Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ұлы дала елі және салауатты өмір салты


Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры,тарих ғылымдарының докторы, профессор

Ресми деректерге қарағанда, қазіргі уақытта қазақстандықтардың орташа өмір жасының ұзақтығы 72-ке жетті. Ел азаматтарының өмір сүру мөлшері осы-ақ па? Ал бұдан екі және одан да көп ғасыр бұрын жағдай қалай болған еді? Біздің жеткілікті дәрежеде ұзақ жасаушылық дәстүрі бар әлемнің ең саламатты ұлттарының үздік бестігіне (топ-5) енуіміз үшін сарқылмаған ресурсымыз бен мүмкіндігіміз бар ма?

Қазақтар – ежелден ұзақ жасайтын халық. Ұлтымыз саламатты өмір салтын ұстанды. 70 жас ата-бабаларымыз үшін белсенді өмір салтын ұстанған, денсаулығы мықты адамның жасы болып саналды. Алаш қозғалысының белгілі қайраткері Қошке Кемеңгеровтің мәліметі бойынша «баяғыда шалдар жасы 70-ке келіп дүниеден озған адамды «құлыным» деп жоқтаған екен». Ал қазір «құлыным» деп әдетте балаларға, жастарға айтылады. Ертеректе далалықтардың дәстүрлі қоғамының шарықтау шыңында тұрған кезде ұзақ жасап, мықты денсаулығымен ерекшеленгендігін байқатады.
Дені сау, мықты қартаң жастағы ер-азаматтардан бала өрбігендігі де – жиі ұшырасатын жайт. Қазақтағы Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай деген есімдер – осының куәсі, яғни олардың әкелерінің жасы – 60, 70, 80, 90 тіпті 100-де болған.

Сол дәуірдің куәгерлерінің мәліметтеріне жүгінейік. XVIII ғасырдағы белгілі ресейлік зерттеуші И.Г.Андреевтің айтуынша «олардың (қазақтар – авт.) көпшілігі әбден қартайғанша, тіпті 100 жастан аса өмір сүреді, көру қабілетін де, ақыл-есін де жоғалпай, ол тұрмақ тістері түспей жасап, атқа жайдақ мініп жүре береді». А.Паллас сол ғасырдың өзінде осы бір айрықша ғажап құбылыс­ты «Қазақтар көбінесе қарттықтың ұлы қырқасына дейін жетеді, тіпті қарттарының өзі сергек, дені сау болады» деп бағалаған. Тіпті ХІХ ғасырдың басында-ақ Г.Спасский «Орта және Кіші Орданың қырғыз-қайсақтары» атты еңбегінде осы бірегей дәстүр турасында «Олардың көбі (қазақтардың – авт.) 100-ге келіп, одан асса да күшті дене бітімін, мықты ақыл-есін, жақсы көру қасиетін сақтап қалады әрі салт атпен еркін жүре береді» деп қуаттай түседі.
Ұлы дала халқының денсаулығының мықты болуы және ұзақ жасауы бірқатар маңызды факторларға байланысты. Біріншіден, дала тұрғындары өмірінің көп уақытын таза ауада өткізіп, қоныстарын жиі-жиі ауыстырып отырған. Сондықтан олар өкпе ауруының (туберкулез) немесе жұқпалы аурулардың не екенін білмеген. Бұл жөнінде Георги «Ұлан-ғайыр даласының саф ауасымен тыныстап, алаңсыз, мамыражай өмір сүріп жатқан олар ауру-сырқау­ға сирек ұшырайды және көпшілігі қартайған шағына дейін мықты болады» дейді. Екіншіден, олар экологиялық таза әрі табиғи тағам түрлерін, негізінен, ет-сүт өнімдерін пайдаланған. Сүйікті сусындары қымыз болған. Қымыздың дертке – шипа, сауға – қуат беретін пайдалы қасиеті анық дәлелденген. Ол адамның денсаулығына әрі ұзақ жасауына ықпал етеді. Мал шаруашылығымен айналысқан дала тұрғындары осы сусынды бірнеше мыңдаған жылдар бойы тұтынып келді. Бұл турасында сонау ежелгі замандағы «тарихтың атасы» атақты грек тарихшысы Геродот «Скифтер (сақтар – авт.) өздерінің құлдарын биенің сүтін піскізуге мәжбүрлеп, соқыр ететін» деп жазады. XIII ғасырдың үшінші ширегінде бүкіл мәмлүк әлемі олардың билеушісі, даламыздың ұланы Бейбарыс сұлтанның бұйрығы бойынша қымыз ішетін болған. Айтпақшы, атақты орыс князі Александр Невский де (XIII ғасыр – авт.) қымыз ішкен, сол үшін оны жерлестері діннен безген деп айыптауға дейін барған.

Ибн Рузбихан 1509 жылы қазақ жеріне келіп, қымыздың емдік қасиеттері туралы таңдай қаға жазған: «Жылқы сүтінен олар (қазақтар – авт.) дуг, түрікше – қымыз жасайды. Ол – сусындардың ішіндегі ең жақсысы. Расында да, ол өте пайдалы, әрі жағымды сусын. Қымыз жұмақ өзенінің сусынындай хош иісті. Оның тамақтан өткен әр тамшысы адам көкірегін тыныштандырады. Егер де семіздік ауруына шалдыққан адам ішетін болса, онда оның ас қорыту органдарының жұмысы жақсарып, қомағайлану сезімінен мүлдем айығады… Оны ішкен адам барлық дертінен арылады. Қымыз әрі азық, әрі дертке шипа болатын дәрі-дәрмек». Өкінішке қарай, қазіргі әлем оның пайдасын әлі күнге дейін жете түйсіне алған жоқ.
Қымыздың тамаша емдік қасиеттері туралы дала тарихын жақсы білген ресейлік Д.Самоквасов та сүйсіне жазған: «Әбден арып-ашып, әлсіреген көшпелі тез арада сауығып, бетіне қан жүгіріп шыға келетіні сая­хатшылардың назарын аудартып қана қоймай, қымызды меңдеген дерттен арылтуға ем ретінде пайдалану туралы ой салды. Бақылаулар көрсеткендей, осы бір өте жылдам, әдетте бірнеше аптада ғана, көшпелінің денсаулығы мен бал-бұл жанған жүзінің қалпына келуі… қарапайым ғана, аз мөлшердегі қысқы сорпаға-суға биенің ашытылған сүтін қосып ішкеннен болатын». Мұны жаңа дәуірдегі тағы бір ресейлік зерттеуші Б.Юзефович те «Торғай облысы қырғыздарының тұрмысы туралы» атты еңбегінде растай түседі: «Қазақ халқының санитарлық жағдайы әбден қанағаттандырарлықтай…» Қымыздың пайдалы қасиеттері туралы ресейлік жоғары лауазымды шенеу­ніктер де білген. Мәселен, XIX ғасырдың орта кезінде Томск губернаторы Супрунюк отбасымен Құлынды даласында әр жаз сайын келіп, қымызбен емделген. Сол кезде Қазақстанның әр қаласында барлық ұлты мен түрлі діни наным-сенімдегі қала тұрғындары баратын «қымызханалар» болған. Ресей империясы мен КСРО заманында туберкулезбен науқастанғандарды қымызбен емдейтін арнайы санаторийлер болған. Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша нақ осы бие сүті құрамында трансмай қышқылдары болмайтындығы себепті ұзақ жасаудың құпиясына айналған.
Үшіншіден, «жанына халқымыздың жылқы жаққан» (І.Жансүгіров) демекші, дала халқының тұрмыс-тіршілігі жылқы малымен тығыз байланысты болған. Дала тұрғындарының өмірі ат үстінде өтті. Ұзақ уақыт бойы салт атпен жүру, олардың денсаулықтарын жақсартып, ұзақ өмір сүруіне ықпал еткен. Сайын далада еркін өскен ер-азаматтар арасында жыныс безі, несеп-жыныс жолдарының аурулары жоқтың қасы, көтеу ауруы өте сирек кездескен.
Төртіншіден, қазақ қоғамы арақ-шарап ішімдіктерінен аулақ болған, темекіні мүлдем шекпеген. Керісінше, отырықшы тұрғындардың денсаулығы осы кеселден зиян шеккен. Мәселен, В.Радлов осы орайда «Маскүнемдік сияқты кесел қазақтарға мүлдем тән емес» деп жазғаны куә. Оның сөздерін осы өлкені зерттеуші тағы бір ғалым Г. Грумм – Гржимайло: «Тіпті ашыған сүттен жасалатын спирттік ішімдіктерді мүлдем қолданбайды» деп растайды. Олар тіпті жай ғана темекінің өзін тұтынбаған. Бұл турасында көрнекті кеңестік ғалым Н.Малицкий «Этнографиялық шолу» атты еңбегінде: «Қазақтарда темекі тарту деген әдетінде болмаған» деп Қазақстанның байырғы тұрғындарының арасында мұндай жағымсыз жайттың мүлдем болмағандығын ашық жазады.
Бесіншіден, маман дәрігерлері болмаса да, қазақтар білікті халық емшілерінің ем-домын пайдаланған. Емшілік өнер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Бүгінде осындай емшілік өнер біздің Қытайдағы қандастарымыз шоғырланған жерлерде жақсы сақталған.
Алтыншыдан, қазақтардың басым көпшілігі аңшылық пен ұлттық спорттық ойындарын ермек етуі де ұзақ жасауына, салауатты өмір салтын ұстануға ықпал еткен.
Жетіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамында өз-өзіне қол жұмсау, жалпы адам өлтіру деген жайттар өте сирек орын алған.
Олардың ұзақ жасауы мен қартайған шағындағы денсаулығы жөнінде жоғарыда есімі аталған орыс генералы С.Броневский былай деп жазады: «Бірқалыпты өмір мен ас-ауқаты, үнемі таза ауада болу сияқты жайттар қазақтарды аурулардан сақтайды, олар әбден қартайғанша өмір сүреді, жасы 100-ге жеткендер көп, ал 70 жастағылары барлық ауырт­пашылықтарды жастармен бірдей көтереді. Және тіпті де кәрі көрінбейді. Кейде, олардың көз жанары түтіннен ертерек зақымдалады; ол үшін аттың қара қылынан өрілген көзілдірік қолданылады; өле-өлгенше тістері сол күйінде сақталады, суық тиюден көп азап көрмейді».
Неміс зерттеушісі ­­Ф. фон Шварц қазақтардың денсаулығының өте жақсы екендігі тұрасында «Қазақтар Орталық Азияның барлық басқа халықтарының ішінде денсаулығы өте жақсы екендігі соншалық, тіпті «қазақ сияқты денсаулығы мықты» деген мәтелге арқау болған» деп атап көрсеткен.
ХІХ ғасырдағы орыс саяхатшысы Ф.Назаров та далалықтардың дене-тұрпатының мықтылығы жайлы «сол далада көшіп-қонып жүретін қазақтардың көбі орта бойлы, қараторы (бидай) өңді болып келеді, климаттың тұрақтылығы олардың денсаулығының мықты болуына ықпал етеді. Ғасырлар бойы көшіп-қонып, ашық ауада өмір сүретін олар ыстық-суықты бірдей көтереді» деп жазыпты.
Шыққан тегі неміс ресейлік ғалым В.Радлов «Далалық түркі көшпенділері» атты еңбегінде осы құбылыс туралы былай деп түйеді: «Қазақтардың ішінде ауру-сырқау, әлсіздер аз және жалпы құнарлы ас пен таза ауадағы өмірдің арқасында олардың арасында дертті адам сирек кездеседі… Көптеген қазақтар кәрілік шағына дейін өмір сүреді. Тіпті жүз жасаған қарттар да бар. Қазақтардың барлық сезу қабілетінің ішінде көру қабілеті жақсы дамыған, бұған таң қалуға болмайды да. Қазақ әдетте кең жазық жапан түзде өмір сүретіндіктен және жастайынан алысқа қарауда көздері өткір». Ал ХХ ғасырдың бірінші жартысында кеңестік зерттеу­ші Н.Малицкий, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып: «өз елінің қатаң климаттық жағдайлары шынықтырған қазақтар мықты денсаулығымен, салыстырмалы түрде көп ұрпақ өсіргіштігімен ерекшеленеді, осының арқасында өздерінің тұрақсыз­дау көршілерін ығыстыра отырып шартарапқа ірге кеңейтуде. Қазақтардың дене бітімі де мықты. Тұрпаты келісті. Кеудесі кере қарыс, кең жауырынды, желке-мойыны тұтас, бұлшық етінің күші бірден байқалады. Ас қорытуы да керемет. Дене қызуы да еуропалықтарға қарағанда жоғарырақ. Қазақтардың организмінің қуаттылығы жараланған кезде байқалады: жарақаттары кейде дене қызуынсыз өтеді, ал өзі, асқа тәбетін жоғалтпаған күйі жазылып кетеді. Қазақтардың суыққа да, дене ауырсынуларына да төзімділігі жоғары» деп жазған.
Қазақ халқы мықты денсаулық пен адамның ұзақ жасауын қадірлегендігі көптеген мақалдар мен мәтелдерде тамаша көрініс тапқан: «Денсаулық – зор байлық», «Ауру атанды да шөктірер», «Ауру кірді – әлек келді», «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады», «Ауруын жасырған – өледі», «Тәні саудың – жаны сау», «Балық жаны – суда», «Емнің алды – еңбек», «Ауру желмен кіріп, термен шығады», «Азған денеге ауру үйір», «Басы аманның малы түгел», «Көзің ауырса – қолыңды тый, ішің ауырса – тамағыңды тый» және т.б.
Көшпелілердің ұзақ жасауы мен қартайғанша денсаулығын жақсы сақтауы себебінің бірі – білікті емшілердің болғандығына да байланысты. Емшілік ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Балгерлерді «тәуіп», емдік шөптермен емдейтін адамдарды «дәрігер», хирургтарды – «оташы», сүйекті түзетіп, сынықты емдейтіндерді «сынықшы» деп атаған. Жергілікті емшілердің ішінде Бұқара, Самарқанд медреселерінің түлектері де болған. Соңғылары Ибн Синаның медициналық трактаттарын оқыған. Олар дәрі жасауды білген, тіпті улы заттарды да (хинин, камфор, скипидар, тотияйын, сынап, алмас, апиын) кеңінен пайдаланған.
Дәрілік шөптердің ішінде жусанның әртүрлі түрлері, қара андыз, сау­малдық, арша, киікоты, қалампыр, тал қабығы, долана, меңдуана, итмұрынның тамыры, мия тамыры және т.б. кеңінен қолданылған. Мысалға, зерттеушілердің мәліметтері бойынша ХІХ-ХХ ғасырларда тек Түркістан өлкесінің өзінде ғана қазақ емшілері өсімдік текті 227 түрлі дәрі-дәрмектерінің қасиетін білген. Қазіргі Қытайда қазақ емшілері өсімдіктердің 800-ге жуық түрінің емдік құпиясын біледі.
Дәрігерлік тәжірибеде олар жануарлардың ағзасынан алынған емдік дәрі-дәрмектерді де пайдаланған: аюдың өті, борсықтың, суырдың, қаздың, қойдың, жылқының майлары. Мысалға, суық тиюді қойдың майы қосылған қайнатылған сүтпен тез арада ағзадан қуып шығатын.
Қазақ емшілері адам анатомиясы жайлы жан-жақты түсінігі болды. Олар аурудың диагнозын және оны емдеу траекториясын таңдауға тамыр ұстап-ақ анықтай алатын болған. Шөлді және шөлейтті жерлерде сырқат адамдарды құм ванналарымен емдейтін болған. Қысқы уақытта сырқат адамдарға тұз бен түрлі емдік шөптер қосылған жылы ванна қабылдау ұсынылған. Кейбір ауруларды қазақ емшілері науқасты жаңа сойылған қойдың, ешкінің, өгізшенің немесе құлынның терісіне түсіріп те емдеген. Жергілікті емшілер ертеден ақ тұзды көлдер мен минералды бұлақтардың шипалық қасиеттерін білген. Мұндай емдеу тәсілдерінің көптеген буын ауруларын, сыртқы және ішкі ауруларды емдеуге көмегі тиетін. Далалықтар ертеден тұзды, батпақты көлдерде емделген.
Қан қысымынан болатын бас ауруларын емдеуде қан шығару әдісін қолданған. Қазақ емшілері сүлікпен де емдеген. Залалсыздандырып, қанды тоқтату үшін күл сеуіп, я болмаса күйдірілген киіз басатын. Халық емшілері құрсақ қуысын тіліп, жарып босандыру (кесар тілігі) отасын да жасай білген. Сынықшылар аяқ-қол, иық, тіпті жамбас шығуды, түрлі сынықтарды да емдей алған. Психикалық ауруларды бақсылар емдейтін. Өкінішке қарай, кеңес билігі кезінде емшілер заңсыз қуғынға, тіпті саяси сүргінге ұшырады. Солардың ішінде бірен-сараны ғана аман қалды, кейбірі шет мемлекеттерге ауа көшкен.
Ұзақ жасаушылардың жарқын бейнесін көрсеткен белгілі тұлғалар өздері жайлы естелік қалдырған Әнет баба, Қазыбек би, Төле би, Бұқар жырау, Жамбыл Жабаев т.б. 100 және одан да көп жасаған жандар. Қошке Кемеңгерұлының мәліметі бойынша ұлы Абылайдың баласы Уәли хан 105 жыл жасап, 1821 жылы дүние­ден озған. Дала әлеуметінің әйелдер қауымы да ерлерден қалыс қалмаған. Танымал отандық зерттеуші И.Ерофеева «Бопай (Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың әйелі) Барақ хан мерт қылған ерінен әжептәуір ұзақ, 100 жастан асып жасаған» деп жазады.
Дәстүрлі ұзақ жасаушылық пен саламатты өмір салты қазақтардың егде тартқан кезінде де балалы болуына мүмкіндік беретін. Мысалға, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы 75 жасында өзінен көп кіші 32 жастағы Бибіжан Бүркітқызына үйленген. Екі жыл отас­қаннан кейін Жанәбіл есімді ұлды болған. Мықты денсаулық пен ұзақ жасаушылық дала тұрғындарының бірнеше әйел алуына мүмкіндік берген. Мәліметтерге қарағанда, Қажымұқан балуанның 5 әйелі болыпты. Қазақтар арасындағы көп әйел алушылыққа «патриархалдық құрылымның қалдығы» ретінде тыйым салған кеңес өкіметі халықтың сүйіктісі – атақты балуанға түсіністікпен қараған тәрізді.
2012 жылы 5 қыркүйекте Назарбаев Университетінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы студент жастарға қаратып: «ХХІ ғасырда қазақстандықтар ұзақ жасаушы ұлт болуы тиіс. Көп жағдайда денсаулық тек медицинамен байланыстырылады. Денсаулықты бірінші кезекте адамның өзі қалыптастыруы керек. Мен сіздерді және барлық студенттерді біздің олимпиадашыларымыздың жеңісі құрметіне зиянды әдеттерден бас тартуға шақырамын, спортпен айналысыңыздар, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар» деген болатын. Қазіргі ғалымдардың мәліметтері бойынша, әлемде ұзақ жасаудың бес «көгілдір аймағы» бар екен: Окинава, Икария, Сардиния аралдары, Коста-Рикадағы Никоя түбегі мен АҚШ-тағы Лома-Линда қалашығы. Мұнда адамдар 90-нан 100 жасқа дейін өмір сүреді екен. Біздің дәстүрлерімізді ескере отырып, Қазақстанның барлық аумағын осындай аймақтарға айналдырып, тұрғындарымыздың ғұмырын ондаған жылға ұзартуға тамаша мүмкіндік бар. Еліміздің әрбір азаматы дұрыс тамақтанып, қымыз ішіп, белсенді әрі ұдайы қимылдап, зиянды әдеттерден бас тартып тұрақты, әрі жүйелі негізде ұлт денсаулығын жақсарту ісіне барынша үлес қосуы тиіс.

Источник: http://www.astana-akshamy.kz/uly-dala-eli