынасына тоқталса, ал Тарих және этнология институтның қызметкері т.ғ.д., доцент А.У. Тоқтабай «Кенесары ханның батырлары: Әлке, Базар, Нөгер туралы» баяндамасында Кенесары көтерілісіне Орта жүз батырларының қатысуы туралы мәселені ашуға тырысты. Институт директорының орынбасары, т.ғ.д., доцент С.О. Смағұлова «Мерзімді баспасөзде ұлт-азаттық қозғалыс мәселесі» атты баяндамасында, ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөз басылымдарында «Қазақ», «Еңбекші Қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Ақ жол» және тағы басқа мерзімді басылымдарда ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстар мен 1916 жылғы көтеріліс тарихы бойынша мақалалардың жарияланғандығын атап өтіп, бұл деректерді келешектегі зерттеулерге қолдану қажеттігін көтерді.
Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің меңгерушісі  т.ғ.д., доцент, АБХА академигі Г.Н. Ксенжик «Некоторые моменты исторической географии восстания Кенесары Касымова» атты баяндамасымен шығып, онда келесідей қорытындылар жасады: Кенесарының басшылығымен басталған қазақтардың ұлт-азаттық көтеріліс тарихының шынайы фактілерін алу үшін тарихи-хронологиялық аралықтары мен соғыс қимылдары болған жерлерді реконструкциялау және мүмкіндігінше белгіленген әрбір нақты тарихи уақытты қоршаған ортаның жергілікті географиялық спецификасымен байланыстыру қажет. Т.ғ.д, профессор, РЖҒА мен МАИН академигі С.Ф. Мәжитовтың «Актуальные проблемы и неисследованные вопросы истории народно-освободительного движения ХІХ века в Казахстане» баяндамасы отарлық аппаратты сынауға және әлеуметтік-саяси қозғалыстың типологиясына арналды. Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің БҒҚ т.ғ.д., профессор В.З. Галиев «Взаимоотношения Кенесары Касымова с батырами Жанкожой Нурмухамедовым и Есетом Котебаровым»  аталған баяндамасында ХVІІІ-ХІХ ғғ. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың құжаттық базасын жариялау мәселесін алға тартты. Батырлар, ұлт-азаттық қозғалыстар көшбасшылары туралы басылымдар тұрақты және жүйелі түрде жүзеге асуы қажеттігін көтере отырып, аталған мәселе бойынша жарияланған деректік база өзінің кеңеюін талап етті. Сонымен қатар шынайы карталардың толық мәселесін шешу керектігін, тарихшылар, археографтар, картографтар секілді мамандарды тартып, 6-8 жылға есептелетін үлкен жұмыс қажеттігін ұсынды.
Директордың орынбасары, т.ғ.д., доцент Р.А. Бекназаров «Некоторые историко-этнографические материалы Северного Приаралья, связанные с ханом Кенесары Касымовым» деп аталатын баяндамасында, аймақтың топонимикасы, мемориалдық-ғұрыптық сәулет ескерткіштері, генеалогиялық материалдар, рулардың қоныстануы, болашақ тарихи-этнографиялық зерттеудің нысаны, ХІХ ғ. қазақ даласындағы Есет Көтібарұлы, Кенесары Қасымұлы және көптеген басқа да тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметімен байланысты мәселелерге тоқталды. Кенесарының ықпалы кейбір жерлердің  зерттеу аймағының топографиясында (Төретүскен, Кілемжайған, Қарашатау, Мәні әулие және т.б.) сондай-ақ ресми деректерде кездесетіндігін, ХІХ ғасырдың 40 жж. өңірдегі  Ресейлік бекіністер мен форттардың тұрғызылуы Кенесары көтерілісімен байланыстылығын көрсетті.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері Х.М. Әбжанов, С.Ф. Мәжитов, А.У. Тоқтабай, Р.Е. Оразов, Н.Ы. Жетпісбай «Алматы» және «Қазақстан» телеарналарына сұхбат берді.
Үкіметтің 17.01.2012 ж. № 3-Р Қаулысына қарамастан конференция қаржыландырусыз қалдырылды.
Баяндамалардың қорытындысы бойынша төмендегідей қарар қабылданды:
– Бұқарбай Естекбайұлының ұлт-азаттық қозғалыстар тарихындағы орнын анықтау;
– Қайраткердің өмірі мен қызметін, оның ХІХ ғ. Сыр өңіріндегі маңызын сипаттау;
– Бұқарбай батырдың Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы рөлі мен алатын орнын егемендік тұрғыдан одан әрі мазмұндау;
– Бұқарбай батырдың өмірі мен ерлік істеріне қатысты жаңа материалдар іздестіруді жалғастыру;
Жаңа зерттеулер негізінде батырлар, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысушылар туралы монографиялар мен басқа да басылымдар бойынша жұмыс жасау.

Фотоархив

Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку   Увеличить картинку