Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Шыңғыс хан империясының мұрасы» атты дөңгелек үстел


2018 ж. 26 сәуір күні институтта «Шыңғыс хан империясының мұрасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің негізгі бағыттары:

– деректеме және тарихнама мәселелері;

– орыс княздықтары мен Моңғол империясының ара-қатынастары;

– XIII ғ. түріктердің әскери әрекеттерінің мәселелері.

Іс-шара барысында А.Г.Оловинцовтың «Статус Руси в XIII – XVI вв.: а) Тюрки или монголы? б) «Иго» или противостояние?» кітабының тұсауы кесілді. Дөңгелек үстелге Хасен Қожа-Ахмет сынды қоғам қайраткері, белгілі отандық тарихшылар Әбдіров М.Ж., Өтениязов С.К., Жанымхан Ошан, «Полигон – 29 тамыз» қоры кеңесінің төрағасы, т.ғ.д. Бозтаев Н.К., э.ғ.к. Томпиев М.К., Қазақстандағы орыс, казак және славян ұйымдарының үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары, «Казачий курьер» газетінің бас редакторы М.Ф. Киндалев, сондай-ақ Институттың ғалымдары, бөлім басшылары және осы мәселеге қызығушылық танытатын зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты.

А.Г. Оловинцовтың Алтын Орда әскерінің құрамы этникалық түріктер деген көзқарасын дөңгелек үстелге қатысушылар қолдап, қосымша толықтырулар жасады. Сондай-ақ Алтын Орда Русь княздіктерінің бірігіп, мемлекет құруына қолайлы жағдай жасап берді деген көзқарасты талқылады.

Әуесқой тарихшының жазған еңбегіне баға берген тарихшылар – З.Е. Қабылдинов, Ж. Ошан, Ә. Дәулетхан, З.М. Төленова, Ф.М. Шамшиденова сынды ғалымдар бұл жаңалықтар кәсіпқой тарихшылар арасында мойындалып қойған тұжырым деген пікірде болды. Сонымен қатар, пікір айтушылар Ресейлік тарихшылардың жарияланған шығармаларына, оның ішінде қазақ тіліндегі еңбектерге сілтеме жасауды ұсынды. Жалпы жиналған қауым А.Г. Оловинцовтың көп жылдық еңбегін осы тарихи кезеңнің балама көзқарасы ретінде бағалап, еңбекті қайта басып шығарған кезде барлық ұсыныстарды ескеруді тіледі.