Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Тәуелсіздіктің 20 жылындағы Қазақстан дамуының трансформациясы


2011 жылдың 23-желтоқсанында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша пәнаралық Ғылыми кеңесінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Экономика институты, Д.А. Қонаев университетінің ұйымдастыруымен Д.А. Қонаев атындағы Университетте «Тәуелсіздіктің 20 жылындағы Қазақстан дамуының трансформациясы» тақырыбында дөңгелек үстел жұмысы болып өтті.
Дөңгелек үстел көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Іс-шара индустриалды-инновациялық даму және Қазақстанда интеллектуалды ұлт қалыптастыру жағдайындағы тарихи мәселелерде көпшіліктің ғылыми қызығушылығын тудыруға бағытталған.
Дөңгелек үстел жұмысына барлығы 40 адам, яғни қоғам қайраткерлері, зейнеткерлер, ғалымдар, оқытушылар, студенттер қатынасып, 2 баяндама, 9 жарыссөз тыңдалды.

Негізгі қарастырылған мәселелер:
1. Тарих және қоғамдық-саяси дамудың өзекті мәселелері (Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай).
2. Тұлға және дәуір.
3. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: тарихи тұлға.
4. Қазақстан ғылымы және Д.А.Қонаев.
5. Д.А. Қонаев және Қазақстан зиялы қауымы (Қ.И. Сәтпаев, М.О. Әуезов, О. Сүлейменов т.б.).

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Экономика институты, Д.А. Қонаев атындағы университеті өткізген ғылыми шарада қоғамдық пікірге маңызды әсері бар Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай тарих және қоғамдық-саяси дамудың өзекті мәселелері және ұлттық егемендік сипатын анықтайтын Қазақстан дамуының тұжырымдары мен моделі жан-жақты қарастырылды. Ұлттық тарихты қалпына келтіруге және тарихи сананы қалыптастыруға бағытталды. Д.А. Қонаевтың мемлекеттік және қоғамдық қызметі туған елі – Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің, білімі мен ғылымының өркендеп, дамуына арналды: 1930 жылдардың соңында Мәскеу қаласында жоғары оқу орнын бітіріп, сол кездегі еліміз зәру болып отырған инженер-металлург мамандығын алып оралған ол Балқаш пен Риддер кәсіпорындарында инженерлік және басшылық қызметтер атқарды. 1942 ж. Ұлы Отан соғысының ең ауыр кезеңінде Қазақстан үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған ол еліміздің кәсіпорындарының, жалпы өнеркәсібінің Жеңіс жолындағы қызметіне басшылық етті.
1952-1954 жж. Қазақ КСР Ғылым Академиясы президенті, онан кейінгі жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқарған ол 1959-1961, 1964-1986 жж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінде бүкіл республика өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының, транспорт жүйесінің, ғылымы мен мәдениетінің жоғары деңгейде өркендеуіне зор үлес қосқандығы толықтай баяндалды.
Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Айдар Есенбеков қатысты.
Экономика институтының директор орынбасары, э.ғ.д., профессор Найля Капенқызы Нұрланова – «Д.А. Кунаев – выдающаяся личность нашей эпохи: его вклад в развитие экономики республики» баяндамасында Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметіне тоқталып, бірқатар ұсыныстар білдірді.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қапаева Айжан Тоқанқызының «Наука, культура и образование Казахстана и Д.А. Кунаев» тақырыбындағы баяндамасында Д.А. Қонаев кезеңіндегі мәдени шаралар мен құрылыстардың маңыздылығы қозғалды.
Баяндамалардан кейін қызмет барысымен араласқан, көз көрген азаматтардың бірі қоғам қайраткері Балтағұлов Ізбасарға сөз берілді.
Ұлы Димекеңмен қоян-қолтық араласқындығын баяндай келіп, қасында бірге жүргендігін, көзінен от шашып тұратын мұндай адам ғасырда емес, ғасырларда бір-ақ рет кездесетіндігін айтады. Сонымен бірге Димекеңмен араласқандардың бірі Жұмабай Шаяхметовтің де еңбегі сөз болып баян етілді. Жастарға «Ұлы Димекеңнің аруағы қолдай берсін!» деген тілегін, осындай еске алу жалғасын тауып үзілмесе деген ұсынысы мен рахметін де білдірді.
Сонымен қатар қоғам қайраткері Еркін Қамалұлы Қадыржановтың, «Д.А. Қонаевтың 12 қасиеті туралы» жазушы Ораз Қауғабайдың, туысқаны б.ғ.д., профессор Роза Ахметқызы Қонаеваның, Д.А. Қонаев атындағы Университет доценті Алма Скагиеваның, Философия және саясаттану институтының директор орынбасары Қуаныш Әлжанның, әл-Фараби атындағы ҚазМУ тарих факультетінен т.,.д., профессор Қ.М. Атабаевтың, Д.А. Қонаев қорынан Дастан Рүстемұлының, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Д.А. Қонаев мұражайының ғылыми қызметкері Нұртан Төлепбергенұлы сынды қонаевтанушылар мен тарихшылар естеліктері мен баяндамалары тыңдалды.

Дөңгелек үстел жұмысы бойынша қорытынды жасалынып және Қазақстан ғылымы мен тарихи тұлғалардың рөлі мен мәнінің өтпелі еместігі, олардың әсері мен қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы және дүниежүзінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси үрдістермен байланысы атап өтілді.
Тәуелсіз Қазақстан келбетінің қалыптасуындағы ұрпақтар жалғастығы мен тарихи сабақтастық өзектілігі, Отан тарихының жарқын өкілдерінің қызметі, ғылыми мұрасы Д.А.Қонаевтың өмірі мен қызметін саралау негізінде қарастырылды. Мемлекеттік жауапты басшылық қызмет атқара жүріп республикада ғылым мен білімнің дамуына, Қазақстанның гүлденуіне қомақты үлес қосқандығы, Д.А. Қонаев республиканың шекарасын анықтау мен біртұтастығын сақтап қалу ісіне көп еңбек сіңіргендігі аталып өтті. Әсіресе Алматы қаласы жоғары дамыған өнеркәсіпті, ғылыми және мәдени орталыққа айналғандығы, Республика сарайы, Қазақ мемлекеттік университеті қалашығы, Арасан сауықтыру кешені, Медеу спорткешені, т.б. әдемі, сұлу ғимараттар бой көтергендігі сөз болды. Д.А.Қонаевтың Қазақстанның дамуы ісіндегі атқарған еңбегі бүгінгі күні де өзектілігін жоймай ерекше маңызға ие болатындығын атай келе, 2012 жылы көрнекті тұлғаның 100 жылдығын атап өту барысында келешекте мынадай шаралардың іске асырылу қажеттігі туралы қарар қабылдады:
1. Тұлғаның өмірі мен қызметінің жас ұрпақ үшін тағлымын ескере отырып, ол жөнінде әртүрлі зерттеу жұмыстары жүргізілу барысында мұрағат құжаттары негізінде, оның тау-кен саласы бойынша ғана емес, Қазақстан Компартиясы ОК, ҚКП ОК және КОКП ОК Пленумдарындағы, үкімет отырысындағы, съездеріндегі сөйлеген сөздері қамтылған Д.А. Қонаев еңбегі баспадан шығарылсын.
2. Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналған студенттік ғылыми оқулар, мектептерде, студент аудиторияларында ашық сабақтар өткізіліп тұруы қажет.
3. Д.А. Қонаев жайлы көпсериялы деректік фильм түсірілгені жөн.
4. БАҚ арқылы Д.А. Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы үздіксіз насихатталсын.
5. Д.А. Қонаев атындағы сыйлықтың көлемін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы деңгейіне дейін көтеру мәселесін қою.
6. Республикамыздың бір қаласына (Мәселен, Қапшағай, Риддер) Д.А. Қонаевтың атын беру.
7. Д.А. Қонаев ескерткіші жанында жыл сайын еске алу жиынын өткізу
8. Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен институтында жыл сайын «Қонаев оқуларын» өткізу.

Дөңгелек үстел жұмысын Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директор орынбасары Қ.М. Ерімбетова мен Д.А. Қонаев атындағы университет ректоры, заң ғ.д., профессор Ө.Қ. Қопабаев жүргізді.

Фотоархив

Увеличить картинку   Увеличить картинку