Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«КЕҢЕСТІК ТАРИХНАМАДАҒЫ ТҰЛҒАТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ: ЖҰМАБАЙ ШАЯХМЕТОВ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ


2018 жылы 4 желтоқсанда сағат 10.00-де «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен ҚР Президент архиві бірігіп көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовке арналған «Кеңестік тарихнамадағы тұлғатану мәселелері: Жұмабай Шаяхметов» атты Республикалық дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің мақсаты – кеңестік тұлғатанудағы өзекті мәселелерді 1946-1954 жж. Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Шаяхметов Жұмабай Шаяхметұлының өмірі мен қызметі негізінде зерттеп, тұлғаның тарихтағы рөлін анықтау.

Отандық тарихқа объективті көзқарас қалыптастыру мақсатында тарихи тұлғаларды зерттеуді күшейту қажеттілігін ескере отырып, дөңгелек үстелдің негізгі міндеті ретінде тарихтағы тұлғалардың рөлін анықтауда Кеңестік тұлғатанудың өзекті мәселелерін кеңестік партиялық және мемлекеттік қайраткер, 1946 – 1954 жж. Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметұлы Шаяхметов мысалында зерттеу заман сұранысы болып отыр. Дөңгелек үстел ҚР Президенті архивінің «Тарихи тұлғалар: Жұмабай Шаяхметов» атты тарихи-құжаттық көрмесін таныстырумен ашылды.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында құнды, деректік фактілерге бай ғылыми баяндамалар жасалды. Мәселен, ҚР Президенті архивінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жапаров Б.Ә. ҚР президенті архиві қорында сақталып жатқан Ж. Шаяхметовтың өмірі мен қызметіне арналған құнды құжаттар бойынша баяндама жасады. Баяндамашының пайымдауынша, Шаяхметовке жала жабылып, әділетсіз орнынан алынып тасталған. Оны архивтік құжаттарға сүйене отырып дәлелдеп берді.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Сәрсенбаевқа сөз берілді. Ғылым жанашыры өзінің Шаяхметовпен жерлес екендігін мақтан тұтып, Ж. Шаяхметовтың өмірі мен қызметіне арналған құжаттар жинағын басып шығаруға және іргелі ғылыми монографияны жариялау жұмыстарына өзінің қолұшын беріп, көмектесуге дайын екендігін мәлімдеді.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов «Основные этапы жизни и государственной деятельности Ж. Шаяхметова» тақырыбында баяндама жасады. Деректерге сүйене отырып, ең алдымен Шаяхметовтың туып өскен Омбы облысының тарихына тоқталды. 1920 жылдардағы кеңестік қайта бөлу кезінде Омбының көптеген ауылдарының Ресейге өтіп кеткендігін баяндады. Ал Ж. Шаяхметовтың өзінің бастамасымен Ресей территориясында орналасқан алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарына қазақ жастарын білім алуға жіберіп отырған. Ғалымның айтуынша, бұл бүгінгі таңдағы «Болашақ» бағдарламасының алғашқы көріністері іспетті болған.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының БҒҚ, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов «Жұмабай Шаяхметовтың 1940-1950 жылдардағы мемлекеттік қызметі» атты тақырыпта сөз сөйледі. Өзінің көлемді, іргелі ғылыми баяндамасында Жұмабай Шаяхметовтың жастайынан бастап өмірден озғанына дейінгі өмірін архив құжаттарына, естеліктерге, ауызша деректерге сүйене отырып, айтып берді. Баяндамашы Шаяхметовтың жас кадрларды тауып, оларды оқытып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етулеріне ықпал жасап, қолдау көрсеткенін айтты. Мәселен мұндай жастардың ішінде Қ.Сәтбаев, Д.Қонаев,  т.б. бүгінгі таңда тек Қазақстанда ғана емес, әлемге есімдері әйгілі тұлғалар бар.

ҚР Презиеднті архивінің «Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасы» басшысының міндетін атқарушы М.Т. Жылгелдинов «Ж. Шаяхметов. 1938-1955 жж. Құжаттар және материалдар» жинағы туралы» баяндама жасады. Сөз басында ҚР Президенті архивінің қызметімен, қорларда сақталған құжаттар бірліктерімен таныстырып өтті. Сонымен қатар архив құжаттары негізінде Ж. Шаяхметовтың қызметіне арналған архив құжаттарының жинағын даярлау жұмыстарының барысына тоқталды. Осы жинақты құрастырып, оны жариялауды келесі жылға жоспарланып отырғандығын мәлімдеді.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының БҒҚ, т.ғ.д. А.У. Тоқтабай «Жұмабай Шаяхметов жайындағы ел аузындағы кейбір естеліктер» тақырыбында ауызша тарих бағыты бойынша ауыл ақсақалдарынан, көне көз қариялардан жинаған ауызекі деректерімен бөлісті.

Сондай-ақ, келген қонақтар да өз естеліктерімен бөлісіп, Шаяхметовтың өмірінен сыр шертті. Мысалы, Ж. Ташеневтің жұбайы Фатима Садыковна Ташенева,  К.Ш. Хафизова, т.б. сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел жұмысына белгілі ғалымдар, атақты мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, Ж.Ш. Шаяхметовтың ұрпақтары, этно-мәдени орталықтар мен ҚХА өкілдері, магистранттар мен докторанттар, БАҚ өкілдері қатысты.