Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстан халқы» ғылыми интерактивті тарихи картасын жасауға қолданылатын қосымша этномәдени мәліметтер


Тоқтабай А.У.т.ғ.д., профессор

«Қазақстан халқы» ғылыми интерактивті тарихи картасынының бір бөлімі «Ұлы дала» тарихы деп аталады. Бұл бөлімде Қазақстан жеріндегі барлық этностардың бір халыққа бірігуіндегі мемлекет құрушы яғни қазақ ұлысының миссиясы, оның әлемдік өркениетке қосқан үлесі, ұлттық болмысын сақтаудағы – ұлттық кодттың рөлі этномәдени мәліметтер арқылы көрсетіледі.

Қазақ жері мен елі жылқының – Отаны, осыдан алты, алты жарым мың жыл бұрын Алаштың ата-бабалары әлемде тұңғыш рет жылқыны қолға үйретті, жылқының етін жеп сүтін ішті, демек, қазақтар тарих сахнасына атпен шықты, тарихын тұлпар тұяғымен жазды, шекарасын аттың ізі арқылы белгіледі.

Әлемдегі ең алғашқы империялардың бірі – Ғұн ордасы. Осыдан жиырма екі ғасыр бұрын ғұндар Еуразияның апайтөс далаларында тұңғыш қаһарлы әскери империя құрып, Қытай мен Орталық Азияның басқа елдеріне үнемі қауіп төндіріп басқыншылық соғыстар жүргізіп отырды. Ғұндар мен қытай халықтарының саны қандай болды дегенде қытай деректерінде оған нақты жауап табуға болады. «Ғұндардың (сюну) саны қытайдың бір облысынының санына жетпейді, бірақ олардың киімі мен тамағы күшті, бұл жағынан Қытайға тәуелді емес». Бұрынғы ақпарлар мен соңғы зерттеулерді қарастыратын болсақ ғұндардың саны ең көп дегенде 1,5 млн артық болмаған, қытайлардың саны 6 млн-ға жетіп тұрған.

«Ғұндар өздерінің салттары бойынша тәкаппарлық пен күшті бәрінен жоғары қояды, біреуге міндеттенуді, борышқорлықты намыс көреді, олар ат жалында мемлекет құрды, сондықтан басқа халықтардың арасында беделді, даңқы зор». Бұған ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ шығар.

«Қытайдың солтүстігінен әрі қарай өмір сүреді, бір жайылымнан екіншісіне малдарымен көшіп жүреді. Төрт түлік малдан ең көп өсіретіндерң жылқылар, ірілі-ұсақты мүйізді малдар, әрәдік түйе, есек,қашыр және асыл тұқымды жылқылар. Бір жерден екінші жерге көшу шөп пен судың молдығына орай. Қаласы жоқ, егіншілік, отырықшылық дегенді білмейді, бірақ әлдебіреуінің жеке жері бар. Жазуы жоқ, заңдары ауызша айтылады. Бала кішкентайынан қойға мініп садақпен саршұнақтар мен кішкентай құстарды атады, өсе келе түлкі мен қоян аулап азық етеді. Садақты жақсы тартатындар сауытты атты әскерге алынады. Мал жаюға шыққанда аңшылықпен қоса әрекеттеніп оны азық қылады. Қажет болғанда әркім шапқыншылық жасау үшін әскери жаттығумен айналысады. Туғандарынан оларды қасиеттері сол. Ұзын қарулары – (алыстан ататын – А.Т.) садақ пен жебе, қысқа қарулары – (қоян-қолтық соғысқанда – А.Т.) семсер мен найза. Шабуыл сәтті болса алға ұмтылады, сәтсіздік болса шегінеді, шегіністі ұят санамайды. Көсемдерінен бастап барлығы малдың етін жейді, терісін киімге жаратылады, тері және жүннен киімдер киеді». (Қытай жылнамаларынан).

Енді осы деректерді интерактивті тарихи картада қалай көрсетуге болады. Кез-келген картаның басты мәселесі – шекара. Соңғы ашылған сенсациялық жаңалық Монголияның Баян-Өлгей аймағы, Сақсай сумынының аумағынан табылған аттың ізі арқылы салынған шекара сызығы ондаған км-ге созылып жатыр. Ғұн заманында шекара бөлгенде бір адам атпен жүріп отырған артынан бірнеше адам аттың тұяғы түскен іздерді қазып отырған. Сонда тереңдігі 20 см-ден 30-40 см-ге дейін жететін шұңқырлар пайда болған. Бөйтіп шекера бөлу тек қана ат үстінде өмір кешкен халықтың харекеті. Ғұн империясынын картасы бар. Бұны Қытай, Еуропа, орыс мамандары 19-ғасырдан бастап жасаған. Империяның шекарасы қалай белгіленді деген сұраққа келсек, осы баға жетпес мұраның суретін және аэросуретін береміз. Сонымен қатар ғұндар ойлап тапқан әлемдегі ең алғашқы ағаш сүйекті қатты ер-тұрман, ысқырма оқтары бар ғұн садағы, зергерлік өнердегі үлен жаңалық, алтын күміс маталлға асыл тастардан көз орнату арқылы жасалған әшекейлердің (ғылымда бұны полихромдық стиль деп атайды) суреттері қойылады. Сондай-ақ Қытай, Европа суретшілері кескіндеген ғұн жауынгерлері, Мөде мен Аттилланың портреттері толықтыра түседі.

Түркі заманы Батыс және Шығыс Түрік қағанаттарының саяси карталары түркілердің ауыр сауытты және жеңіл атты әскерлерінің суреттерімен айшықталады. Түркі империяларының қиыр шығыстан бастап Дунайға дейінгі алып территорияны иемденініің негізгі себептерінің бірі – болат-темір қорытып, теміршілдікпен шұғылануында. Түркілер әлемде бірінші болып, темір үзеңгіні ойлап тапты. Мұндай қатты үзеңгілер бүкіл атты әскердің тарихында революция жасады. Сондықтан бұл бөлімде түркілер жасап пайдаланған ондаған үзеңгінің галлереясы көрсетіледі. Қосымша материял ретінде қайқы қылыш, түркінің саптама етігі, атқа жабатын сауыт т.б. жәдігердер пайдаланылады.

Ортағасырларда Еуразияның сайын даласының ортасынан ойып отырып орын алған Қазақ хандығы ғұн және түркі империяларының тіккелей мирасқоры. Қасым хан «…Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз… Қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз…» (М.Х. Дулати. «Тарих- и Рашиди»).

Қазақтың жылқы мәдениетінің ерекше бай екеніне дәлел, қазақ тіліндегі жылқыға байланысты сөздердің көптігі. Этнограф А.У. Тоқтабай ұзақ жылдар бойы бүкіл Қазақстанды, шетелдегі қазақ диаспорасын (Қытай, Моңғолия, Түркменстан, Ресей т.б.) аралап, бір ғана жылқы түстерін, реңін бейнелейтін 400-ге жуық сөз жинаған. Әлемде бірде-бір халықта мұндай сөз қоры жоқ. Жылқы түсіне байланысты сөздер:

Бүкіл роман-герман тілдерінде – 60

Орыс тілінде – 20

Хакас тілінде – 90

Якут тілінде – 60

ХІХ ғасырдың аяғында Торғай облысының мал дәрігері болып істеген М. Преоброженский, А. Добросмыслов қазақтың жылқы түстерін білдіретін сөздердің көптігі сонша, орыс, еуропа тілдеріне аудару мүмкін еместігін айта келе, арнайы зерттеу қажеттігін сөз еткен!

Түркі-моңғол халықтары тарихы мен этнографиясының белгілі маманы Л.П. Потапов: «жылқының түстері мен олардың ұсақ реңдерін білдіретін сөздер қазақтардың тілінде өте көп». «Язык казахов содержит обилие слов для обозначения … лошадей и их тончайших оттенков». Сонымен қатар қазақ тілінде жылқының сыртқы мүшелерінің атаулары – 90. Аттың сынына қатысты сөздер – 200. Ер-тұрман жабдықтары – 100. Жылқының әр түрлі қастиеттеріне, мінезіне, бағу, төлдеу, т.б. жағдайларына байланысты сөздер – 100-ге жуық. Демек, қазақтың жылқы мәдениетіне байланысты – 800-ден астам атаулар мен терминдер бар.

Көшпенді халықтардың (қазақ, қырғыз, моңғол, т.б.) адамзаттың құрылыс өнеріне қосқан үлесі, жиналмалы, көші-қонда алып жүріп, кез-келген уақытта тіге салатын, қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейтін – киіз үй.

Ибн Рузбехан қазақтардың XVI ғасырда арба үстіндегі үйлерінің құрылысын дәлірек сипаттап жазған. «Олардың (қазақтардың) ағаштан жасалған үйлері сарайлар секілдіаспанмен астасқан. Және өз кеңдігі жағынан бүкіл әлеммен бірдей. Ақ теректен жасалған қабырғалары өте мықты, олардың құрылымы өте сапалы. Үйдің үстін әр түрлі және ерекше әшекейленген киізбен немесе қойдың терісімен қаптайды. Ол үйлерде сұлтан дар мен атақты қазақтар тұрады. Бұл үйлер өте әсем, әрқайсысына 20-дан астам адам оп-оңай жайғаса алады. Үйлер арбалардың үстіне орналасқан және ол арбалар көп түйелерге жегіледі. Мен олардың құрылымына қатты таңғалдым, өйткені арбаға орналасқан олар үлкен және сыйымды, сонымен қатар жан-жағында киізбен жабылған терезелері бар. Бұл үйлердің іші әмірлер мен сұлтандардың үйлері секілді өте әсем».

Орта Азия халықтарының мәдениетін зерттеушілердің бірі В.А.Чупелов киіз үйдің ішкі көрінісін былайша сипаттайды: «Үйдің ішіне кірген адам оның ішкі көрінісінің әдемілігіне қатты таңғалады. Безендірілмеген сұр түсті киізбен жабылған ағаштарды жіңішке бау бір-бірімен байланыстырып тұр. Барлық жерде оюлар бар. Әр ою тұрмыспен, халық өміріндегі әрбір оқиғамен тығыз байланысады. Осы оюлар әлемінде немесе ана, немесе мына жерде өмірдегі бейнелерге, нақты заттарға тұспал білінеді. Көшпенділердің айналасындағы әлемнің өзіндік позициясы бар».

Киіз үй жазда салқын, қыста жылы, жазда жаңбыр мен ыстық өткізбейді, қыста суық өткізбейді, үй ішіндегі жылуды сыртқа шығармайды. «Қазақтар отырықшы халықтардай жүрек,ентікпе, т.б. ауруларды білмейді, себебі олардың киіз үйлерінде ішкі ауа мен сыртқы ауа бірдей» деген ХІХ ғ. орыс саяхатшылары. Киіз үйлер керегенің санына байланысты төрт қанат, алты қанат, сегіз қанат, он екі қанат, он сегіз қанат болып бөлінеді. Киіз үй үш бөліктен тұрады: шаңырақ, уық, кереге. Әр керегеде 13 бас болады, керегенің басына уық байланады. Кереге басы қанша болса, шаңырақта сонша уық шаншылатын көз болады. Төрт қанатты үйдің шаңырағының 50 көзі болады, яғни 50 уық шаншылады. Он екі қанат үйдің керегесінің басы 160 бас, шаңырағында 160 көз болады. Он сегіз қанат үйде керегкнің басы 210-220 болады. Уықтың ұзындығы – 15 қарыс немесе 3 метр. Он екі, он сегіз қанат үйлердің уығының ұзындығы – 20 қарыс немесе 4 метр.

Кереге – киіз үйдің ең мықты негізгі мүшесі, уық пен щаңырақты көтеріп тұрады, сондықтан керегенің құрылысы күрделі, жасалуы әжептәуір қиын. Кереге сағанақтарын (ағаштарын) айқастыра тесіп, түйенің шылғи терісімен бекітеді – оны керегенің көгі дейді. Көк санына орай, жел көз, әр көз, дәл көз, тор көз деп бөлінеді.

Аталуы

Көк саны

Көктердің арақашықтығы

Жел көз

9

21 см

Әр көз

11

19 см

Дәл көз

13

17 см

Тор көз

15-17

13-15 см

Интерактивті тарихи картаға қазақ этномәдениетінің айрықша үлгілерін мейлінше айшықтап, жарқырата көрсетсек, мазмұны мен сапасы арта түседі. Көрермен қазақ тарихының белгілі оқиғаларымен қатар тұрмысы мен өнерінің інжу-маржандарымен таныса алады.