Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Некролог – Сужиков Бақыт Мұхамбетқалиұлы


2018  жылы 19 мамырда 67 жасында отандық тарих ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан танымал қазақ ғалымы, тарихнамашы Сужиков Бақыт Мұхамбетқалиұлы өмірден озды.

Бақыт Мұхамбетқалиұлы гуманитарлық ғылымның теориялық-методологиялық мәселелерін зерттеумен айналысып, елімізде шетелдік ғылыми әдебиет бойынша санаулы білікті мамандардың қатарына кірді. Оның авторлығымен Еуропа мен Америка елдерінің 500-ге жуық ғалым-кеңестанушылар еңбектерінің ғылыми аудармасы жарық көрді. Ғалымның көпжылдық еңбегінің арқасында қазіргі тарихтың методологиясы молайып, тарихшы кәсібінің тұжырымнамалық алуан түрлілігі артты, соның нәтижесінде отандық тарихнама мектебінде жаңа ғылыми бағыт – шетелдік қазақстантану қалыптасты.

Сужиков Бақыт Мұхамбетқалиұлы 1951 жылы Ақтөбе облысынды дүниеге келді. 1976 жылы С. Киров атындағы ҚазҰУ-ды аяқтағаннан кейін өмірінің соңғы күндеріне дейін іргелі және академиялық тарих ғылымына өз адалдығын сақтай отырып, аға лаборант қызметінен бөлім меңгерушісі лауазымына дейін көтерілді. Оның ғылыми ізденістерінің нәтижелері 1990-2000 жж. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының іргелі зерттеулерінің тұтас бағдарламасын құру кезінде басшылыққа алынды. Ол «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрген «XII-XX ғғ. Қазақстан тарихы батыс деректерінде» атты көптомдық кітаптар сериясының, тарихнамалық базаның қалыптасуы және отандық саясаттану мектебінің дамуы тұрғысынан алғанда классикалық болып саналатын  зерттеулердің орысша аудармалары кірген «XIX-XXI ғғ. Шетелдік қазақстантану» библиографиялық жинақтаманың аудармашысы және құрастырушысы болды. 2004 жылдан бері Б. Сужиков Сорос қорының «Шығыс-Шығыс» бағдарламасының сарапшы Кеңесінің мүшесі және секция жетекшісі ретінде қызмет атқарды. Оның күш салуымен шыққан көптеген академиялық басылымдар бес томдық «Қазақстан тарихы» іргелі еңбегі, оқулықтарға айналған ұжымдық зерттеулер: «Қазақстан тарихы. Очерктер», ағылшын тіліндегі «Қазақстан тарихы», «Халық тарих толқынында» бағдарламасының аясында дайындалған «Қазіргі Қазақстанның тарихы» оқулығы және т.б. ғылыми еңбектер жарияланып, республика бойынша кең таралды.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми антропологияның, этнологияның, диаспорологияның қалыптасуы мен дамуы да Б.М. Сужиковтың есімімен тікелей байланысты. Оның қазақтардың этникалық сәйкестілігінің мәселелерін зерттеуге арналған еңбектері («Шетелдік тарихнамадағы Кеңестік Шығыс әйелдері», «Қазақ диаспорасы: этникалық күнкөріс мәселелері», «Орта Азиялық зерттеулердегі ұлттық сәйкестілік және этникалық процестердің динамикасы», «Еуразияшылдық: Джемшит кесесін іздестіру жолында» және т.б.) мамандардың тарапынан жоғары бағаланды.

Б.М. Сужиков тек көпшіліктің құрметіне бөленген ғалым-тарихшы ғана емес, сонымен қатар болмысы ерекше адам болатын. Оның еңбекқорлығын, шығармашылық белсенділігін, бірбеткейлігі мен ақ пейілділігін, кәсібилігі мен біліктілігін онымен немесе оның еңбектерімен таныс болған адамдардың барлығы ерекше атап өтетін. Бақыт Мұхамбетқалиұлының мезгілсіз өмірден қайтуы оның әріптестері, достары мен шәкірттері үшін орны толмас ауыр қаза. Туыстары мен жақындарының қайғысына ортақпыз. Ғалым мен ұстаздың жарқын бейнесі мен өсиеттері жүрегіміз бен жадымызда мәңгі сақталады.