Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының тарихи негіздері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция


2018 жылы 20 қыркүйек күні сағат 10.00-де Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тарихи негіздері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында  «ХХІ ғасырда ұлттық сананы жаңарту, ұлттық бірегейлікті сақтау» тұрғысында Қазақстан тарихының өзекті мәселелері қарастырылады.

Тарихшы ғалымдардың белсенділігі арқасында адамның сыни ойлауы қалыптасады, ұлттық құндылықты қорғайды, сайып келгенде, қазақстандық қоғамның жаңа бейнесі қалыптасып, ұлт үшін өткеніміз бен болашақ арасында байланыс орнайды.

Конференцияның мақсаты:  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тарихи негіздерін көрсету, өлкетану, тарихи-мәдени құндылықтарды жаңғырту мәселелерін талдау болды.

Міндеттері:

– Рухани жаңғыру бағдарламасының тарихи негіздерін көрсету;

– Елбасы мақаласының дүниетанымдық, концептуалдық сипатын көрсету;

– Рухани жаңғыру үдерістерін қабылдау контексінде қоғамдық пікірдегі негізгі тіректерді көрсету;

– цифрлық форматта Қазақстан тарихын бейнелеуді сипаттау;

– «Рухани жаңғыру» бойынша зерттеулерге және қазіргі замандағы ғылымның даму жолдарына шолу жасау;

– ұлттық сананың қалыптасу аумағында қазақстандық қоғамның даму эволюциясын тұтас түрде түсіну жолын қарастыру;

– тарихи тұжырымдамалардың ішінен өзекті мәселелерді анықтау;

– ғылыми қауымдастыққа Қазақстан тарихы тек қана алдыңғы ұрпаққа ғана емес, кейінгі ұрпаққа да маңызды екенін ғылыми қауымдастыққа дәлелдеу.

Конференция модераторы институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Шамшиденова Ф.М. болды.

Конференцияда өзекті ғылыми баяндамалар тыңдалды. Мысалы, қоғаммен байланыс жұмыстары бойынша директордың орынбасары  т.ғ.к. Шашаев Ә.Қ. «Туған жер бағдарламасы және туристік кластерді қалыптастыру мазмұны» атты баяндамасында мына ұсыныстарды жасады: Біріншіден, киелі нысандарды іріктеу, тізімдеу мен ғылыми негіздемесін жасауды кәсіби маманданған ғалымдарға жүктеп, үйлестіру міндетін жүктеген дұрыс; Екіншіден, киелі нысандардың QR кодтарын енгізу мен нысанға орнатар алдында, оның тарихи мәтінін тарихшылар сараптамасына беру қажет; Үшіншіден, облыстық, қалалық әкімшіліктің жауыпты бөлімдерімен бірлескен экспедициялар жасақтап, қаржыландыру мәселесін шешу керек. Киелі нысандардың тарихи интерактивті картасын жасау мен болашақ виртуалдық саяхат маршрутына да енгізу үшін. Туристік соқпақ жолдар мен инфоқұрылымдар қалыптастырудың оңтайлы жолдарын жүзеге асыру мен GPS жол көрсеткіштер дайындау қажет. Төртіншіден, өлкетану ісін жандандыру үшін ЖОО –да өлкетанушы мамандығын ашу, Мемлекеттік білім беру бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу мен Типтік оқу бағдарламасын жасау, ауылдық жерлерде өлкетанушылар үйірмесін жандандыру мен оны қаржыландыруды қолға алу керек. Туристік салаға қажетті мамандықтарға грант бөлу (экскурсовод, гид және т.б).

Т.ғ.д. Құдайбергенова А.И. АЛЖИР тамұғындағы әйелдердің тағдыры туралы баяндады. АЛЖИР 1938-1958 жылдары Қазақстанда болған 17 әйелдер лагерінің жиынтығы. «АЛЖИР» атауы КСРО ІІХК № 00486 жарғысына байланысты. Лагерь №26 еңбекпен түзеу поселкесінде орналасқан (қазіргі Ақмола, бұрынға Макинка селосы). Ресми түрде «Р-17» деп аталған 26-нүктеде 1937 жылы тұтқын әйелдер саны 6,5 мыңға жеткен деген пікір бар. 2003 жылы Москва қаласында жарияланған «Узницы АЛЖИРа»  кітабында 7259 әйел-тұтқындар туралы мәлімет беріледі [Узницы АЛЖИРа». – Москва: Звенья, 2003. – 568 с.]. Қазіргі кезде «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені қызметкерлерінің, зерттеушілердің еңбектерінің арқасында 7,5 мыңдай әйелдің аты-жөні анықталғанын, әйел мен баланың қоғамдық өмірдегі орны мен рөлін анықтауда тарихи сабақ бола алатын оқиғаны ұмытпау керек екенін айтты.

Т.ғ.к., доцент Асанова С.Ә. «Тарихи мазмұндаманың ұлттық тарихи сананы жаңғыртудағы ролі» атты баяндама жасады.

Т.ғ.к., доцент Толенова З.М. «Рухани жаңғыру»: жамбыл облысының тарихи ескерткіштері мен киелі жерлерінің зерттелу барысынан» атты баяндамасында Жамбыл облысының киелі жерлері мен ескерткіштерін сипаттап, Топағаш, Датқаның сазы, Керегетас, Әулие Тесік тас, Әбілқайыр төбені мазмұндай отырып,  ұсыныс ретінде археологиялық қазбалар жүргізіліп ашық қалған тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қорғау мәселелеріне басым көңіл бөлінсе. Қазылған археологиялық ескерткіштерді қайта жабу немесе ашық музей жасау ісі қолға алынбаса, аз жылдарда олардың ізін табу қиынға соғары анық екенін дәйектеді.

Т.ғ.к., доцент Шамшиденова Ф.М. «Рухани жаңғыру» және қазақтардың ұлттық қасиеті» атты баяндамасында ұлттық код қазақтың тұрмыс-салтынан туындайтын ұлттық кодқа тоқталды: 1) киіз үй – қазақтың тұрғын жайы. 2) жылқы – қазақтың көлігі, тамағы. 3) Домбыра қобыз – салтанат тұрмысы. Осыдан келіп, ұлттың уыздық қасиеттері шықты: өзіңе сенушілік, бәсекелестік, намысқойлық, конструктивтік, бейімделгіштік, шешендік өнер. Баяндамашы күйдің, қазақ музыкасының философиялық астарына тоқталды.

Институттың ғылыми қызметкері Рыскильдин А.Х. «Қазақтың өткен тарихындағы династиялық және ұлттық историологияны сипаттаудағы тарихи проекциялардың бірегейлігі» («Рухани жаңғыру» аясында) атты баяндамасында ХХІ ғасыр  – жаппай санада ұлттық бірегейлікті жобалау, қайта құру, алға жылжыту уақыты екенін айта отырып, тарих – бұл құндылықтар, мәдени-саяси даму бағдарламасы ретінде алынған құндылықтар деп түйіндеді.

2 курс докторанты Кубеев Рустем өз баяндамасында дәстүршілік феноменіне тоқталды. Қазақстан да континенттегі көршілерінің жетістіктеріне бағыт ұстайтынын айтты. [А.Н. Бибик, Философско-религиозный фундамент  японского традиционализма // Традиция и традиционализм. Альманах  2012-2013, Донецк, «Донбасс», 2013 г. cc. 288-293]

Ш. Эйзенштадттың еңбегі негізінде батыс қоғамтануы дәстүр мен модернизацияға бет бұрып, ол дәстүрді бұзу екенін сипаттағанын мазмұндады.

 Конференцияның Қарары қабылданды:

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарияланатын мақалалар санын көбейту.

–           «Рухани жаңғыру» орталығын ашу.

–          Қоғамдық пікірді қалыптастыру негізінде арнайы дәрістер мен семинарларды магистранттар мен докторанттар арасында өткізу.

–          «Туған жер» бағдарламасы негізінде туристік кластер қалыптастыру негіздемелерін жасау.

Конференция материалдарының электронды жинағын шығару.