Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Жібек жолындағы сұхбат – 2018» халықаралық жобасы


Институттың ғылыми қызметкері Н.Н. Құрманалина «Жібек жолындағы сұхбат – 2018» халықаралық жобасына, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің және Ғылыми сараптамалық топтарының мүшелері, ҚХА кафедралары, шетелдік (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения) және отандық сарапшылар, жас ғалымдар, этномәдени бірлестіктердің, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының және БАҚ өкілдерімен қатар қатысты. Шара 2018 жылғы 26-27 қыркүйекте Қарағанды облысы Балқаш қ. өткізілді. Қоғам қайраткері М. Әуезовтің бастамасымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қoғaмдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының қолдауымен және т.б. серіктестермен жасалған сұхбат биыл 12-ші рет  ұйымдастырылды.  Бағдарламаға сай 26 қыркүйекте қатысушылар Бектау ата тауларына барды, халық ақыны және композиторы Шәшубай Қошқарбайұлының мазарына гүл шоқтарын қойды, «Ұлы Дала өркениеті» этноауылын аралап тамашалады. М. Хамзин атындағы мәдениет сарайында «Рухани жаңғыру» мәдени-танымдық жастар орталығының салтанатты ашылуы рәсімі өтті. М. Әуезовтің Балқаштың зиялы қауымы және жастарымен шығармашылық кездесуі өтті, «Балқаш күзі» шығармашыл жастар фестивалі және концерттік бағдарлама қойылды. 27 қыркүйек күні «Жібек жолындағы сұхбат» деректі фильмі көрсетілді.  «Ұлы Жібек жолы – тарих және қазіргі заман» Балқаш кездесуі, яғни негізгі сұхбат алаңы жұмыс жасады. Н. Құрманалина мәжілісте баяндама жасады. Баяндамалар тыңдалып, ұрпақтар сабақтастығы, жастардың бүгінгі қоғамдағы орны туралы пікірлер айтылды. Мәдени шара Балқаш көлін қайықпен аралаумен аяқталды.