Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Тәуелсіздік – басты құндылық»


2018 ж. 13 желтоқсанда «Ғылым ордасының» конференц-залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған  «Тәуелсіздік – басты құндылық» деп аталатын алқалы іс-шара өтті. Отырыс барысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2018 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2019 жылғы міндеттері туралы және «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында жарық көрген З.Е. Қабылдиновтың «Султанмамет: государственный деятель, дипломат и батыр» және «History of Astana»  кітаптарының тұсаукесері жасалып, қатысқандарға кітаптар таратылды. Іс-шара отырысына Астана, Атырау, Шымкент, Алматы және тағы басқа қалалардың жоғарғы оқу орындары (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚызМПУ, АЭБУ және т.б) мен ғылыми зерттеу мекемелерінін ғалымдары, оқытушы-профессорлары, докторантар мен магистранттары, «Атамұра» корпорациясының басшысы мен қызметкерлері, Ардагерлер өкілдері, қала мекемелерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың өкілдері, белгілі қорлардың төрағалары, көрнекті қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер, институт қызметкерлері және тағы басқа тарихқа жанашыр азаматтар қатысты.

З.Е. Қабылдиновтың Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2018 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2019 жылғы міндеттері туралы жасаған есептік баяндамасы нақты фактілер мен құжаттық деректер арқылы электрондық құралдар көмегімен көпшілік қауымға таныстырылып, пікір білдірушілер тарапынан жоғары бағаға ие болды. Мысалы, жарыс сөзге шыққан ҚР Президенті Архивінің директоры Әбдіқадырова Жәмила Үсіпжанқызы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы жаңа міндеттерді жүзеге асыру барысындағы ҚР Президенті Архиві мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты арасындағы ынтымақтастық туралы баяндап, З.Е. Қабылдиновтың есебін  зор ықыласпен тыңдап, институттың бір жылда жеткен жетістіктерінің өте ауқымды екендігіне көз жеткізгендігін атап өтті.

Институт жетістіктерінің көрінісі ретінде отырыс барысында директордың орынбасары Ә.К. Шашаев мемлекеттік марапаттауларға тоқталып, институттың Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., А.У. Тоқтабайға Ғылым комитетінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне  орай «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Алғысын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Шамшиденова Факия Мешведеновнаға беру туралы және  тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдиновтың мемлекеттік стипендия иегері атануы туралы бұйрығымен көпшілікті таныстырып, салтанатты түрде табыстады, сонымен қатар Институт Ғылыми кеңесінің шешімімен көп жылғы еңбегі мен ғылыми жетістіктері үшін т.ғ.к., Жетекші ғылыми қызметкер Әлімғазы Дәулетхан Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Құрметті профессоры» атағына ие болғанын жария етті. Келесі құттықтау сөзін алған директордың ғылым жөніндегі орынбасары С.М. Борбасов Бірінші Президент қорының бас жүлдегері ретінде институттың «Жас ғалымдар кеңесі» марапатталғаны туралы айта келе, жас буын тарихшылардың ғылыми дәстүрді үзбей келе жатқанына мақтанышпен тоқталды.  Институт директоры З.Е. Қабылдинов «Институттың үздік жас тарихшысы» байқауының қорытындысын жариялап, жеңімпаз болып аталған Н.Н. Құрманалинаны төс белгімен және демалыс орнына берілетін сертификатпен марапаттады.

Белгілі ғалымдар, қайраткерлер: Б.Е. Көмеков, Б.Н. Әбішова, К.Ш. Хафизова, Б. Тұрсынбаев, Қ-М.Р. Абрарұлы, Р.Р. Шаяхметов  З.Е. Қабылдиновтың «Султанмамет: государственный деятель, дипломат и батыр» және «History of Astana» кітаптарының тұсауын кесіп, институт ұжымы мен басшылығына жылы лебіздерін жеткізді.