Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ақпарат


2018 ж. 23 ақпанда РМК «Ғылым ордасының» Кіші конференц-залында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты алғашқы қазақ антропологы, қазақтардың генетикалық құрамын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі О.И. Исмағұлов және А.О. Исмағұлованың «Қазақ халқының шығу тегі» (физикалық антропология деректері бойынша) кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл монографияда қазақ халқы мен олардың ата-бабаларының физикалық антропологиясы бойынша кешенді зерттеулердің нәтижелері көрсетілген. Зерттеу еңбегі ежелгі тарихи кезеңдерден қазіргі заманғы адамның морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне дейінгі адам сүйектерінің қалдықтарын зерттеуге қатысты нақты антропологиялық деректерінде негізделген. Қазіргі кезде бұл еңбек «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру аясында, отаншылдық пен қазақстандық бірегейлігінің қалыптасуында өте маңызды болып саналады. Модератор ретінде институт директоры, т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы баяндама жасады. Құттықтау сөздерін т.ғ.д., профессор Шәлекенов Уахит Хамзаұлы, ақын Назихан Алпамысқызы, т.ғ.к. Дәулетхан Әлімғазы айтып, авторларға табыс тіледі. О.И. Исмағұлов жайында деректі фильм көрсетілді. Іс-шараға ғалымдар, институт ардагерлері, қоғамдық қайраткерлер, магистранттар мен докторанттар, БАҚ өкілдері және жалпы жұртшылық қатысты.