Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ТҰЛҒА. АНА. ҒАЛЫМ. ҚАЙРАТКЕРГЕ ҚҰРМЕТ


2018 ж. 22 мамырда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында еңбек ардагері, Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің түлегі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Б.Н. Әбішованың 90 жылдық мерейтойына арналған «Рухани жаңғыру және Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» атты кеңейтілген Ғылыми кеңес өткізді.

Оның жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнография факультетінің деканы, т.ғ.к. М.С. Ноғайбаева, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Б.Б. Кәрібаев, т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыш, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының және институт ғалымдары мен қызметкерлері, докторанттары мен магистранттары қатысты. Сондай-ақ тарихи және ұрпақ сабақтастығының айқын дәлелі боларлықтай ұзақ жыл институт директоры болған атақты тарихшы, академик Ақай Нүсіпбековтің, академик Ә. Марғұланның, академик М.Х. Асылбековтың, мерейтой иесі Бағдат Әбішеваның ұл-қыздары мен немерелері және шәкірттері мен сол жылдары бірге қызметтес болған әріптестері де құрмет көрсетті.

Модератор Институт директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов кіріспе сөзінде Бағдат Нұрланқызы Әбішеваның өмір жолына қысқаша шолу жасап өтті.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты З.М. Төленова «Ғибраты мол ғұмыр», Институт бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы З.Т. Садвоқасова «Ғылымдағы әйелдің өмірі мен қызметі» тақырыптарында баяндама жасады.

Академик Ақай Нүсіпбековтің қызы М.А. Нүсіпбекова, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. М.Қ. Әбусейітова, т.ғ.д., академик М.Х. Асылбековтың қызы т.ғ.д., профессор Ж.М. Асылбекова, т.ғ.д., профессор К.Ш. Хафизова, т.ғ.д. профессор М.Ж. Әбдіров, т.ғ.д., профессор Ғ.Қ. Халидуллин, т.ғ.к., доцент Г.Ж. Өскембаева, т.ғ.д. Тоқтабай А.У., т.ғ.к. Ә. Дәулетхан және т.б. өз естеліктерімен бөлісті.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында «Институт кітапханасына кітап сыйлайық» атты акция шеңберінде Институт кітапханасының қорын толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай мерейтой иесі бастаған жоғарыда аты аталған Институт ардагерлері мен қызметкерлері өздерінің жеке қорындағы кітаптардан Институт кітапханасына көптеген құнды кітаптар сыйға тартты. Бұл акция одан әрі жалғасын табады.