Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» (дөңгелек үстел)


2012 ж. 16 ақпанда ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Орталық ғылыми кітапхананың бірігіп ұйымдастыруымен ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауы және тарих ғылымының міндеттері (академик А.М. Панкратованың туғанына 115 жыл) тақырыбында дөңгелек үстел жұмысы болып өтті.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауы және тарих ғылымының міндеттері (академик А.М. Панкратованың туғанына 115 жыл) атты ҚР Білім және ғылым министрілігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Орталық ғылыми кітапхананың бірігіп өткізген дөңгелек үстел жұмысы Орталық Ғылыми кітапхананың Анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету залында 16 ақпан 2011 ж. өтті.
Кіріспе сөзді – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент Р.А. Бекназаров ашып, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауына тоқталды. «Ғылым туралы» жаңа заңның берері, соған байланысты Отандық ғалымдарға қолдау көрсету керек екендігін айтты.
Дөңгелек үстелде үстіміздегі жылы туғанына 115 жыл толып отырған тарихшы-ғалым А.М. Панкратованы еске алып, оның қазақстандық тарих ғылымына қосқан үлесі жайлы да сөз болатыны атап көрсетілді.
Дөңгелек үстелде сөз алғандар:
– Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Ж.Б. Әбілхожин өз баяндамасында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметті-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауына көп көңіл бөлді. Соның ішінде, Жолдаудың жүзеге асырылуына қосар үлесі – қазақстандық инновациялық жүйе, болашақ ғылыми зерттеулерге инновациялық гранттардың бөлінуі жөнінде кеңірек тоқталды. Жаңашаландыру үдерісінің мәні мен қазіргі кезеңдегі өзектілігін және оның елдің экономикалық дамуындағы маңызын атап көрсетті.
– Келесі сөзді алған Орталық ғылыми кітапхананың кітап қорын насихаттау, кітапхана басылымдарын тарату және қоғаммен байланыс бөлімшесінің жетекші кітапханашысы А.К. Кеңесбекова Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жолдауына байланысты «Елбасы жолдады, елі қолдады» атты мақаласын оқыды.
– ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор М.Х. Асылбеков 2012 ж. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын қолдайтынын айта отырып, елдегі әлеуметтік топтар мен страттардың жағдайын жақсартудың бір жолы – қазақстандық құрылыстардың жүргізілу екенін нақтылады.
М.Х. Асылбеков кеңестік тарихшы, табанды большевик А.М. Панкратованың туғанына 115 жыл толуына байланысты айта келіп, ғалымның 1943-1949 жж. шығармашылық қызметіне қатысты мағлұматтар берді. 1943 ж. бір томдық «Қазақ ССР тарихын» шығаруға қолдау көрсеткен академиктің позициясына тоқталды. 1945 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы құрамында ашылған Тарих, археология және этнография институтының қызметін ұйымдастыру және оның ғылыми бағытын анықтау ісіне атсалысқанын тың мағлұматтармен толықтырды. 1943 жылы А.М. Панкратова, М. Абдыкалыковтың редакциялығымен және 1949 ж. А.М. Панкратова, И. Омаровтың (екі томдық) редакциялығымен шыққан кітаптардың Қазақстан тарихын жазудағы маңызының жойылмағанын атап көрсетті. Сонымен қатар, Е. Бекмахановтың түрмеден шығуына және қазақ ғалымының шығармашылығына көп үлес қосқанын баса айтты.
Ғалым 1943 жылғы «История Казахской ССР» кітабын жақында «Болатхана Тайжан қорының» қайта басып шығарғанын, қайта басып шығарарда Тарих институты мен сол кітаптың 33 адамнан тұратын авторлар ұжымының ұрпақтарымен келісілмегеніне назар аудартты.
– Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор В.З. Галиев өз сөзінде ХХ ғ. басындағы А.М. Панкратованың саяси-қоғамдық көзқарасының қалыптасуына байланысты сөз қозғады. 1920-1930 жж. аралығында А.М. Панкратованың қуғын-сүргінге ұшырау себептері, Саратовта 2 жыл қуғында болғаны жайлы тың мағлұматтар айтылды.
– Келесі сөз кезегін «Қазақстанның жаңа заман тарихы» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор С.Ф. Мажитов алды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауына тоқтала кетіп, А.М. Панкратованың қарапайымдылығын, кеңдігін атап көрсетті. А.М. Панкратованың қазақ тарихшысы Е. Бекмаханов секілді, якут тарихшысы П. Башаринді де репрессияға ұшырағаннан кейін, босатылуына көмектескенін, Е. Бекмахановтың докторлық диссертациясының әдісімен әлі талай кітаптар жазылады деп, еңбектің өміршеңдігін баса айтты.
– Институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Қ.С. Алдажұмановқа сөз берілді. Ол А.М. Панкратованың өмірі мен еңбектерін атап өтіп, оның орыс жұмысшы қозғалысының тарихы мен кеңес қоғамы тарихын зерттегенін кеңінен айтты.
– «Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Б.М. Сужиков өз сөзінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауын айта кетіп, академик А.М. Панкратованың негізгі ғылыми еңбектерін, ерекше «Россия фабзавкомдары социалистік фабрика құру жолындағы күресте», «Россияда пролетариаттың қалыптасуы (ХVІІ-ХVІІІ ғғ.)» және т.б. еңбектеріне көбірек көңіл бөлді.
Шығып сөйлеушілер А.М. Панкратованың басшылығымен жазылған еңбектердің әдістемелік мәнінің жойылмағанын, Институт қызметкерлерінің даярлауды көздеп отырған алдағы 10 томдық «Қазақстан тарихы» басылымын даярлау барысында тарихшының еңбегін деректік негізде пайдалану қажеттігін атап көрсетті.
Жалпы, дөңгелек үстел ашық пікірталастармен, ой-толғаулармен, тілектермен өте тартымды өтті.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент Р.А. Бекназаров дөңгелек үстелдің жұмысын қорытындылап, жиынның негізгі қарарларымен таныстырды. Көпшілік дауыспен 3 пункттен тұратын қарар қабылданды:
1. Дөңгелек үстелде шығып сөйлеген ғалымдардың сөздері мен баяндамаларын «Отан тарихы» журналына арнайы айдармен жариялау;
2. А.М. Панкратованың редакциялығымен жарияланған 1943 жылғы және 1949 ж. екі томдық Қазақстан тарихы кітаптары мен ғалымның ғылыми мұрасын Институттың алдағы жоспарлап отырған 10 томдық «Қазақстан тарихы» жобасын орындау кезінде ескеру;
3. «Болатхана Тайжан қоры» А.М. Панкратованың редакциялығымен жарияланған 1943 жылғы «Қазақ КСР тарихы» кітабын қайта басып шығарарда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен сол кітаптың 33 адамнан тұратын авторлар ұжымының ұрпақтарымен келісілмегеніне байланысты институттың ұстанымын анықтау.