Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ГЕОГРАФИЯСЫ» ЖОБАСЫНА ЕНГІЗУ ҮШІН НЫСАНДАРДЫ ІРІКТЕУДІҢ ҒЫЛЫМИ-НЕГІЗДЕЛГЕН ӨЛШЕМДЕРІ» ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕГІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ


2017 жылы 8 желтоқсанда Институт Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе отырып «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ГЕОГРАФИЯСЫ» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өткізді. Шараның мақсаты: киелі география жобасын жүзеге асыру бойынша аралық қорытындысын шығару.

Дөңгелек үстел аясында Институт қызметкерлерінің күшімен дайындалған «Қазақстанның киелі географиясы» жобасына енгізу үшін нысандарды іріктеудің ғылыми-негізделген өлшемдері» атты монографиялық еңбектің тұсаукесері өткізілді. Тұсаукесерге ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, еңбегі сіңген архитектор Мәлібекұлы Жандарбек және т.б. сыйлы қонақтар қатысты.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Б.Ә. Байтанаев «Киелі география» жобасының орындалуы және киелі нысандар тізімінің дайындалу барысына жан-жақты есеп берді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов Қазақстанның киелі географиясы бойынша нысандарды іріктеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру мәселелері мен осы бағытта жүргізіліп жатқан ғылыми-тәжірибелік жұмыстарға тоқталды. ҚР ҰҒА академигі К.М Байпаков өз баяндамасын киелі де қасиетті археологиялық нысандардың зерттелуіне арнаса, ҚР Президенті архивінің дирнкторы Б.Ә. Жапаров «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы киелі география маңыздылығына назар аударды. Қазақ ескерткіштану мәселелері жөнінде танымал этнолог, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдері архитектурасы Халықаралық академиясының мүше-корреспонденті С.Е. Әжіғали өз ойын ортаға салды.

Дөңгелек үстелде көтерілген пікір-таластар киелі нысандарды зерттеудің өзектілігі және оның дер кезінде қолға алынуы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі бағдарламалық бастамасын тікелей жүзеге асыру болып табылатындығын көрсетеді.